Sport

Ол оралды…

Written by Aray2005

Енді Головкин-Канело трилогиясын көре аламыз ба?

Марқай, қазақ! Мемлекет мақтанышы Геннадий Головкин кәсіпқой бокс шаршы алаңына сенімді түрде қайта оралды. Отандасымыз АҚШ-тың «Madison Square Garden» спорт аренасында канадалық Стив Роллсты төртінші раундта нокаутқа жіберді. Осылайша Гена үлкен бокста соңғы сөзін әлі айтпағанын төрткүл әлемге дәлелдеді.

Жалпы, бұл жекпе-жекті қазақстандықтар ғана емес, әлемнің спорт мамандары да асыға күткені анық. Себебі бұл «бой» Головкин үшін тағдыршешті айқас еді. Спорттық мансабында мексикалық боксшы Сауль Канело Альварестен тұңғыш рет жеңіліс тапқаннан кейін бірқатар бокс мамандары «Генаның дәуірі аяқталды, келесі қарсыластарын бұдан кейін жеңе алмайды» дегендей пікірлер айтқан болатын. Бапкерін ауыстырғанда да отандасымыздың тарапына аз сөздер айтылған жоқ. Сондықтан осы жекпе-жек барлық күмәнді сейілтуі керек еді. Осыны Головкин де жіті түсінгені айқын.

Жекпе-жек алдында дәл осы шаршы алаңда бір апта бұрын аса ауыр салмақтағы «атағынан ат үркетін» британиялық боксшы Энтони Джошуаны жеңіп кеткен мексикалық Энди Руистің киім ауыстырған бөлмесіне Роллс ырымдап кіріп, ниет еткен. Бұл жайтты батыстық басылымдар іліп алып кетіп, «Головкин бүгін Джошуа сияқты жеңіліс тауып, бір жеті бұрынғы сценарий қайталанады» дегендей болжамдар айтқан. Алайда Гена сәуегейлер мен бокс мамандарының барлығының аузына құм құйды.
Жекпе-жекті тарқатып айтсақ, алғашқы минуттарда екі боксшы да бір-бірінің жүрісін аңдып бақты. Екінші раундта Головкин аздап артқа шегініс жасап, қарсыласының әрекетін байқады. Үшінші раундта канадалық боксшының шамасы белгілі болып, отандасымыз соққыларын үсті-үстіне үдете түсті. Осындай сериялық соққылар төртінші раундта өз нәтижесін беріп, жақтан тиген ауыр соққыдан Роллс еденге етпетінен сұлап түсті. Терең ұйқыға жіберген мұндай нокауттан Стив тіпті орнынан көтеріле алмады. Осылайша Головкин карьерасындағы 39-жеңісіне қол жеткізіп, кәсіпқой бокстың алыбы екенін тағы бір мәрте танытты.
Бұл «бойда» ешқандай белбеу сарапқа салынбағанымен Гена үшін жеңіске жетудің маңызы зор еді. Осыған батыр ұлымыз қол жеткізді. Одан бөлек жарнама мен телетүсірілімнен түскен табысы 15 миллион долларды құрады. Стив 300 мың доллар қаржыға кенелді. Бұл оның спорттық мансабында иеленген ең қомақты гонорары.
Тағы бір қуанышты хабар, бұл бокс кешінде отандасымыз Әли Ахмедов американдық Маркус МакДэниэлмен жұдырықтасып, үшінші раундта қарсыласын нокаутқа жіберді. Осылайша мұхиттың арғы бетінде жүрген тағы бір саңлағымыз қазақтың күрзі жұдырығын танытып, абыройымызды асқақтатты.
Әрине, осы жеңісінен кейін «Головкин мен Канело арасындағы үшінші жекпе-жек бола ма?» деген сауал көптің көкейінде тұрғаны анық. Гена бұл айқасқа қарсы емес екенін бұрындары-ақ айтып қойған. Алайда Канелоның командасы бұған нақты жауап қатпады. Бокс сарапшыларының болжауынша, Головкин-Альварес трилогиясы келесі жылы өтуі мүмкін екен. «Көп қаржы түсіру үшін үшінші жекпе-жектің уақыты созыла беретін болады. Бұл маркетингтік әрекет. Канелоның командасы оны жақсы біледі. Сондықтан биыл трилогияның куәсі болмаймыз. Алыптардың үшінші айқасы келер жылы өтіп қалуы мүмкін» дейді мамандар.
Бұл ғасыр жекпе-жегі болатыны анық. Ал отандасымыз жыл соңына дейін тағы екі кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Осы «бойларда» да биіктен көрінсе, Альварес реванштан қашып құтылмас. Сондықтан Генаның жеңісті жорығы жалғаса берсін деп тілейміз.
Қазақтың майдайына біткен «алтын ұлын»
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің твиттердегі парақшасында: «Еліміздің мақтанышы Геннадий Головкин кезекті сенімді жеңісімен қазақстандықтарды қуантып, тағы да өзінің жігерлі рухы мен шеберлігін көрсетті! Жарайсың, Гена! Қазақстандықтар әрқашан сені мақтан етеді! Жеңіс құтты болсын!» деп жазды.
Әрине, ел үшін туған ердің ерлігі қандай мақтауға да лайық. Жарайсың, Гена! Жеңісің тағы құтты болсын! Алға, қазақ боксы! Алға, Қазақстан!

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР