Ол көктем оралмайды немесе жар рухымен сырласу

0 19

Өмір бірде адамға шексіз қуаныш пен бітпейтіндей бақыт сыйлайды екен. Ал бірде тұңғиыққа батырып жіберердей қайғысын дайындап қояды. Пендеміз ғой, бақытты күндер басымызға мәңгі тұрақтағандай, ешқашан қайғы бұлты аспанды торламайтындай күй кешеміз. Өмір шахмат тақтасындай ақ пен қара жолдан тұратынын кеш түсінеді екенсің. Әттең дүние…

Осыдан он бес жыл бұрын…
Қыстай даланы ақ мамыққа орап жатқан қар кетіп, көктем келген наурыз айының алғашқы күндері болатын. Осындай жаймашуақ кезде кешкілік телефон үні бір түрлі жағымды әуендей естілді.
– Алло!
– Алло! Сәлеметсіз бе? Мерекені бола ма екен? – деген керемет дауыс иесінің жағымды үні естілді.
– Иә. Бұл кім?
– Сізбен танысуға болады ма?
– Атымды айтып тұрсыз ғой? Мені қайдан танисыз? Сіз кімсіз?
– Кеш мазаласам айып етпеңіз! Менің есімім Досымжан болады. Сізбен жақынырақ таныссам деп едім…
Осылай «сіз-біз» десіп танысқан екеу 10 минутқа жетпей телефон тұтқасын орнына қойды. Дауысы өте жағымды, сыпайы, оқыған азамат екені сөзінен білініп тұрды.
Арада 2-3 күн өткенде Шолпан әпкемнің кабинетіне барып қалдым. Қажетті қағаздарымды көшірме жасап жатқанымда есік ашылып, Гүлбақыт әпкейдің (бізге дәріс беретін мұғалім) «Қайным отыра тұрсыншы, мен қазір келемін» деген дауысы естілді. Мән бермедім. «Сәлеметсіздер ме?» деген сөзі құлағыма біртүрлі таныс дауыс, жалт қарасам қараторы келген, адамға тіке қарайтын, орта бойлы жігіт орындыққа отыра берді. Бойы менен аласа екен.
– Өткен күні менімен сөйлескен кісі сіз бе?
– Иә, сәлеметсіз бе? Есімім Досымжан болады!
– Сау болыңыз! Менің сабағым басталды, – деп кабинеттен атып шықтым.
Сөйтсем, бұл жігіт өзіме дәріс беретін Гүлбақыт әпкейіміздің қайнысы болып шықты. Өз әпкем екеуі бір жерде қызмет жасап отырып, екеуімізді таныстырып көруді келіскен екен.
Күндер өтіп жатты. 3-4 күнде телефон шалып тұрады. Халімді, сабағымды сұрайды. Өзінің мұғалім болып қызмет істейтінін, ауылда ата-анасы, бауырларымен тұратынын айтатын. Бірақ көп уақыт сөйлеспеуге тырысатынмын, ары кетсе 20 минуттай уақытта «сау болыңыз, сабағымды дайындауым қажет» дейтінмін. Әрі әпке-жездеммен бірге тұрамын, телефонда ұзақ сөйлескенді үлкендерден ұят көремін. «Кездесіп, бетбе-бет сөйлесейік» деген өтінішіне көп сылтау айтып, қашатынмын. Бірақ телефон соқпаса біртүрлі күтетін болдым. Дауысы өте жағымды, сөйлеген сөзінен тектіліктің, көрегенділік пен тәрбиеліліктің лебі, артық ауыз сөзге бармайтын жан екені білініп тұратын.
Содан бір күні хабарласқан ол: «Сізбен көзбе-көз кездессем деймін, мүмкіндігіңіз болса, ертең сізді сағат 11.30-да орталық саябақтың аялдамасында күтемін», деді. Ендігі сылтауымның ұят екенін біліп, сабақ арасында ұстаздан сұранып, аялдамадан түссем, тағы бір жігітпен күтіп тұр. Біртүрлі қорқып та кеттім, бірақ ішкі сырым «жаман адам емес, қорықпа» дегендей тәуекел етіп, ақырын жандарына жақындадым.
– Сәлеметсіз бе?
– Сәлеметсіздер ме?
– Жан жолдасым Шалқар болады, – деп таныстырды.
«Жігітті жолдасынан таны» демекші жолдасы да жаман адамға ұқсамады. Әдемі әзілкештігі де бар секілді. Жолдасы көп тұрмай бізбен сыпайы ғана қоштасып, автобусқа мініп кетті.
Екеуміз саябақтың ішінде 1 сағаттай аралап жүрдік. «Бойыңыз менен биік екен, мейлі бойда тұрған ештеңе жоқ, адамның ақылы мен адамгершілігі, қарапайымдылығы бірдей болса – болды» деп қалжыңдап қояды. Өзі туралы, өткен өмірі жайлы біраз мәліметтер айтты. Мен туралы біраз мағлұматтарды жеңгесі арқылы білетінін айта келіп:
– Білесіз бе, маған биыл үйлену керек, ата-анаммен қарашаңырақта қалатын адаммын. Өзіме ауылдан шыққан қарапайым, ауыл өмірін білетін ару іздеп жүрмін. Сіздің ауылда кемпір-шалдың қолында өскеніңіз, әке-шешеңіз мал шаруашылығымен айналысатын жандар екенін, сонда жиі болатыныңызды білдім. Іздеген аруым сіз секілдісіз. Рұқсат етсеңіз, бір-бірімізбен жақыннан танысып, білсек. Мүмкін ойымыз бен көңіліміз, сөзіміз бір жерден шығып қалар, – дегенде, не айтарымды білмей қалдым. Менде қазіргі уақытта тұрмыс құрамын деген ой мүлде жоқ, қалаға арман қуып келгенмін. Оқуымды бітіріп, «Мұғалім» деген ардақты атқа ие болам деген ой ғана менікі.
Үйге ертерек қайтуды ойладым. Апам марқұм жиі айтып отыратын: «Қыз деген көп қыдырмайды, қатты күлмейді, өзін әрқашан биік ұстауы қажет, «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді», артыңдағы бауырларың саған қарап өседі, аяғыңды аңдап бас, қала деген еркіндік емес, қандай жерден шыққаныңды естен шығарма!» – деп. Сол қағида сөзі көкірегімде мәңгі бекіп қалған. Әрі сабақтың да бітетін уақыты болды, үйдегілер де мені іздеп, алаңдап қалар деп ойладым. Сөзімді бірден ұғып, үйге таксимен әкеліп тастады. Бір-бірімізге жақындамай, алыстан сөйлесетін едік.
Арада ай өтті. Сәуір айының 7-сі күні, кешке телефон дауысы ұзақ шырылдады. Тұтқаны көтерген сіңлім:
– Мереке, сені сұрайды, «Досымжанмын» дейді, – деп тұтқаны маған ұстатты.
Телефонды алсам:
– Сәлеметсіз бе? Қалыңыз қалай? Мен сіздің көшеңізге келіп тұрмын, жарты сағатқа шығып кетіңізші, өтініш, – дегені. Үйдегілерге не айтамын, қалай, не деп сұранамын?.. Әрең дегенде әпкемнен сұранып, «Жарты сағатта үйде отыратын бол!» дегенімен шықтым. Сыртта көктемнің жылы жаңбыры нөсерлетіп жауып тұр, қандай керемет түн! Үй алдында көлігімен келіп тұр екен. Көре сала машинасынан түсіп, алдыңғы есігін ашып отырғызып:
– Кеш мазалағаным үшін кешіріңіз, сізді бір көрсем дедім. Бүгін туған інімнің үйлену тойы мен құдалығын өткізіп, барлық бауырларымды үйлеріне апарып келе жатқан бетім. Бүгінгі тойда жалғыз боп жүрудің біртүрлі қиын екенін ұқтым. Сіз жайында көп ойладым. Сөйлесіп жүргенімізге де біршама уақыт болды. Бір-біріміздің сырларымыз жайлы білістік. Рұқсат етсеңіз, менің жарым болуыңызды өтінемін! – деп салғанда не айтарымды білмей:
– Не, не дейсіз? Менің оқуым бар, жасым небәрі 19-да, сөйлесіп, танысқанымызға 1-ақ ай болды. Білмеймін, айта алмаймын…
– Мен сізге бүгін жауап беріңіз деп тұрғаным жоқ, ойланыңыз. Мен биылдан қалмай үйленуім қажет. Сізбен тіл табысып, жақсы отбасы болатын секілдімін, сөзіміз бен ісіміз бір жерден шығатын секілді. Жүрегім солай дейді. Түсінесіз бе?..
Сол күннен бастап көп ойланатын болдым. Не істеймін, жүрегім не дейді? Арамызда ел айтатын күйіп-жанатын махаббат, «жақсы көрем, сүйем, күйем» дейтін албырт сезім жоқ. Өзінің сөзінен білімді, ісінен тәрбиелі екені, темекі шекпейтіні, ішімдікпен әуесі жоқ, киімінен қыр кетпей жүрісінің өзі өмірге нақты басатыны байқалады. Әр айтқан сөзінен өз әкемнің сөзін естігендей боламын. Әкеммен сырласып отырғандай сезінемін, артық әрекетке бармайтын өте байсалдылығы мені өзіне тарта берді. Жүрегім «Мереке тәуекел де! «Нағыз жігіттің түсі – сұсты, мінезі – салмақты болады» деген нақыл сөзді қайталай берді. Екіншіден, «Оқуыңды қайтесің, ата-анам мені оқы деп жібергенде жарты жолда тұрмысқа шығып кетсем не болады? Болашағым қалай болар екен? Танысып-біліскеніме небәрі екі айдай ғана уақыт өтті» деген күмәнді ойда болдым.
Бірақ Досымжанның: «Үйленсек, оқуыңды тастатпай оқытамын, жұмысқа да тұрғызамын, одан еш қам жеме, үйде отырғызып қор қылмаймын!» деген сөзі тағы бар.
Мамыр айының басында туған күніммен құттықтап келіп тұрып:
– Мереке, не ойланып шештіңіз. Уақыт өтіп жатыр, сізді нақты шешім қабылдады деп ойлаймын. «Иә» десеңіз, қуанамын, «Жоқ» десеңіз, ренжімеймін. Сізден жүрегіме жақын жауап аламын деген сезімдемін!» – дегенінде ұсынысынан бас тартсам, осы жаннан айырылып қалам ба деген қорқыныш болды. Арада соншалықты жақсы көретіндей сезім болмаса да біртүрлі бауыр басып қалғандаймын, телефонмен хабарласпаса біртүрлі елеңдеп отырамын, бетпе-бет көруден қашамын. Бұл қандай сезім?! Түсініксіз бір әлем!..
Ұлылардың: «Жарыңның жан дүниесінің қарапайымдылығы – бақыттың баянды болуына негізгі күш» деген қағиданы ұстанып, не бағым, не сорым болар деген нар тәуекелмен «Иә» деп жауап бердім.
– Ризамын сізге, мына өмірде сізді жылатпай, аялап өтуге уәде беремін, –дегенде, жүрегім ерекше соғып кетті.
Балалығым ба екен, әлде ата-әженің қолында өскендіктен бе (анамды Айгүл жише, әкемді папа деп атадық) көп ұзамай мал шаруашылығындағы әке-шешемнен рұқсат сұрауға бардым. (Бүгінде өткен сол күндерді ойласам, өз-өзімнен ұяламын, қайран балалық!)
Жаңалығымды естігенде шешемнің түрі бұзылып кетті:
– Небәрі 19 жаста ғанасың, не басыңа күн туды? Сендер қиналмай оқысын, өмірдің жақсысын көрсін деп біз мұнда жанталасып жүрміз, әлде құрып қалдың ба? – деп түпкі ойын да жасырмастан айтып салды.
– Жоқ, Айгүл жише, қайдағы құрып қалған, ол менің әлі саусағымның ұшынан да ұстаған жоқ. Арамыз 11 жас. Бірақ жүрегім сол адамды қалайтын секілді. Себебі ол жігітпен сөйлескенде папаммен сөйлесіп, жанында жүргендей боламын, екеуі өте ұқсас. Мені қор қылмай, бақытты етемін деді, бары сол ғана, – дедім. Анам түнде папама айтып, әкем де:
– Жыламай, бақытты болсаң рұқсатымды беремін. Қызым өзім бақытты болам деме, баратын жеріңді бақытты етем деп бар! Тек өз абыройыңмен, қазақтың салтымен құда түсіп, сырға салып, ұзатылатын боласың, – деп ризашылығын берді.
Екі орта ақылдасып, небәрі маусым айының екінші жұлдызында екі жақта кішігірім қыз ұзату, келін түсіру тойымыз болатыны шешілді. Осындай жанұялы болатынымыз келісілсе де кездескенде қол алысып, амандасудан арыға бармайтынбыз. Алыс отырып, «сіз-біз» деген шынайы сөздермен ғана сырласатынбыз. Үйленіп, табалдырығын аттаған күнге дейін шекарамыз берік болатын.
Келін болу, танымайтын өзге қарашаңырақтың босағасын аттау, бөтен жер, өзге адамдар… Осындай кезеңде жаныңнан табылып, қамқор болар жан кім? Әрине, жарың. Табалдырық аттаған күннен бастап Досымжанның бойындағы мен біле бермейтін тектілік қасиеттерді көріп, біле бастадым. Оның отбасындағы беделі, ата-анасына, бауырларына деген ерекше бауырмалдығы мен мейірімділігі, үлкенмен де, кішімен де қатар құрбысы секілді тіл табысқыш қасиетін, өтініш білдіргендерге еш уақытта «жоқ» немесе «қолымнан келмейді» деп айтпайтынын көрдім. Үлкен қарашаңырақта тұру да оңай іс емес. Ата-енем бар, көпбалалы отбасы. Келімді-кетімді кісілер жетерлік. Сондай кездерде білмейтінімді жанымда жүріп үйретеді, істей алмайтын шала істерімді білдірмей өзі жасап жіберіп, менің әрқашан қолдаушым болып отырды. Күндіз-түні жас балаша мені еркелетіп, бар жүрегіндегі жылы сөзін айтқанда, тағдырыма іштей разылығымды шексіз айта бастадым. Сол сәттерден бастап өзімнің тағдырыма қатысты дұрыс шешім қабылдағанымды ұқтым. Досымжансыз басқа адаммен тұра алмайтынымды, тіпті Досымжансыз басқа өмірді елестете алмайтынымды, яғни біз бір-біріміз үшін жаралған жандар екенімізді шын сезіндім.
Досымым бар уәдесінде тұрды. Оқуымды сырттай бөлімге ауыстырды, 2-3 айда мектепке жұмысқа орналастырды. Екеуміз жұмысқа қол ұстасып бірге барып, бірге қайтатынбыз. Қайда барса да жанынан тастамай алып жүрді.
Аллаға шүкір, арамызда сәбилеріміз дүниеге келіп жатты. Тіпті әкелік мейірімділігінің, балажандылығының шексіздігі балаларымыздың бірі ауырып қалса, түнімен «Сен демал, азанда басқа тірліктерің жетеді, мен қараймын» деп басқа бөлмеге алып барып, өзі қарайтын. (Қазір бұндай әкелер санаулы ғана).
Осылай бақытты отбасылық шақтарымыз, әр күндеріміз қуанышқа толы болып өтіп жатты.
Өмір – жалған! Барлық сәттеріміз дәл осылай болмайды екен…
Бір қуаныштың бір қайғысы барын қайдан білейін. Өмір мәңгі тек осындай сәттерден тұрады деп ойлағаным қате екен. Мезгілсіз келген дерт жанымнан, отбасыңнан сені мәңгіге алып кетеді деп, сенен мәңгіге көз жазып қалам деп ойламаған екенмін. Аурухананың жансақтау бөлімінде жатқаныңда да Алла сені көз алдымда алып кетеді, мәңгіге сенен айырыламын деп ойлаппын ба? Қолымнан ұстап тұрып: «Жаным, сендей әйелімнің болғанына ризамын, балалар саған аманат!» деп айтып үлгердің, сол мезетте жүрегіңнің соғысын көрсетіп тұрған аппараттың да дыбысы тоқтай бастады. Сол бейнең көз алдымда сурет болып мәңгі қалды. Ой, Алла-ай, менің де жүрегім қарс айырыла берді… Өмір дегенің осындай болады екен. Бір сәт. Бір мезет. Қас қағым ғана уақыт бүкіл өмірімді өзгертті.
Жаным менің, сенімен өткен 14 жылдың, яғни ендігі өмірімнің аяғына шейін жететін бақытты күндердің естелігімен мәңгі жадымда өмір сүресің.
«Әйелдің қасиеттілігі – төзімділігінде» дейді. Аманатыңды орындау үшін бәріне шыдап, төзуім, көнуім керек екенін ұқтым. Ұрпағымызды өзің бардағыдай етіп, жылатпай өсіруім қажет екенін ұқтым.
Ендігі бар арманым – Алла Тағалам асыл, адал жарым Досымжаныма мәңгі мекенін жұмақтың төрінен берсе деп күні-түні дұға етем. Кезінде қателеспей, дұрыс шешім қабылдатқан Аллаға ризамын. Досымжандай азаматпен бас қосып, ұрпақ сүйгізген Жаратушыма ризамын.
Сөз соңында айтарым, айналайын әпкелер, жеңгелер, құрбыларым, сіңлілерім, барша қазақ аруы! Құрған шаңырақтарыңа тіреу болатын азаматтарыңды адаспай тауып, онымен өмірдің қуанышы мен қайғысында бір-біріңе сүйеу болып, бақытты ғұмыр кешіңдер! Өмір – жалған. Қай уақытта өтіп кетерін сезбей қалуың да мүмкін. «Әйел қанша мықты болғанымен, «еркектің қабырғасынан жаралғанын» ұмытпаңдар! Бар адамзат бақытты болуға лайық!

Мереке ӨмІрзаҚова,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Байзақ ауданы, Кеңес ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.