"Шабыт"

Өлең бейнелі болсын

Written by Aray2005

Өкім Жайлауовтың қазіргі ақындық беталысын оның жақында жарық көрген «Шопан дауысы» жинағынан аңғаруға болады. Ақын тек жас жағынан ғана емес, творчестволық тұрғыдан үздіксіз өсуге тиіс. Жинақ туралы ойымызды осы бағытта өрбітпекпіз.

Өлеңнің өмірге келуіндегі негізгі факторлардың бірі көңіл күйі екендігі белгілі. Өкімнің бұл жинағындағы көп өлеңдері – сол ақындық көңіл күйінің жемісі. Ол адалдықты ұнатады, бәріне де оң тілекпен, сеніммен, үмітпен қарайды. Жинақ осы жағымен де өзіне назар аудартады. Әр жүйрік өз әлінше шабады. Өкім де әлінше түйсінуі мен сезінуін, ойлануы мен пайымдауын өлеңге талшық етуге тырысады.
Мәселен, «Дала сыры» өлеңінде:
Сар далада сарылып сапқа тұрды,
Саясы жоқ сағымның ормандары.
Жалаңаштап кеудесін отқа кірді,
Сансыз рет адамның армандары, –
деп толғанады ол. Мұнда ақын туған даласының өткенін өз тұрғысынан бағалайды.
Ақындар өз басындағыны айту арқылы басқалардың да сезімін оятады. Ойдың отын үрлеп тұтатады. Бұл – ақындарды өзгелерден ерекшелейтін қасиет. Өкім де осылай етеді.
Дүниеден біреу кетіп, біреу қалып,
Уақыт-кітап бетін тұр аударып.
Қытымыр қыс ызғары кәріліктің,
Қоныпты-ау қабағыңа қырауланып.
Оның «Әке» деген өлеңінде қарт кісі жайын осылай сезінуі басқалар үшін де жат емес.
Жинақтағы өлеңдерінің көпшілігі табиғат көрінісін, жыл мезгілін суреттеуге арналған. «Көктем сыйы», «Айлы түн», «Май самалы», «Апрель», «Алғашқы қар», «Таң сәріде», «Қыс күні», «Судағы сурет», «Күзгі бақ», «Жұлдыздар» тәрізді өлеңдер мұнда таразыны басып тұр. Автор тағы бір топ өлеңдерінде өзі барған, көрген, аралаған, тұрған жерлерін, алған әсерін жыр жолына түсірген. Мысалы: «Мойынқұмда», «Үшаралға барғанда», «Сапарда», «Бурыл тау», «Аталықтың алабы» тағы басқа.
Бір жақсысы ақын қандай тақырыптағы өлеңдерінде болмасын өзіндік ерекшелігін тиісті дәрежеде танытып отырады. Оның өлеңдеріне көбіне өмір жайлы ой, толғаныстарды, жеке құбылыстан астарлы мағына табу қабілетін аңғарамыз.
Ақын бейнелі суреттер жасауға ұмтылады. Поэзияның жаны образ екенін жақсы ұғынғанын байқатады. Тағы бір тәуір қасиеті – оның өлеңдерінен халықтың бай тілі мен тапқыр теңеу, метафораларын жиі кездестіреміз. Халықтың тілінің асыл қазынасын осы заманғы поэтикалық шеберлік тұрғысынан пайдаланып, жырды жинақы құрады. Кей өлеңдерінің дидактика сарынына көбірек түсіп кететінін ескерте отырып, дегенмен ақындық стильді қалыптастыру, азаматтық әуенге, замана пафосына неғұрлым жігерлі ұмтылу жағынан Өкімнің бұрынғы жинақтарындағы дәрежесінен едәуір ілгерілегендігін атап айтқан жөн.

Сағат Әшімбаев,
«Қазақ әдебиеті» газеті,
17 тамыз, 1968 жыл

ПІКІР