«Өлеңді жазған менмін, Жазылған – Ол!..»

0 23

Анықтама:

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті. «Алдай көрме сен мені» атты жыр жинағының авторы. Өлеңдері облыстық, республикалық, халықаралық әдеби басылымдарда жарық көрген. Шағын әңгімелері Қытай тіліне аударылған.

 

                     * * *
Ойлағаның болмайды сенің,
Саған жақын жол қызға алыс.
Махаббатты қорғайды – сенім,
Өлтіреді оны – қызғаныш!..

Кеудеңдегі үміт өлмейді…төз,
Соры бақыт оның бағы сор.
Жүректерді емдейді сөз,
Ауыртатын да тағы сол.

Бақытсыздыққа кінәлі бақыт,
Албырттықпен талай алма үздік.
Ақындарды туады уақыт,
Ержеткізеді жалғыздық!..

 

                           Қорқыт-нама

Тұлпарының тұяғы Тұранды илеген,
Көшпендімін…
Десем де Құранды үйренем.
Омырауының түймесін арбаса ағытса,
Қоңырауының үніне жылан билеген.
Бақсылар шықпай қойды естен қобыз көтеріп…
Сабын қиялдан құраған сағағын ойдан,
Пернелеріне бүлдірген сабағын қойған.
Ақ қайыңның тамырын сүтке жібітіп,
Айбалтаның жүзімен шанағын ойған.
Жатқыза қаптап сыртына терінің ығын,
Көз алдына келтіріп көрінің ымын.
Жезтырнақтың ыспалы шашын ішек қып,
Жеті қат жерден қуалап перінің ұлын.
Жеті қат көктен шанаққа тамшылататын,
Жеті түнде ұлыған бөрінің үнін.
Қысыр биеде «сүф» десе құлындай қалған,
Жаңбыр жауғызып, даланың нұрын да айдаған.
Қасиет қашты, қайтейін, бүлінді айналам,
Сендер жоқсыңдар сайтанның тілін байлаған.
Бақсылар қайда? Бақсылар бал аштыратын,
Шаңыраққа шығып, шоқ сүйіп, ағаш қыратын.
Желіні сыздаған бөтен бір аруанаға әкеп,
Жетім ботаны күйменен жанастыратын.
Құдіретті пірім, Қорқытым, тәу етем саған,
Ажалдың өзін жолынан адастыратын.
Сен өлген соң күйді аспан, күйреді жалған,
Дүние сенің күйіңе биледі қалған.
Сен өлген соң ажал келмеді, адамдар ғана,
Бірін-бірі өлтіруді үйреніп алған.
Қымсынбадым ібіліске түрілерде артым,
Құдайсыз болып сайтанның тіліне ерді әркім…
Сен өлген соң қобызда күңіренбеді,
Жер бетінде қалмаған тірілер, бәлкім.

                 * * *
Кітапты оқыған мен,
Түсінген –
Ол.
Түс көріп ұйықтаған мен,
Түсімдегі –
Ол…
Суретке түскен менмін,
Түсірген –
Ол.
Айнаға қараған мен,
Ішіндегі –
Ол.
Ол жақтан қайтқан менмін,
Сол жақта,
Қайтуға жол.
Әңгіме айтқан менмін,
Айтылған –
Ол.
Ауылды сағынған мен,
Ауылдағы –
Ол.
Жүрегі ауырған мен,
Ауырған –
Ол.
Түскен менмін,
Оныкі қазылған ор.
Өлеңді жазған менмін,
Жазылған –
Ол!
                * * *
             Екеуміз 
Екеуміз киномыз,
Бізді ешкім көрмейтін.
Екеуміз үйдеміз,
Үкімет бермейтін.
Екеуміз сүйгеміз,
Өмірді өлмейтін.
Біз ессіз күйдеміз,
Есіне сенбейтін.
Екеуміз ізбіз,
Іздерін іздейтін.
Екеуміз күзбіз,
Күз емес, түз дейтін.
Екеуміз үмітпіз,
Күдерін үзбейтін.
Екеуміз қызықпыз,
Бір-бірін сіз дейтін.

Бұл қала карантин

Босаған алмалар,
Үсіген өріктер.
Жылаған саудагер.
Келе алсаң келіп көр.
Сұранған қайыршы,
Суық қол көріпкел.
Бәрі жоқ көрмейсің.
Тек қана ауырған адамдар,
Қалғыған ағаштар,
Ұйықтаған көшелер,
Мүлгіген ғимарат,
(Санақта өліктер)
Ымыртқа қамалған,
Дәрігерлер мінген көліктер…

Бос қалған үстелдер,
Босаған дүкендер…
Кезенген қарулар,
Жүйелі тәртіптер,
Шынжырлы кісендер…

Бұл қала тым-тырыс,
Шашылған парақтар,
Ішілген арақтар,
Балкондар айқай-шу,
Іш пысқан қылықтар…
Есіктің сыртында,
Кілті жоқ, құлып бар…
Тек қана…
Терезеге шығып ойнаған,
Сәбидің көзінде үміт бар…

Бұл түнде өлімнің иісі бар,
Бұл күнде ән жетім, күй сыңар…
Бұл гүлге жасыңды құй, суар,
Бұл қала жым-жырт,
Тым қысқа өмірлер,
Тым ұзақ ұйқылар…

Қолфонда сақталған,
103-тің нөмірі.
Өліммен билеген,
Емшілер өмірі…

Қала іші сарбаздар,
Сап құрған ұландар…
Тоқтаусыз ибалар,
Бұзылған мұралдар…
Оқшауланған аулада,
Оқтаулы құралдар…
Тек қана зікір сап,
Кептерлер жүр аңғал…
Шіркеуде көңілсіз қоңырау,
Мешітте шаң басқан Құрандар…
Қалжырап шаршап тұр,
«Біз біргеміз» деген ұрандар…

Адамзат арпалыс,
Ғасырлық үнсіздік,
Дала, жел…
Жабылған барлығы,
Қала,
Жол…
Жаным, кел құшақтасайықшы,
Күрсініп қалмасын көк аспан,
Жөтеліп қалмасын қара жер…

Leave A Reply

Your email address will not be published.