Мәдениет

Өлке тарихы өлеңмен өрнектелді

bty
Written by Aray2005

Жуырда Талас ауданы, Ақкөл ауылының 90 жылдығына және Жастар жылына орай Оспанәлі Иманалиев атындағы мәдениет үйінде «Жыр жазамын жүрегімнен» атты ақындар мүшәйрасы өтті. Жыр бәйгесіне онға жуық үлкенді-кішілі ақын қатысып, өлеңмен өрнек тоқыды.

Ең алдымен сахна төріне ардагер журналист, Талас ауданының Құрметті ардагері Әскербек Құйқабаев көтеріліп, үміткерлерге сәттілік тілеп, ақ батасын берді. Мұнан кейін ақындар мазмұнды да мағыналы өлеңдерін оқып, көрермен көңілін тәтті бір сезімге бөледі. Санат Туғанбаев «Туған жерге», Басқанбек Раев «Қайран, Ақкөл», Нүризат Мыңбосын «Мен келгенде», Ерімбет Досалиев «Елдіктің дархан мекені», Ислам Нұржанұлы «Ақкөлім» сынды тарихы терең, тағылымы ерен Ақкөл ауылының 90 жылдық мерейтойына арнаған өлеңдерін паш етті.
Қазылар алқасы тақырыптың ашылуы мен мазмұнына, өлең мағынасының тереңдігіне, өлең ұйқасына, сахна мәдениетін игеру деңгейіне, өлеңнің жатқа оқылуына басты назар аударды. Нәтижесінде Ерімбет Досалиев бірінші орынға лайық деп танылды. Ал, Ислам Нұржанұлы мен Басқанбек Раев жүлделі екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жыр кеші барысында мәдениет үйінің өнерпаздары Нұрлан Кейкіманов пен Гүлшат Досқанбаева патриоттық әндерді әуелетіп, көрермен қошеметіне бөленді.

Талап Байжиенов,
О.Иманалиев атындағы мәдениет үйінің директоры,
Талас ауданы

ПІКІР