Өмір сүрді ол өзінің биігінде…

0 18

Саналы ғұмырын балалар әдебиетіне арнап, туған жерге деген сарқылмас сезімін, таусылмас махаббатын сұлу сөзбен әрлеп, қара өлеңмен ескерткіш тұрғызған Совет Әлімқұлов есімі әрдайым ел есінде.

Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбектің Совет ақын жайлы: «Балалар әдебиеті – көзге көрінбейтін, бағалана бермейтін әдебиет. Шынына келгенде, балалар әдебиеті – қоғам келешегін жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа үндеп тәрбиелейтін әдебиет. Балаларға жазудай ақырет іс жоқ. Балалар қаламгері болып қалыптасуға болмайды, арнайы бейіммен туылу керек дейтін қағидаға бергісіз сөздің тууы тектен-тек емес. Совет Әлімқұлов балалар әдебиеті үшін туған талант еді», деген екен. Осы бір пікірдің өзі Совет Рахымбайұлының қаншалықты қаламы қарымды екенін көрсетсе керек-ті. Небәрі 54 жыл ғұмырында артына өшпес мұра, өлмес сөз қалдырған ақиық ақынның өлеңдері ешқашан өзектілігін жоғалтпай, қайта уақыт өткен сайын маңыздылығы артып келеді.
Жуырда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Совет Әлімқұловтың шығармашылығына арналған «Балалық көңілдің пернесін дөп басқан» атты танымдық кеш өтіп, ақынның абырой асқарында, бедел биігінде ғұмыр кешіп, сол шыңнан бір елі де түспей өмірден өткеніне көзіміз анық жетті. Кешке аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев, жергілікті танымал сазгер Сәрсен Күзербаев, ардагер журналистер Болат Жаппарұлы мен Байтанағали Төлентаев, аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің бас редакторы Сансызбай Махамбетқұлов және ақынның ұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Әлімқұлов арнайы қатысты.
Кеш қонақтарының ақын жайлы әсерлі естеліктері жанымызды нұрға бөлеп, санамызға сәуле шашты. Бала мінез, дала пейілді ақын жайлы әңгіменің тиегі ағытылып сала бергеннен-ақ көңіліміз толқыды, жүрегіміз тебіренді. Сол арқылы Совет Әлімқұлов тек ақын ғана емес, адамдығынан ажырамаған, адалдығынан айнымаған парасат иесі екенін аңғардық.
Ал кітапхана оқырмандары Асқар Кеңесбай, Ислам Шағадат, Олжас Элесбек, Ернұр Амангелді, Шахнұр Шағадат қаламгердің көрнекті туындыларын мәнерлеп оқып, шараның шырайын кіргізді. Бүгінгідей жаһандану жайлап, ұлттық құндылықтар ұмыт бола бастаған шақта осындай өрімдей өрендердің жырдан шашу шашып, көңіл сарайын ашуы қуанышқа бөлегенін несіне жасырайық?!
Сондай-ақ кітапханашы Құралай Асхатаеваның «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» тақырыбындағы кітап көрмесі де кешке сән беріп, балғындардың таным көкжиегін кеңейте түсті. Шараны қорытындылаған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Байдалиев келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, ақын шығармашылығы жайлы кеңінен толғады.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ,
журналист
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.