Өлең сөздің дүлділі

0 119

Қазақ халқына мол мұра қалдырған сөз зергерлеріміз жетерлік. Әсіресе ел тарихында мәңгі қалған, яғни ғасырлармен қанаттасып, дәуірлермен үндесіп, заманымен тілдесіп келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің дүлдүлдері аз емес. Солардың бірі де бірегейі – Жамбыл Жабаев.

Жамбыл Жетісудың төрінде жыр тұнып, дәуірлеп тұрған шағында дүниеге келген. Өйткені бұл өңірде Сүйінбай, Майкөт, Бақтыбай, Құлмамбет, Дәурен сал, Қылышбай, Тілеміс, Бармақ, Қарқабат, Әлмейін, Төребай, Өзбек, Нұралы, Мырзабай, Сауытбек, Орақбай, Кенен, Үмбетәлі секілді ақындар, Кебекбай, Ноғайбай, Бөлтірік тәрізді шешендер және Ұлбике, Өзипа, Қырмызы, Сара, Мәйке, Әлмен, Айкүміс, Ләтипа, Баян, Жаңылдық секілді айтулы ақын қыздардың өнері қанат қаққан.
Ақын Жамбылдың жастық шағы жұрттың арқасынан таяқ, төбесінен тоқпақ кетпеген, бір жағынан орыс, бір жағынан қоқан қысқан заманмен тұспа-тұс келген. Әсіресе Қоқан ханы Құдиярдың Жетісу еліне салған жорығы аз болмаған. Оның датқалары елді жаялыққа айналдырып, аузына қақпақ, басына тоқпақ болған. Опасыз шапқыншылықтан әбден ерқашты болып титықтаған қалың жұрт жөңкіп көше берген. Азалы шапқыншылықтан ығысып, үдере көшкен сондай бір боранды қыста шешесі Ұлдан ана көш жөнекей түйе үстінде толғатып, болашақ ақынның қазіргі Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының баурайында ызыңдаған ықтырма күркеде дүниеге келгенінің өзі бір тарих.
Ұлы жүз Шапыраштының ішіндегі Екей Ыстыбай батырдың баласы Жапаның ұлы болып туылып, исі қазақтың дана жыршысы, ұлы ақыны атанып, тоқсан тоғыз жасында дүниеден өткен Жамбылдың өмірнамалық тарихын бір шағын ғана мақалаға сыйдыра алмасымыз анық.
Жамбыл жастық шағынан өлең-жырға құштар болып өскен екен. Тіпті ол сонау бала күнінде атақты Бөлтірік шешенге амандасқан. Бөлтірік: «Атың кім балам?» дегенде, «Атым Жамбыл, ата», деп жауап берген. Сонда Бөлтірік шешен оның қолын біраз ұстап тұрып: «Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болады екен. Тентек емес, текті боларсың. Шырғалаңнан сөз келсе, нағыз шырқаушының өзі боларсың түбі. Көзден, тілден, пәледен сақтасын, пешенеңнен жарылқасын, шырағым!», деп бата беріп, басынан сипаған екен.
Бірақ профессор М.Жолдасбеков өз еңбектерінде жыр алыбы Жамбылдың өнер сапарында кедергі-тосқыны аз болмағанын айтады. Сол кедергілердің бірі – әкеден. Мысалы өлеңмен шағым айтқан жас Жамбылға әкесі Жапа: «Екейде елу бақсы, сексен ақын» деген сөз де жетер, сен сексен бірінші болмай-ақ қой. Ақынның түбі – қайыршылық, бақсының түбі – жын. Жын жиып, бақсы болып ел кезгенше, мал бақ!» деп қатал үкім айтқан екен. Алайда өлең-жырды өміріне серік еткен жас таланттың туған әкеден осылай көңілі қалып, тауы шағылғанымен ол өзінің тұла бойын кернеген өлең жолынан қайтпаған. Қаршадай баланың «Өлең кірген түсіне, жөргегінде мен болам» деуі де содан.
Жамбылдың ақындық жолға түсуінің ең әдепкі адымы өзінің алдындағы белгілі ақындардың өлеңдерін, ел аузындағы өлең-жырларды жаттап айтудан басталады. Жас ақын Жетісу елінің ертедегі салтымен бәдік, жарапазанды да көп айтады. Бірақ ол ешқашан дін, шариғат жолын үгіттемей, күлдіргі, әзіл-қалжың, өлеңдерді көбірек шығарған. Бірде ақын жарапазанды сылтауратып әйгілі Сүйінбайдың ауылына келіп, Сүйекеңнің үйінің сыртынан ат үстінде өлеңді ағытып қоя береді. Жамбыл ұзақ жырлайды, Сүйінбай жалықпай тыңдайды. Аттан түсіріп, Сүйінбай талапкерге оң батасын беріп, үстіне шапан жапқан екен.
Осы асқар Алатаудай ұстазының сынынан сүрінбей өткен бақытты күнінен Жамбыл өзін шын ақын санап, жолы да, өрісі де ашылып, тайсалмай топқа түсе бастаған. Оған исі қазаққа белгілі, атақты Құлманбет ақынмен болған алғашқы айтысы дәлел бола алады.
Әрине, ақын өзінің саналы ғұмырында ел басына төнген сан қилы нәубетті кезеңдерді халқымен бірге бастан өткерді. Оған кешегі кеңестік дәуірдің дүбірі дәлел. Алайда сол кездегі социалистік саясаттың күйесін ұлы ақынға да жағып, қаралайтындардың қатары бүгінде көбейіп барады. Олардың сөзіне сенсек, Жамбыл ақын кешегі кеңестік дәуірді мадақтаған, коммунистердің көсемдерін мақтаған болып шығады. Сонда дәлелі мен дерегі жоқ құралақан азаматтарға мұндай пікір қайдан туып жүр? Әлде еріккен жандардың езу көпіртер ермегі ме екен?
Егер Жамбыл бабамыз сарай ақыны болса, онда үлде мен бүлдеге әлдеқашан оранып отырмас па еді?
Өтірікті сүймедім,
Дүние үшін күймедім.
Алтынына біреудің,
Жолда жатса тимедім, – дейді бабамыз.
Және қараңыз, сол заманның небір ірі тұлғалары Жамбылдың ақындығына, адалдығына әділ баға беріп, оның кісілігі мен ұлылығына шын тәнті болған. Қарап тұрсаңыз, Жамбылға өтірік қошемет көрсетіп, жалған сөйлейтін кісілер емес.
Мысалы М.Әуезов Жамбылды «Ақыл-ойдың алғыры» десе, С.Сейфуллин «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды» дейді. Ал Т.Рысқұлов: «Жамбыл қай заманда болса да шындықты айта білді. Сол үшін оны халық жақсы көреді», деп жазды.
Міне, ақиқаты осында. Ол қашан да шындықты айта білгенінде. Демек, Жамбыл Кеңес өкіметі тұсында тек көсемдерді, кеңес заманын дәріптеп, мақтаумен өтті дегендердікі өтірік. Мысалы сол кеңестік билік қазақ байларын тәркілеп жатқан кезде Жамбыл өзінің үлкен өкімет бауырына айтқаны ащы шындық әрі дәл келді. Не деді Жамбыл атамыз?
Шырағым, тауға қарай домаладың,
Байларды кәмпескелеп, тонап алдың.
Байларды кәмпескелеп, тонай берсең,
Кедейдің жеп қаларсың жомалағын,– дегені дәлме-дәл келді. Өйткені, кәмпескенің артынша қолдан әдейі ұйымдастырылған ашаршылықтан халықтың жартысы қырылды. Бұл – тарихи дәлел.
Жамбыл бабамыз ел ардақтаған абыз ақсақал. Кезінде қазақ баспасөзінің баһадүрі Ш.Мұртаза: «Жарықтық Жамбыл жәкеміздің жолбарысы бар екені рас-ау. Оны бұл дүниеден өтерінде өзі де айтқан ғой. Үлкен баласына: «Тезекбай, қамдана бер, менің жолбарысым маған қарамай, тау жаққа кетіп қалды. Кешікпей мен де кететін шығармын», деп еді-ау. Тоқсаннан асқанда Сталинді мақтау керек болды. Жағдай солай еді. Тапсырма солай еді. Мақтауын мақтады. Шын түсінген адамға ол мақтау емес еді», деп жазды өзінің «Бір кем дүниесінде».
Ал бұрынғы Әулиеата жері Жамбыл болып өзгергеніне де төрелік айтатын адамдар көп екенін былтырғы жылғы даудан аңғарғанымыз бар. Тіпті олар өңірдің ескі атауын қайта беруді ашық айтып та жүр. Ол атауды ақын Сталиннен сұрап алған жоқ қой!? Жамбылдың есімін берудің өзінің тарихы бар. Бұл туралы Кенен Әзірбаев: «1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ КСР-і өнер мен әдебиетінің онкүндігінде Жәкең мен С.Сейфуллин екеуі ең жоғары құрмет– «Ленин» орденімен марапатталды. Елге келген соң Әулиеата қаласын Жамбылдың атымен атау туралы үкімет қаулы алды. Бәріміз Жәкеңді құттықтауға асығып, үйіне бардық. «Әй, не боп қалды?» деп Жәкең бізді онша жақтырмады. «Сіздің атыңызды Әулиеата қаласына беріпті», деп едік, шал төмен қарап, үндемей отырып қалды. Сәлден соң басын жоғары көтеріп, ренішті кейіпте: «Ә-ә-әй, мыналар менің атағымды Әулиеатадан неге жоғары көтеріп жіберді екен?» деп кемсеңдеп жылады. Біз не дерімізді білмей сасып қалдық. Басын төмен иіп, ұзақ үнсіз отырды. Бір кезде көз жасын орамалмен сүртіп: «Бұлардың Әулиеата атын алып, менің атымды беруі қалай? Оның қасында мен кіммін? Кешір айналайын, Алла Тағалам», деді екі иінінен ауыр тыныстап. «Бұл үкімет Алла Тағаламен санаспайды екен. Мен келіспеймін, кешір Алла Тағалам», деп ешкіммен сөйлеспей, төсегіне қисайып жатып қалды Жәкең», деп еске алады ән кемеңгері. Өлеңді өрнектеп төккен, жырдан ұрық сепкен ұлы жырау, ақын Жамбылдың көңіл күйі жоғарыдағыдай жағдайда болған екен. Жоғарыдағы естелік «Жамбылды қаланың атын сұрап алғандай» көретін бүгінгі кей кісілердің есіне салып қойғанға таптырмас дүние.
Жәкеңнің ұзақ өмірінде жай сөзінен жырлап өткен күні көп болған. Сол кездегі қаламы жүйрік хатшылар қарт жыраудың көп жырларын хатқа түсіріп үлгермеген. Бар өкініш – сол асыл мұралардың хатқа түгел түспегені. Бұл жөнінде Ғабит Мүсіреповтің: «Ұлы Абайдың құрдасы, көзі тірісінде Гомер атанған алып атамыз Жамбыл дүниеге екі рет туып келген адам: тоғыз ай, тоғыз күн ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келгенде заман құрсағынан тағы бір туды. Қазақтың Гомерін туғызу үшін заман тоқсан жыл толғатты. Бірінші туғанда ана бесігінде өсті, екінші туғанда Отан бесігінде өсті. Ақын Жамбылдың екі рет туғаны да, түрлі заманда жасағаны да, өмірінің ең соңғы он жылында бүкіл дүние таныған атақ алуы да – феномен, сирек кездесетін, себебін осы күнге дейін ғылым таба алмай қойған сыр», деп жазуы жай сөз емес.

Иә, ұлы ақынның ашылмаған сырлары мен қырлары әлі де жетерлік. Алдағы уақытта бұл сыр сандықты ашатын жас ұрпақ келер деген үмітпен ойдың орамына, қаламның ұшына оралып тұрып алған әпсанамызды аяқтайық. Былтыр Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толса, биыл Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толып отыр.

Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ,
тарихшы-зерттеуші

Leave A Reply

Your email address will not be published.