Олжалы он бір округ

0 0

Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру бойынша пилоттық жоба табысты жүзеге асуда. Қазіргі уақытта 7,2 миллиард теңгеге ауыл тұрғындарының 2 459 өтінімі қаржыландырылды. Жалпы жоба аясында облыстың 10 ауданындағы 11 округтің 7886 ауласы қамтылуда.

Жоба бойынша пилоттық округтерде 11 кооператив құрылып, олардың шоттарына 125,9 миллион теңге сомасында айналым қаражаты аударылды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының 71,7 мың гектар пай жерлерін тиімді пайдалану мақсатында 230,1 миллион теңге бөлінген. Бұл шаруаларға қажетті тұқымдар мен тыңайтқыштарды және өсімдіктерді қорғау үшін химиялық құралдарды сатып алуға мүмкіндік берді. Бүгінде олар көктемгі егіс жұмыстарына толық дайын.
Сонымен қатар шаруашы­лықтарда 138,1 миллион теңгеге жалпы ауданы 2,125 гектардан асатын 16 жылыжай құрылысы басталды.
Үй маңындағы аулаларды тиімді пайдалану үшін мал шаруашылығы бойынша 40,6 мың бас мал сатып алынды. Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 192 бірлік түрлі жаңа техникаға қол жеткізді. Қазіргі таңда консерві цехының құрылысын бастау жоспарлануда.
Жоба шеңберінде ауыл тұрғындарының өз шағын кәсібін ашуға да қолдау көрсетілуде. Бұл бағыт бойынша құны 64,6 миллион теңге болатын 12 жоба қаржыландырылған. Осы қаражат негізінен шағын цехтарды қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандыруға бағытталған.
Айта кетейік, пилоттық жобаны жүзеге асыруға Жуалы ауданындағы Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындары белсенді қатысуда. Жергілікті «Атамекен бастау» ауыл шаруашылығы кооперативіне 207 адам топтасқан. Жақында кооператив 93 миллион теңгеден астам қаржыға 12 бірлік техниканы лизингке алды. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған сыйымдылығы 1800 тонна екі қойма бар екендігін айтып өткен жөн.
Аталған округ тұрғындары өз ісін бастау үшін жалпы сомасы 581 миллион теңгеге несие рәсімдеді.
Жаңа жобаның тиімділігіне таластықтар да көз жеткізуде. Бүгінде Үшарал ауылдық округінде жылыжайдың құрылысы жоспарланып, қарбыз және қауын, қызанақ және қияр алқаптары кеңейтілмек. Жергілікті «Талас-2020» кооперативіне 16 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Көп ұзамай ондағы техникалар тізбегін комбайн, КамАЗ және екі тіркеме толықтырмақ.
– Басында көптеген тұрғындар бұл жобаға сенімсіздікпен қарағаны жасырын емес. Бүгінде олар оның нәтижелігіне көз жеткізеуде. Жақында тағы 20 отбасы жобаның екінші бағыты бойынша қатысуға өтініш білдірді, – дейді Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов.
Сол секілді Мойынқұм ауданындағы Кеңес ауылдық округі тұрғындарының да қанатқақты жоба аясындағы жұмыстары сәтті жүруде. Жаңа мүмкіндіктерді Сарысу ауданындағы байқадамдықтар да тиімді пайдалануда.
Мамандар бұл жобаның оң нәтиже беретініне күмән келтірмейді. Олардың болжамдарынша жобаға қатысатын әрбір ауланың табысы 41,6 мың теңгеден 156 мың теңгеге дейін артады. Сонымен қатар жұмыссыздарды шаруашылыққа тарту жөніндегі көзделген міндет те өз шешімін таппақ. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 2021 жылы 4,3 миллиард теңгеден 9,3 миллиард теңгеге дейін ұлғаяды. Сүт және ет өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесі 20-25 пайызға өседі деп жоспарлануда.
Биылға пилоттық жобаны одан әрі іске асыру үшін әр ауданнан екі ауылдық округтен барлығы қосымша 20 ауылдық округ іріктеліп отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.