Рухани жаңғыру

Өмір сүру үшін өзгере білу керек

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының жарияланғанына 1 жыл

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қоғамда үлкен резонанс туғызып, құнды құжат ретінде жоғары бағаланды. Маңызды мақаласында Елбасы «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» дей келе, алты басымдыққа айрықша тоқталған болатын. Президент бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы төңірегінде тың тұжырымдарымен бөлісіп, қадау-қадау міндеттерді белгілеп берді. Бүгін, міне, рухани жаңғырудың бірегей бағдарламасына баланған мәнді де мазмұнды мақаланың жарияланғанына тұп-тура бір жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында облысымызда нендей жұмыстар атқарылды? Алда қандай шаруалар күтіп тұр? Бүгін біз солардың бірқатарына тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.

Айта кету керек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы «Туған жер», «Қазақстанның сакралды географиясы», «100 жаңа кітап», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Қазақ тілін латын графикасына көшіру», «Заманауи қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» арнайы жобалары аясында жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру үшін өңірлік жобалық офис құрылып, қызмет атқаруда. Сонымен қатар өңірлік комиссия мен сарапшылар кеңесі де іске кіріскен болатын.

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының мәліметіне сүйенсек, былтыр жалпы құны 1,1 миллиард теңгеге түрлі жобалар мен шаралар ұйымдастырылған. Оның 197 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінсе, қалған қаражат демеушілер есебінен қарастырылған.

Биылғы жұмыстардың да ауқымы үлкен. Ағымдағы жылы жалпы құны 3,6 миллиард теңгеге 78 кіші жоба мен 53 шара ұйымдастыру жоспарлануда. Солардың қатарында туризм саласына да айрықша басымдық берілуде. Мысалы, сакралды орындарымызды насихаттау мақсатында құны 121,7 миллион теңгеге 8 жоба жүзеге асырылмақ. «Ancient Taraz» халықаралық туристік форумы, «Taraz fashion week-2018» халықаралық фестивалі, елімізге танымал блогерлердің қатысуымен өтетін блогэкспедиция сынды шаралардың берері мол болмақ. Сондай-ақ, алдағы мамыр айында «Әулиеатаның киелі жерлері» кіші жобасы аясында тарихи орындардың электронды картасы жасалады.

Бағдарламаның «Туған жер» арнайы жобасы бойынша өткен жылы «Туған жерге туыңды тік!» акциясы өткізіліп, меценаттардың, халыққа пайдалануға берілетін нысандардың тізбесі жасақталыпты. Нәтижесінде, меценаттар мен аудан әкімдері арасында меморандумдарға қол қойылған. Биыл жалпы құны 3,1 миллиард теңгеге 38 әлеуметтік нысан ел игілігіне беріліп, ауылдар абаттандырылатын болады.

Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы облыста «Бір сәби – бір ағаш» жобасы бастау алғаны белгілі. Акция барысында облыста бір күнде туылған мыңнан астам сәбиге арналып 1000 түп ағаш отырғызылды. Бұл шара республика көлемінде ең үздік жоба қатарына қосылып, осы жылдан бастап Астана қаласында жалғаспақ.

Сонымен қатар, өңірде «100 жаңа кітап», «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобалары мен қазақ тілін латын графикасына көшіру бағытында да баянды бастамалар бағдарын табуда.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының соңын «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деп түйіндеген еді. Расында да, дөңгеленген дүниенің дүрмегінде өзіндік орнымызды айшықтау үшін дүр сілкінетін кез жетті. Бұл бағытта байыпты бағдарламаның берері мол болмақ.

Тұрсынбек Сұлтанбеков

ПІКІР