"Шабыт"

Өмір шындығын суреттеген қаламгер

Written by Aray2005

Өкім Жайлауов – ормандай қаптаған қалың өнерлі топтың ортасында тәрбиеленген ақын. Оның ауылында бірде жақсы ән айтылса, артынша нәзік күй шертіліп жататын. Содан кейін ақындардың қызу айтысын тамашалап кетуші едік. Әйтеуір, өнер қуған ел өлеңсіз болмайтын. Әсіресе Сауытбек, Сыбанбай сияқты ағайынды жүйріктер, Хадиша, Ақбөпе секілді өрен саңлақтардың артына қалдырған баға жетпес мұраларын көнекөз қариялардан көп тыңдады, олардың творчествосынан мол ғибрат алыпты.

Бұл талантты топтың ортасында Ұлбикенің орны өзінше дара, бөлек еді. Ол айтысқа түсер алдында қарсыласын бірден жасқап алу үшін:
Қия-қия таулардың қиясы бар,
Шапқан шөптің ішінде миясы бар.
Айтысайын деп едің меніменен,
Таңдайымда өлеңнің ұясы бар, –
деп шалқып жосылып кетеді екен.
Өкім Жайлауов осындай «таңдайында өлеңнің ұясы бар» ақындардың өлеңдерін тыңдап жүріп, өзі де өлең жаза бастады. Сөйтіп, ол ақындық творчестволық сапарында аз жылдардың ішінде бірнеше өлеңдер жинағын шығартып үлгерді. Оның алғашқы кітабы бұдан отыз жеті жыл бұрын «Шәкірт ойы» деген атпен жарық көрді. Өзінің тұңғыш жинағында ақын жастық лирикаларымен бірге, ауыл адамдарының жарқын бейнесін, олардың жасампаз еңбегін әдемі суреттеген.
Айта кету керек, Ө.Жайлауов қаламы төселген қаламгер. Әсіресе ақынның оқырман жұртшылықтың көңілінен шыққан тартымды кітаптарын, яғни «Дархан дала», «Соны соқпақ», «Күміс жаңбыр», «Арай», «Жарқын жаз» сияқты дүниелерін атасақ та жеткілікті. Осы орайда оның өмір, күнделікті тіршіліктегі адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы туралы тебіреніске толы өлеңдерінің өзіндік ерекшеліктерін айтпасқа болмайды. Ақынның қай туындысын оқысаңыз да ешкімге өкпе-наз артпайды, кейбіреулер сияқты өмірден торығып қиналмайды. Ө.Жайлауовқа бүкіл адам баласы, күллі табиғат, жан-жануардың бәрі дос, бәрі бауыр. Ол қара түннің құшағынан шуақ, қара тастың бауырынан жұмсақ іздейді. Барлық жанға ақша бұлттай кірсіз, таза алғыс айтады, жақсылық тілейді. Содан кейін ақын шалқып жырлап кетеді:
Ер жігітті «етек басқан ез» десіп,
Әлдекімдер айтқан ғайбат сөз нешік?!
Құрдасыңмен қызық сұхбат құрасың,
Зәуімен бір бас қосқанда кездесіп.
Барын атап, еске түсіп жоғымыз,
Сөз етісіп дос-жаранның көбін біз.
Көзге елестеп кей құрбының бейнесі,
«Кетіпті ғой, – дейміз, – сиреп тобымыз!»
Бір ғанибет есен жүрген кемді күн,
Мақтан етіп аспан, жердің кеңдігін.
«Бақыт өзі – тіршілігің бір сәттік» –
Деген сөзге ден қоясың сен бүгін.
Ешкім де айтпас «жұмақ жерден келдім» деп,
«Аманатын айрықша ақтап елдің» деп. Жан сүйсінген әдебіне, ісіне,
Жақсы адамнан қалатұғын белгі көп, – деп Ө.Жайлауов толғап кетсе, ақынның өзіндік сазы, өзіндік мәнері, өзіндік айтар ойы бізге қолмен қойғандай анық та айқын. Оқырман өзімен бүкпесіз сырласып отырған ақынын сүйіп оқиды.
Автордың философиялық ойға, әдемі суретке құрылған туындыларымен бірге, нәзік лирикалары да мол. Ө.Жайлауовтың ондай өлеңдері ақ гүлдей нәзік, ақ жұлдыздай мөлдір. Ол оқушысын пәк сезімге бөлеп, өмірге құштар етіп, адамды ынтықтыра жырлайды. Осы ретте ақынның «Деме сен» атты өлеңіне көз жүгіртейікші.
Талқыға салса тіршілік,
Таршылық көрдім деме сен.
Қаламын ширап, құлшынып,
Өзің бір сүйеп демесең, –
деп ақын тебіренсе, біз іштей құптап, іштей сүйсініп қаламыз. Өйткені екі адам құстың екі қанаты сияқты бір-біріне демеу, бір-біріне сүйеу. Бірінсіз бірінің күні жоқ. Бір кездері талантты ақын Т.Айбергенов:
Бір адамнан екі адамның ойы ізгі,
Қос рельс зырлатады пойызды.
Домбыраға қос ішекпен күй келер,
Қандай жақсы пар ат жеккен күймелер, – деп жұртты өзіне жалт қаратқан еді ғой. Бұл өмірдің өзіндік өзгермес қағидасы, бұзылмас заңдылығы. Біз Өкеңнің майда қоңыр даусымен сол өмір шындығын қаз-қалпында суреттеуін шынайы құптаймыз.
Қос рельстей қатар жүрген адамда өкпе-наз, реніш болмай тұрмайды. Ата-бабамыздың «Сабыр түбі – сары алтын» деп өте дұрыс айтқанындай әрбір іске төзімділік керек. Ұсақ-түйекке бола шыбындай ызыңдап, көбелектей күйіп-жанса отбасында береке-бірлік қалар ма?! Ақын осы жағын да қатты ескерген. Жастарға, әсіресе жаңа шаңырақ көтергендерге сабақ боларлық, инабаттылыққа, кішілікке, кісілікке, парасаттылыққа үндейтін нәзік лирика жазған. Ол былайша толғанады:
Ағаттық етсем кейде мен,
Ақылдан жұрдай деме сен.
Баяғыда балғын бейнеңмен,
Жүздесіп күнде кеңесем, –
десе оқырман бірден ойға қалады, содан кейін рас-ау дейді іштей өткен өміріне көз жіберіп. Бәрі де кеше ғана болған сияқты, Қасындағы егде тартқан жарының бота көзі, сүмбіл шашы, бұраң белі тегіс көз алдында.
Расында, ұлы Абай дана ғой:
Кеше балаң ең,
Келдің ғой талай жасқа, –
дегені тайға таңба басқандай анық емес пе?! Шынайы жақсы туынды оқушысын бір сәт осылай ойлантуға тиіс. Ал Өкеңде мұндай өлеңдер жетерлік.
Көңілі тұмса бұлақтай мөлдір, жаны сәбидей таза, баладай ерке Өкім ағамыз ибалы әдебімен, ел-жұртын сүйсіндірген жібектей мінезімен һәм жүрекпен жазған өшпес жырлары арқылы жадымызда мәңгі сақталады.

Сәрсенбі Дәуітов,
филология ғылымының кандидаты

ПІКІР