Олимпиада жеңімпаздарына облыс әкімінің сыйақысы тағайындалады

0 4

Төрткүл әлем көз тіккен Токио Олимпиадасына айдан астам уақыт қалды. Қазір әлем спортшылары төртжылдықтың айтулы аламанына дайындықты қыздырды. Еліміз де дүбірлі додада дара шабуға шын мықтыларын шыңдауда. Олардың қатарында жамбылдық сегіз спортшы бар. Міне осы Олимпиада және Паралимпиада жолдамасының иегерлерімен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта бас қосып, еркін форматта әңгіме өрбітті.

– Әрбір мемлекеттің әлемдік аренада танылуына спортшылардың қосар үлесі орасан. Сіздер арқылы елімізді, жерімізді өзгелер танып жатады. Әулиеата жері талай таланттарды тудырған құтты мекен. Қанша біздің жерлестеріміз Олимпиадада, әлемдік додаларда жеңімпаз атанып, абыройымызды асқақтатты. Соның бәрі мына сіздердің төккен терлеріңіз бен жаттықтырушыларыңыздың арқасы.

Әрбір спортшының арманы – Олимпиадаға бару. Соңғы отыз жылдың бедерінде Әнұранымыз шырқалып, көк Туымыз көтерілмеген Олимпиада болған емес. Міне кезекті Олимпиада келе жатыр. Індетке байланысты Олимпиада бір жылға шегерілгенімен алауы тұтанатын күнге айдан астам ғана уақыт қалды. Сондықтан сіздермен бүгін бас қосқанды жөн деп шештік. Олимпиададан бөлек Паралимпиада ойындарының да маңыздылығы зор. Бұл ретте тұңғыш рет ел тарихында  жүзуден Паралимпиада чемпионы атанған Зулфия Габидуллинаның еңбегі ерен.

Сіздерге тек ақжол тілеймін. Алла амандығын берсе сіздерді тек жеңіспен қарсы алайық, – деген облыс әкімі барлық олимпиадашыларға сәттілік жолдас болуына тілектестік білдірді.

Бұдан кейін сөз алған Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов спортшыларға қолдау білдіріп, барлық жағынан жағдай жасап беріп отырған облыс әкімдігіне алғысын білдіріп, алдағы айтулы аламанда көк байрағымызды биікте желбіретуге барын салатындығын айтты. Ал Рио Паралимпидасының чемпионы Зульфия Габидуллина Олимпиада алдындағы оқу-жаттығу жиындары жоғары деңгейде өтіп жатқанын тілге тиек етіп, әріптестеріне айтулы аламаннан тек жеңіспен оралуын тіледі. Футболдан  Ұлттық құрама мен ресейлік «ЦСКА» клубының ойыншысы Бахтиер Зайнутдинов те олимпиадашылардың жеңісті жорығы жалғаса беруіне ниеттес екенін айтып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа «ЦСКА» клубының жейдесін сыйға тартты. Өз кезегінде аймақ басшысы футбол ойынының жанкүйері ретінде Бахтиер Зайнутдиновтың жетістіктерін бақылап жүргенін жеткізіп, оның алар асуы биік болатындығына сенім білдірді. Ал кездесу соңында Бердібек Машбекұлы Олимпиада жеңімпаздары мен олардың бапкерлеріне мемлекеттен ғана емес, облыс әкімі атынан да арнайы сыйақы тағайындалатын хабардар етіп, олимпиашыларды қанаттандырып, бір желпінтіп қойды.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.