Sport

Оқытушылар ойлап тапқан «Үшбас» ойыны

«Рухы еркін халық қана – ұлы істерді атқара алады!» дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында атқарылған шаруалар мен тындырымды тірліктер өз нәтижесін беруде. Мәселен, бағзыдан бүгінге мұра болып жеткен ұлттық ойындарымыз бен салт-дәстүрлеріміздің қайта жандануы көңіл қуантуда. Кемел елдің келешегі үшін оқытушылар да орасан ізденіс үстінде. Солардың бірі Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ұстаздары – доцент, аймақтық менеджмент академиясының қауымдастырылған профессоры Бекболат Аманжолұлы, доцент, филология ғылымдарының кандидаты Жамбыл Елемесұлы, аға оқытушы, педагогика ғылымдарының магистрі Дархан Ізтілеуұлы жақында ғана жаңа ойын түрін ойлап тапты. Спорттық ойын «Үшбас» деп аталады. Жерлестеріміздің жағымды жаңалығын естіп, жаңғырған жаңа ойын түрін көруге біз де асықтық.

Бір қарағанда бильярдтың тақтасына ұқсас «Үшбас» спорттық асық ойынын ойыншылар арнайы жасалған үстел үстінде ойнайды. Шахмат тақтасы сияқты жиналмалы үстел екі бөлікті (1х1 м) қосылған үстелдің ортасы шаңырақ суреті мен төрт бұрышында қазақы ою-өрнектері бар матамен көркемделіп, оның шетіне тор орналастырылған. Тақтаның біріккен жеріне, яғни орта тұсына 12 асық тігіледі. Кәдімгі асық ойынындағыдай қаз-қатар тізілген 12 асыққа қазақ халқының жыл қайыру күнтізбесіндегі тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз тұрпатты жануарлардың бастары бейнеленген. Ал, тор – атылған асық түсетін жер болып есептеледі. Ол асықтың шашылмай бір жерде жиналуына байланысты жасалған қақпа екен. Ойынның жалпы ережесі жөнінде Бекболат Аманжолұлы айтып берді.
– Көнге 12 асық алшы немесе тәйке түрінде бір қатарға тігіледі. Ойынды бастаушы өріс сызығын сол немесе оң аяғымен басып тұрып, қолындағы сақасымен көндегі асықтарды атады. Ойыншының ойында 3 атыс кезегімен асықтар торға түсуі керек, ал сақаның қайда, қалай жатуы міндетті емес. Тек асықтың торға түсуі есепке алынады. Ал, ойынды бастаушы ешқандай асықты торға түсіре алмаса, екінші ойыншыға кезек беріледі.
Ойында 3 атыс кезегімен атылған асық үстел үстінде қалса, сол жерінде ереже бойынша сақталады, ал асық жерге түсіп кеткен жағдайда үстелдің оң немесе сол қақпаның көнге жақын бұрышында арнайы орналасқан айып алаңына бүк күйінде қойылады. Ойыншы көндегі немесе айып алаңындағы асықтың қайсы бірін ататынын өзі таңдап алады, анығы өзі шешім қабылдайды. Егер алаң сызығының ішінде асық тор алдына тұрып қалса, онда асық сол жерде сақталады. Ал, тор алдында алаң сызығының сыртында болса, көнге қайта тігіледі. Сондай-ақ, асық алаң сызығының оң және сол жақ сыртында болған жағдайда ол қайтадан айып алаңына өз ережесімен қойылады. Ереже бойынша ойын үстел үстіндегі 12 асық біткенше ойнала береді, – дейді ол.
Бұл ойынды жас ерекшеліктеріне қарай екі немесе келісім бойынша жұп, топ болып ойнауға болады. «Үшбас» ережесі барлық ойыншыларға бірдей, жоғарыда аталған ретте жүргізіледі. Ойын соңында қай ойыншының асығы көп болса, сол жеңімпаз болмақ. Бір жағынан мұны бала күнімізде жата-жастанып жер сыза кетіп ойнайтын «Үштабан», «Шеңбер» сынды асық ойындарының заманауи үлгідегі ықшамды әрі ыңғайлы түрі деуге келетіндей. Жоба авторлары «Үшбас» тек асық ойыны дағдыларын меңгертіп қана қоймай, ұрпақтың өзін-өзі дамытуына оң септігін тигізеді деген ойда.

Елдар БОРАНБЕК

ПІКІР