Омаровтың онлайн концерті өнерсүйер қауымды таңғалдырды

0 0

Қазақ ән өнерін дамытуға өзіндік үлес қосып, көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүрген әнші-сазгер Жандос Омаров үшінші рет халық алдында шығармашылық кешін өткізді. Сахнада жүргеніне 20 жыл толған мерейлі күнін «Ән тарту» атты кешпен атап өтіп, жаңа жинағының тұсауын кесті. Қазақ әндерінің қатарын тың туындыларымен толықтырған белгілі өнерпазбен сұхбаттасып, бүгінгі жеткен жетістігі жөнінде әңгімелестік. 

– Жандос Әскербекұлы, өнер әлеміндегі 20 жылдығыңызды ел-жұртыңыздың алдында жеке шығармашылық кешіңізбен атап өттіңіз. Білуімізше бұған дейін 2 рет кеш бердіңіз, бұл жолғы концертіңіз несімен ерекшеленді?
– Иә, бұған дейін 2007 және 2010 жылдары жеке шығармашылық кешімді өткізген болатынмын. Ол екеуінде де әндерімді облысымыздағы әнші әріптестерім алып шыққан еді. Үшінші рет өткізіп отырған кешіме елімізге танымал өнер жұлдыздары Бағдат Сәмединова, Айгүл Иманбаева, Индира Расылхан, Әділ мен Дана, Гүлнұр Өмірбаева сынды елге танымал әншілер мен «Астана» тобы арнайы келіп, әндерімді орындады.
Және бір ерекшелік – бұл кеш көрерменсіз, қашықтықтан онлайн-телевизиялық форматында көрсетілді. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен әлемді алаңдатқан коронавирустан сақтану мақсатында жарияланған төтенше жағдайға байланысты ұйымдастырылды. Дегенмен кеш өте жоғары деңгейде, ойдағыдай өтті. Жеке қаржымның есебінен жасалған сахнаның безендірілуі де көңілімнен шықты. Бұл жұмыстардың бәрін өз деңгейінде ұйымдастырып, маған қолдау көрсеткен әріптестеріме, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония ұжымына шексіз алғысымды айтамын. Әрине еліміз бойынша төтенше жағдай жарияланғанда концерт беру мені де «Қалай болар екен?» деп ойландырғаны рас. Сол жүкті менімен бірге көтерісіп, шығармашылық кешімнің сәтті өтуіне атсалысқан әріптестеріме, филармония басшылығына дән ризамын.
Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің құттықтау хатын алдым. Сондай-ақ облысымыздың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының алғыс хатымен де марапатталдым. Концерт барысы әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде де көрсетіліп, бірқатар отандастарымның жүрекжарды лебіздерін оқып, құттықтауларын қабыл алдым. Көптеген қоғам белсенділері, мәдениет майталмандары мұндай концерт елімізде алғаш рет өтіп отырғанын айтып, игі тілектерін арнады. Ардагер, батыр ана Зейнеп есімді апай батасын беріпті. Және бірқатар кісілер естелік сыйлықтарын жолдапты. Бұның бәрі мерейімді өсірді. Еңбегімнің еш кетіп жатпағанын сезіндім.
Осы кешімде «Ән тарту» атты жаңа кітабым мен ән жинағымның тұсауын филармониямыздың директоры Сейтқасым Түктібаев және Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері Анна Вундер мен Рәзия Мәдіханова кесіп, ақ тілектерін білдірді.
Айта кетейін, Алла бұйыртса жарияланған төтенше жағдай аяқталғаннан кейін өңіріміздегі барлық аудандарды, ондағы мектептер мен мәдениет үйлеріне арнайы барып, осы концертімді беріп, жаңа кітабымды кітапханаларға, ән жинағымды сондағы азаматтарға таратамын деп жоспарлап отырмын.
– Бұған дейін де елімізге белгілі ақындармен шығармашылық байланыста болдыңыз. Қазір кімдермен байланыстасыз?
– Облыстық филармонияға қызметке келерден бұрын жоғары оқу орындарында еңбек еттім. Әндерім көпшілікке ұнаған болуы керек, қазір еңбек ететін филармонияға қызметке шақыртылдым. Бүгінге дейін «Бауырларым», «Ақ тілегім еліме» атты ән жинақтарым жарық көрді. Ол уақытта елімізге белгілі бірқатар ақындармен тығыз жұмыс жасадым. Міне енді араға біраз уақыт салып тағы бір жинақты тыңдармандарға ұсындық.
Ал, көркем сөзден өлең өрнектеген К.Салықов, Ж.Нәжімеденов, Ш.Сариев, Ә.Асылбеков, Ұ.Есдәулетов, Б.Жақып, Э.Орманова, Б.Мәуленов, Б.Бекжанов, Ш.Жұбатова, Ү.Битенова, Ғ.Әлімбекқызы, Қ.Демешов, Қ.Сарин, Қ.Қолқаев, Е.Жүніс, О.Отар, Б.Әліқұлов, А.Дүйсенбі, Н.Сатымқұлов, Қ.Бақтиярқызы, А.Абзалбеков және тағы басқа ақындар­дың өлеңдеріне ән жазыппын.
Есептеп қарасаңыз, елуден астам әнім тыңдарманға жетіпті.
– Дана Абайдың он бесінші қара сөзінде адам өзіне-өзі күніне немесе жұмасына, тіпті болмаса айына бір есеп беріп тұруы керегін айтады. Сіз өзіңізге есеп бересіз бе?
– Мен күнде өзіме есеп беремін. Онымды күнделігіме жазып отырамын. Сол арқылы «Кеше не істедім, енді не жасауым керек?» деп өзімді қамшылап, жоспарымды жүйелеп, жұмыс істеп келемін. Шүкір, онымнан қателескен жерім жоқ. Адамның өзіне-өзі есеп беруі істі тек ілгерілетумен ғана шектелмейді, көп қателіктерге ұрындыратын ашуды тізгіндеп, айналасындағы адамдармен жақсы қарым-қатынасты сақтап, сыйластықпен өмір сүруге де қалыптастырады.
– «Өнер жолы – қиын жол» дейді, балаларыңыздың осы жолмен жүруіне қалай қарайсыз?
– Егер олар өздері таңдаса, қарсы болмай, қолдар едім. Бірақ, балаларым өз қалауларымен басқа мамандықты таңдады. Үлкен қызым би өнеріне қатты қызықты. Соны меңгеріп, «Сұлутөр» би ансамблін ашып, продюсерлік етті. Бірақ, «Әке, мен бұл ісімді тоқтатамын, болашақ келін, ана болу бәрінен де жауапты міндет» деп өзі бас тартты. Ол пікірін қуана қолдадым, әрине. Ал кіші қызым стилист, ұлым футболшы болуды таңдады.
– Өзіңіз ән-жырдың қай жанрына жақынсыз?
– Бала күнімнен термені көп тыңдап өскендіктен болар, терме мақамындағы және лирикалық әндерге жақынмын. Халық әндерін орындағанды ұнатамын. Себебі дәстүрлі әндердің, терменің әуенінде көңіл қылын шертетін ерекше иірімдер бар. Сол иірімдер тыңдаған жанды баурап алатындығымен де заман қалай өзгерсе де өз құндылығын жоймай келеді. Эстрадалық әндердің де өзіндік үйлесімді әсері бар. Жалпы, ән адамның көңіл күйін көтерумен қатар, тәрбие құралының қызметін атқарады. Егер сөзі мағыналы, астарында айтары бар, әні құлақ құрышын қандырар туынды болса, тыңдарманы да көп болады.
– Қазір өздерін әнші санайтын­дардың көптігіне, ән орындаудағы көркемдік талғамның ескерілмеуіне айтылып жатқан сын көп. Осы саланың қазанында қайнап жүрген маман ретінде сіздің пікіріңіз қандай?
– Рас ондай кемшілік бар, талай жерде айтылып та жүр. Дегенмен, әр туындының өз тамашалаушысы болатыны секілді әр әннің де өз тыңдаушысы бар. Мен ешбір сазгерге де, әншіге де сын таға алмаймын. Маған ұнамаған дүние екінші біреудің жүрегінің төрінен орын алуы мүмкін ғой. Бәрін де өмір өзі екшейді. Талғамсыз туынды бағалаушысын таппай тез-ақ ұмытылады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.