"Шамшырақ"

Өлкенің өнерлі өрендеріне шешендік мектеп қажет

Written by Aray2005

Соңғы жылдары елімізде шешендік өнерді дамыту мақсатында едәуір ауқымды шаралар өткізіліп жүргені баршамызға мəлім. Дәстүрді дәріптеп, ұмыт болғанымызды қайта жаңғырту мақсатында ұйымдастырылып жатқан мұндай жұмыстардың жастарға берері мол. Дегенмен, сөз саңлақтарына арнайы білім беріп, ділмарларды дайындап, бір жерге шоғырландыратын шоқтілділер мектебі өңірге қажет-ақ. Осы орайда, тіл саласы мамандары мен жастардың пікірлерін тыңдап, бұл мәселенің түбіне үңіліп көрген едік.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсеткендей, біз, ұлттық кодымызды сақтай отырып жаңарудың даңғыл жолына бет түзейміз. Олай болса рухани ой-өрісімізді байытып, таным көкжиегін кеңейтетін ұлттық өнерімізді өрістетуіміз керек. Сондай мақсатта жыл сайын облысымызда дәстүрлі жыршы-термешілер байқауын ұйымдастырамыз. Олардың қатарында «Өнер алды – қызыл тіл», «Қанекей, тілім, сөйлеші» деген атаулармен өткен шешендік сөз өнері сайыстары да бар. Осындай додалардың бірнеше дүркін жеңімпазы Бақтияр Бекназар Қарағандыдағы қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына орай ұйымдастырылған «Даналар сөзі – ақылдың көзі» атты республикалық шешендер байқауында бірінші орынды және «Қанекей, тілім, сөйлеші» тақырыбымен Түркістан облысында өткен сөз сайысында бас жүлдені иеленді. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған сөз сайысында жерлесіміздің жеңімпаз атануы үлкен мәртебе. Ендігі кезекте осындай жастарымыздың басын қосып, шешендік өнерге тәрбиелейтін бір мектеп болса, бұдан да биік белестерге жетер едік, – дейді облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Мөлдір Ахметова.
Бұл тұрғыда кешегі Тазша бала мен Жиреншелердің ізетті ізін басып, төтеннен төге сөйлейтін жебе тілді жастарымыз не дейді? Шешендіктің шыңына қанат сермеп жүрген шын жүйріктерден де дүлдүлдер мектебінің қажеттілігі туралы сұрадық.
– Қара сөзді құбылтып, нақышына келтіре тапқыр сөйлеу, сөзді ұтымды пайдалану халқымыздың қанына сіңген қасиет. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешіп, ел ішіндегі дауды жанжалсыз ымырамен бітістіріп отырған би-шешендеріміздің данышпандығында шек жоқ. Бекзада бабалардың арда ізін жалғау үшін жасалып жатқан мұндай шаралар көбейсе екен деп тілеймін. Егер облысымызда шешендік өнер мектебі ашылар болса нұр үстіне нұр болар еді. Виртуалды әлемге шырмалған көп жастың қазір кітапқа құлқы жоқ екені жасырын емес. Ал, мұндай өнер мектебіне баласын беруге кез келген ата-ананың ынталы болатындығы ақиқат. Ол шешендік шеберханасына айналып, сөздің қадірін білуге, орынды ой айтуға тәрбиелейді деп білемін. Түркістан облысында өткен республикалық байқауға барғанымда бір байқағаным, мұнда арнайы шешендерді даярлау мектебі бар екен. Сөз саласының методикасын түбегейлі үйрететін көрінеді. Мәселен, «ділмар сөз», «оқшау сөз», «ұшқыр ой» секілді тіл заңдылықтарын тереңінен сіңіретінін айтады ондағылар. Осындайда біздің облысымызда да шешендік өнер мектебі ашылса дейсің. Бұл әр жастың, әр қазақтың санасына сілкініс болар еді, – дейді Бақтияр Бекназаров.
Бақтиярдың бұл жетістіктері қазақылықтың қаймағы бұзылмаған киелі Әулиеатада сөз өнеріне ерекше құрметпен қарайтынын көрсетеді. Өнер демекші, облыстық, республикалық проза, поэзия жарыстарында шәкірттері сан қырынан танылып жүрген М.Х.Дулати атындағы ТарМУ «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі Айгүл Қабиқызы да мектеп хақында былай дейді.
– Шешендік өнер – сөз өнерінің салмақты түрі. Базбіреуге ананың сүтімен даритын туабітті дарынды құбылыс. Әйтсе де, әдебиетке түбегейлі бой ұрған кез келген адамның бойынан мұндай қасиет табылып жатады. Ал, әдебиетті тану, тіл байлығы, сөз қадірі деген ұғым ұлтымыздың иісі болып кеткелі қашан. Шешен сөйлеу ұтымды жауап қайыру ғана емес, ойдың тұшымдылығы. Ой тұшымды болса тыңдаушыға да татымды болмақ. Диктор болу, жүргізушілік қабілет, сахнадағы импровизация бәрі-бәрі шешендік өнермен астасып жатыр. Демек, мұндай мектептің ашылуы ертеңгі жаңа толқынды сөзі салмақты, ойы жұмыр азамат болып қалыптасуға тәрбиелейді – дейді Мәдениет қайраткері.
Иә, шешендік мектеп тек сөз өнерін дәріптеп қана қоймай, жастардың патриоттық сезімін оятып, отансүйгіштікке тәрбиелеуге зор ықпал ететіні анық. Түптеп келгенде,қара қылды қақ жарған әділдік жаршылары Төле биден бастап берідегі Бөлтірік шешен, Сырым Датұлы сынды саңлақтар қазіргі қоғамға да ауадай қажет. Сондықтан, сан ғасырлар бойы бабадан бізге жалғасқан сүрлеусоқпақты сақтап, қайта жаңғырту үшін салиқалы сөз мектебі ашылса, халқының қамын жеген би-шешендердің биігіне ұрпақ талпынып, ұлттық өнер жаңа леппен толығар еді.

Елдар Боранбек

ПІКІР