Өлеңдері өсиет боп өрілген

0 3

Абай шығармашылығы – әдебиеттің де, мәдениеттің де ауқымынан асып кететін ерекше құбылыс. Кейде ойлап қарасақ, Абай тек ақын, философ, аудармашы, композитор ғана емес, әр қазақтың жақыны, туысы, ағайыны іспетті. Себебі, қуансаң да, қиналсаң да Абайдың алдына барасың. Біздің ұлы ақынға деген құрметіміз «Абай атамыз айтқандай» деп мысал келтіретінімізден де көрініп тұрады. Егер әрбір қазақ баласы жыл аралатып болса да Абай томын қолға алып, ең болмаса бір өлеңін қайталап оқып отырса, өзінен өзі Абай алдында іштей есеп берер еді. Сол сәтте оқырман «Абайдың айтқан ақылын алдым ба, жасаған сынынан қорытынды шығардым ба, шық деген биігіне ұмтылдым ба?» деген ойға берілер еді.
Жалпы заман өзгерсе де, қоғам өзгерсе де, адам өзгерсе де бәрібір қазақ түбінде Абайға жүгінеді, оның өсиетіне, аталы сөзіне тоқтайды. Кемелге келмей, ақыл тоқтатпай Абайды ұғыну мүмкін емес. Абайды оқыған сайын, көкейіңе тоқыған сайын қазақтың табиғатын аша түсесің, ой түбіне тереңдей түсесің, ел-жұртыңның тағдыры, келешегі туралы ойлана, толғана түсесің.
Негізінде біз өнерді Абайша сүюді, Абайша қастерлеуді үйренуіміз қажет. Ол ұлттық өнермен сусындай отырып, қазақ музыкасын биікке көтерген тұлға.
– …Құр айғай бақырған
Құлаққа ән бе екен? – дейді Абай бір өлеңінде. Осы сөзі дәл бүгінгі біздің жастарға айтылғандай. Өйткені қазіргі жастардың дәстүрлі әннен қол үзіп, мағынасыз даңғырлақ музыкаға бой ұрып бара жатқандығын ойлағанда «елдің келешегі, қазақ өнерінің болашағы не болады?» деп бір сәт мұңаятынымыз рас. Өкініштісі қазіргі уақытта тек Абай туындысы ғана емес, жалпы кітапқа құштарлық, кітапқа құмарлық азайып барады. Мұны күнделікті тіршілікте әр отбасынан, тіпті жастарымыздан көріп жүрміз. Теледидар және басқа да ақпарат көздері өз балаларымызды бауырымыздан, ұлттық әдебиеттен, ұлттық өнерден, ұлттық музыкадан бөліп тастады. Бұл, шынында да үрейлі жағдай. Осы үшін де бізге Абай керек.
Абай шығармаларына ең алдымен ел болуды, қазақтың қатардан қалмауын арқау етті. Бүгінде Абай арманы орындалды. Тәуелсіздік алдық. Ел қатарына қосылдық. Іргелі мемлекет құрудамыз. Әлем қауымдастығына мүше болдық. Дамыған елу елдің қатарына қосыламыз деген мақсатымыз да Абай арманымен ұштасып жатыр. Бірақ, Абай айтқан келеңсіз қылықтардан қазақ арылып болған жоқ. Абай айтқан «баяғы жартас бір жартастың кебін» әлі де киіп отырған сияқтымыз. Жалқаулық, алауыздық, өсекшілдік, билікқұмарлықтан арыла алмай-ақ қойдық.
Орыстың үлкен ақындарының бірі Николай Алексеевич Некрасов «Ақын болмай-ақ қой, бірақ адамзат болуға міндеттісің» деген екен. Біз ақырын жүріп, анық басып Абайды алдымен осындай өзгеге үлгі-өнеге боларлық адамдық, адамзаттық қайраткерлік қасиеттеріне қарап әулие тұтамыз.
Сондықтан да, әрбір қазақ шама-шарқынша Абайша ойлап, Абайдың ақылын алып жүрсе, Абайдың дана сөздері мәңгі-бақи қазаққа қызмет еткен болар еді.

А.САРШАЕВА,
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Тамақ өнімдері мен қайта өңдеу өндірісінің технологиясы және биотехнология» кафедрасының оқытушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.