«Олимпиада да барымды саламын»

0 0

Токио Олимпиадасына санаулы айлар қалды. Төртжылдықтың ең айтулы аламанына қатысуға үмітті төрткүл әлемнің спортшылары бүгінде жолдама жолында жанталасуда. Солардың бірі – жамбылдық балуан Әлішер Ерғали лицензиялық жарыстан сүрінбей өтіп, жолдамаға қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда Алматы облысының атынан өнер көрсетіп жүрсе де, жерлесіміздің жетістігіне қуанып, өңірге келген кезінде сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Әлішер, әңгімеміздің әлқиссасын туып-өскен өлкеңнен бастасақ. Жалпы спортқа қалай келдің?
– Өзім Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылының тумасымын. 1999 жылы қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Ағаларым Дидар мен Нұржігітке еліктеп, спортқа келдім десем болады. Екеуі де кезінде жасөспірімдер арасында үлкен нәтижелерге қол жеткізген. Алайда кейіннен өмір ағысымен олар басқа салаға бет бұрып кетті. Ал, мен спортты серік етіп, жасөспірімдер арасында Азия, жастар арасында Әлем кубогында жүлдегер атандым. Өткен жылы ересектер санатына ауысып, Шымкент қаласында ұйымдастырылған ел біріншілігінде топ жардым. Артынша сары құрлық бәсекесінен қола жүлдемен оралсам, Нұр-Сұлтан қаласында алауы тұтанған әлем чемпионатында 97 келіде Олимпиада жолдамасын иелендім. Ендігі меже – Токио Олимпиадасында жүлдегерлер қатарынан көріну. Менің салмағымда Олимпиада, әлем біріншіліктерінде жүзден жүйрік шығып жүрген кіл мықтылар күреседі. Десе де, Олимпиада да барымды салып, намысты қолдан бермеуге тырысамын.
– Соңғы Азия чемпионатында қола жүлдемен қуанттың. Алайда қырғыз балуанымен белдескен кезіңде аяғыңды ауырсынып басып жүргендей көріндің…
– Иә, аяғымнан жарақатым бар екені рас. Алайда бұл қорқатындай нәрсе емес. Қазіргі таңда жарақатымнан толықтай айықтым. Соңғы Азия чемпионатында Иран балуанына 6:4 есебімен жол беріп қойдым. Енді осыдан сабақ шығарып, дайындықты пысықтау қажет. Осы наурыз айынан оқу-жаттығу жиындарымыз басталатын болса, мамыр айында Польша мемлекетінде үлкен байрақты бәсеке өтеді. Олимпиада алдындағы соңғы осы додада өзімізді бар қырынан көрсетуіміз керек.
– «Ел құлағы – елу» демекші өзіңе біздің облыс атынан күресу туралы ұсыныс түскен екен. Рас әңгіме ме?
– Ондай ұсыныс түсті. Өзім де туған өлкемнің атынан күрескім келген. Алайда, 7-сыныптан бастап Алматы қаласындағы спорт мектебінде шыныққандықтан олармен ат құйрығын шорт кесіп, байланысты үзе алмаймын. Олимпиада жолдамасына да Алматы облысының атынан белдесіп, қол жеткіздім. Сондықтан облысқа бөлінбей, ең бастысы ортақ Отанымыз – Қазақстанның көк туының астында өнер көрсетсем одан асқақ бақыт жоқ.
– Қазақ боксы десе, бүгінде мұхиттың арғы бетіндегі боксшылардың өзінің қос тізесі дірілдейтіні белгілі. Ал қазақ балуандарының әлемдік ареналардағы беделі қандай?
– Әлемдік аренада АҚШ балуандары ерекше құрметке ие. Олар тек күрестен басқаны ойламайды. Мемлекет барлық жағдайын жасап қойған. Бізде де кейінгі жылдары күрес түрлеріне көп көңіл бөлінуде. Оқу-жаттығу жиындарын өткізетін орындар ашылып, спорттық медицинамыз да дамып келеді. Бір сөзбен айтқанда бокс бірінші орында болса, күрес екінші сатыдағы спорт түрі ретінде көп қолдау көруде. Осы сенім үдесінен шығу үшін, біз де байрақты бәсекелерде барымызды салып, елімізді төрткүл әлемге танытуда аянып жатқанымыз жоқ.
– Белдесулеріңе көз салсақ, әрдайым бірінші нөмірмен күресуге тырысасың. Ал сылбыр күрескені үшін қарсыластарың ескерту алып жатады. Бұл өзіңдік тәсілің бе әлде, оның басқа да себебі бар ма?
– Жалпы кез келген кездесуде белдесу тағдырын тез шешкім келеді. Сондықтан шапшаң қимылдап, әрі жұлқылай жүріп, қарсыласымды шаршатамын. Нәтижесінде ұпай менің еншіме жазылып, жеңіске бір табан жақындай түсемін. Негізі қазақтың апайтөс балуандары ертеректе дәл осылай бірінші нөмірмен күрескен. Сондықтан бізге бабалар жолын қуып, қазақтың қайсар мінезін танытқан абзал.
– Қазіргі таңда ұлттық құрамадағы ең жас балуансың. Артыңнан ерген інілеріңе қандай кеңес айтар едің?
– Ең бастысы қорықпау керек. Сенімен белдесіп тұрған қарсыласың да сүйек пен еттен жаратылған адам. Жігері мықты балуанның жауырыны жер иіскемейді. Сондықтан мен жастар мен жасөспірімдер құрамасында жүрген талантты балуандарға ересектер арасына өтіп, өз бақтарын сынап көруге шақырамын.
– Әңгімеңе рақмет.

Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.