«Өмір жолымда жақсы жандар көп кездесті»

0 1

Біздің қоғамда ісінен үлгі-өнеге алатын жандар жеткілікті. Олар ел дамуына сіңірген еңбегімен, азамат деген атқа лайықты іс жасай алғанымен халықтың ыстық ықыласына ие болады. Облыстың Құрметті азаматы, өз өмірінің 48 жылын мемлекеттік қызметке арнап, комсомол хатшылығынан бастап Президент Әкімшілігінде, Парламент Сенаты мен Мәжілісі аппаратында қызмет атқарған Әмзебек Жолшыбекпен болған сұхбатымыздың да негізгі өзегі өмірден өнеге алу сарынында болды.

– Әмзебек Рысбекұлы, сізді жамбылдықтар саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнап, аудандық комсомол комитетінің хатшылығынан Президент Әкімшілігінде, Парламент Сенаты мен Мәжілісі аппаратында жауапты қызметтер атқарған жан ретінде біледі. Сондықтан әңгімеміздің әлқиссасын өткен күндерді еске алудан бастасақ…
– Қазақ адамның ғұмырына қатысты түсініктеме бергенде оны қамшының сабындай қысқа деп сипаттап жатады. Біреуге көп, ал біреулерге аз болар ғұмырымның 48 жылын мемлекеттік қызметке арнаппын.
Институтты бітіріп, өзімнің туып-өскен Шу ауданына аттанғаным күні кешегідей көз алдымда. Бірлік астық қабылдау кәсіпорнында цех басшысы ретінде қызметке араластым. Сол кәсіпорында 3 жылдай еңбек еттім.
Мен өзім көпбалалы отбасында өстім. 19 жасқа толар-толмастан әкем Рысбек дүниеден өтті. Өзімнен кейінгі 3 қарындасым мен 3 ініме бас-көз болу жауапкершілігі маған жүктелді. Менің әкем Рысбек те, атам Жолшыбек те ата-анасынан жалғыз еді. Әкем қайтыс болған соң бізге қол ұшын беретін ағайын-туыс болмады. Дегенмен «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деп жатады ғой. Өз заманында әкем Рысбек ішкі істер саласында, кейіннен аудандық партия комитетінің хатшысы болып еңбек еткен еді. Сондағы сол кісінің көзін көрген, сыйласқан азаматтардың біздің отбасыға деген ықылас-пейілі ерекше болды.
Бірлік астық қабылдау кәсіпорны басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарып жүргенімде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әнуарбек Жүнісәлиевпен ойда-жоқта кезігіп қалдым, амандық-саулықтан соң ол кісі мені өзінің қабылдауына шақырды. Келесі күні өзім қызмет ететін кәсіпорын басшысына мән-жайды толық баяндадым. Өз кезегінде басшым: «Бұл кездейсоқ емес. Шақырса, баруың керек» деп шығарып салды.
Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысымен екеуара әңгімеміз біздің отбасының ахуалы төңірегінде өрбіді. Ол кісі менің астық қабылдау кәсіпорынындағы қызметім жайында хабардар екенін айтты. Кездесу соңында маған аудандық партия комитетіне қызмет атқаруға ұсыныс жасады. Әрине ол кезде менде жастармен жұмыс жасауда айтарлықтай тәжірибе болған жоқ. Рас кәсіпорындағы комсомол ұйымына қоғамдық негізде жетекшілік еттім. Содан не керек көп ұзамай мен аудан жастарының комсомол ұйымының жетекшісі болып тағайындалдым. Осылайша әуелі партиядағы, кейін тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек жолым басталып кетті.
Аудандық комсомол ұйымына 6 жыл жетекшілік жасадым. Осы қызметте жүріп, Мәскеуді көрдім. Халықпен қызмет жасауды үйрендім. Түрлі деңгейдегі мінбеден өз ойымды айтуға дағдыландым. Көп ұзамай аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындалдым. Одан кейін облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, аудандық партия комитетінің екінші, бірінші хатшысы сынды қызметтер бірінен соң біріне жалғасып кете барды.
Небәрі 38 жасымда Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болдым. Сол мезгілдегі одақтық деңгейдегі басшылардың орта жасымен есептегенде мен олардың немересімен жасты болар едім. Бұл қызметте 2 жылдай еңбек еттім. Содан соң ойламаған жерден Орталық Комитетте қызмет жасау туралы ұсыныс түсті. Егеменді Қазақстанның алғашқы күнінен бастап қолдан келгенше адал еңбек еттік.
Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі сынды қызметтерде жүріп тәжірибе жинадым. Жауапкершілігі мол қызметте алдыңғы толқын ағалардың ақыл-кеңесіне жүгіндім. Үлкендерден алған тәлім мен тәрбиенің арқасында бірде-бір тәртіптік жазаға тартылған емеспін.
Парламент Мәжілісінің екі шақырылымында депутат та болдым. Бұл орайда маған сенім артқан жамбылдықтарға айтар алғысым шексіз. Парламент қабырғасында жүріп, «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясына жетекшілік жасадым. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқардым. Депутат ретінде Жер шарының түкпір-түкпірін аралап көрдім. Біріккен Ұлттар Ұйымының қабырғасындағы үлкен жиынға қатыстық. Еуроодақтың Парламенті мінберінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері атынан сөз сөйлеу мәртебесіне де ие болдым. Бұл сәттердің барлығы ешқашан ұмытылмайды.
Осы орайда маған тәрбие берудегі, отбасыма қолдау білдірудегі әкемнің көзін көрген, қызметтес болған Шу ауданындағы Сара Хасенов, Шәкір Дөненбаев, Нұрғали Торғайов сынды азаматтардың еңбегін ерекше айтқым келеді. Әйтпесе 7 баланың тағдыр тәлкегімен қандай күй кешерін кім білсін? Шынында менің өмір жолымда жақсы жандар көп кездесті. Қызмет пен саясатта азын-аулақ белесті бағындырсам сол азаматтардың арқасы деп білемін.
– Аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығынан Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетіне қызметке шақырылдыңыз. Сол замандағы ең беделді құрылымның өз кадрларын жаңашыл жастар мен жергілікті жердегі басшылардан іріктегені белгілі. Ал бүгінде Президенттік жастар кадрлық резерві жасақталды. Мемлекеттік қызметтегі дәстүр сабақтастығы қаншалықты жемісті болады деп ойлайсыз?
– Өзіңізге белгілі, 1980 жылдардың аяғына қарай республика басшылығы ауысты. Жаңа басшылардың талабымен Орталық Комитетке өңірлердегі жас басшылар қызметке шақыртыла бастады. Осында азды-көпті тәжірибе жинаған олар өңірлерге қайтарылып жатты. Мен де солардың бірі болып Орталық Комитетте 2 жылдай қызмет жасадым. Бізге алғаш келгеннен мұнда түпкілікті қалмайтынымызды айтты. Партияның сарбазы ретінде бұйрыққа сай республиканың кез келген өңірінде қызмет жасауға келісімімізді де бердік.
Үлкен қызметтерге резерв арқылы қою үрдісі сол кезде болатын. Оны Орталық Комитетте мен қызмет еткен бөлім реттеп, үйлестіріп отырды. Осы қызметте жүрген күннің бірінде мен Жамбыл облысына жаңадан тағайындалған партияның бірінші хатшысы Сәбит Байжановпен жолығып қалдым. Ол кісі мені өзіне шақырды. Алайда, Орталық Комитеттегі тәртіп қатал. Маған таңдау еркі берілмеген. Сәбит Мұқанұлы өз ұсынысына келісімім ғана қажет екенін айтып тұрып алды. Қалған келіссөздерді өзі жүргізуге ниет танытты. Осы кездесуден көп уақыт өтпей сол кездегі Президенттің көмекшісі келіп мені Нұрсұлтан Назарбаев іздеп жатқанын айтты. Нұрсұлтан Әбішұлы мені көрген сәтте: «– Әй, Әмзебек, елге қашайын дедің бе?» деп қалжыңдады. Мен Сәбит Мұқанұлымен болған әңгімені айтып бердім. Нұрекеңмен әңгімеден соң ол кісі менің Жамбылда қызмет жасауыма қарсы еместігін білдірді.
Жалпы мемлекеттік қызметке қалай болғанда да кадрлық резерв керек. Өмір бір орнында тұрмайды. Алайда, мұндағы бұрынғы тәсіл мен қазіргіні салыстыру қиынның-қиыны. Алайда Кеңес одағы ыдырамай тұрып, үлкен қызметке жету үшін мамандардың сатылай өсу жүйесі қалыптасты.
Ал Президенттік кадрлық резервпен қызметке тағайындауда осы мәселе ескерілмей қалған секілді. Басшы әр деңгейдегі шешімдерді қабылдауға жауапты. Бұл шешімді қабылдауда оған құр сауаттылық жеткіліксіз. Ол өз саласын, өзі жетекшілік ететін өңірді бүге-шүгесіне дейін білуі қажет. Президенттік кадрлық резерв сынынан өткен қарапайым инженерді министрдің орынбасары етіп тағайындай салу дұрыс емес. Менің ойымша оның қарым-қабілетін тестілеу арқылы толық танып біле алмаймыз. Сондықтан да қай жаста болмасын қызметке тағайындауда оның мансаптық өсу жолының реттілігі сақталуы керек.
Әрине жастардың қызметте өскенін, көтерілгенін құптаймын. Бірақ, Президенттік кадрлық резервке өтіп алған қатардағы лаборанттың ертең кәсіпорын тізгінін ұстауы қиындау мәселе. Мемлекеттік басқаруда сатылай өсу жүйесі керек.
– Өзіңізге мәлім осыдан тура бір жыл бұрын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Президент Әкімшілігінде қызмет атқарған азамат ретінде бұл шешім сізге қалай әсер етті?
– Бірінші естігенде қатты толғандым. Бір жағынан бұл шешімнің уақытылы қабылданғанына қуандым. Елбасының орнын басқан азаматқа Тұңғыш Президенттің тәжірибесіне сүйеніп, ақыл-кеңесін тыңдау мүмкіндігі беріліп отыр. Алайда, ол кісіні ұлықтау шараларының асығыс жүргізілгені көңілге қаяу түсірді. Онсызда ол кісінің есімі халық жадында тарихи тұлға ретінде мықтап бекіген еді. Ал асығыс жүргізілген шаралар халықты әртүрлі ойға жетелейді. Биліктің ауысуы толығымен Конституцияға сай бейбіт жағдайда жүрді. Қазір халық сауатты. Ғаламтор арқылы бәрін көріп-естіп біліп отыр. Мұндай жағдайда биліктің ауысуы заң талабына сай жүргізіледі. Қалған мәселені реттеу уақыттың еншісінде.
– Бір кездері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бір топ депутатымен бірге Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентіне «Ұлт көшбасшысы» атағын беру идеясын көтердіңіз. Жалпы бұл идея қайдан келді?
– Жыл сайын Парламенттің екі палатасының депутаттары өңірлерге шығып, сайлаушылармен кездесіп тұрады. Сайлаушылардың арасында көтерілген ұсыныстар мен пікірлерді назарға аламыз. Сондай сапарлардың бірінен соң фракция мүшелері жиналып, пікір алмастық. Басқосуда халық тарапынан түскен ұсыныстың бірі ретінде Тұңғыш Президентке «Ұлт көшбасшысы» атағын беру туралы ой айтылды. Мәжілістің сол кездегі төрағасы Орал Мұхамеджановқа мән-жайды түсіндіргенімде де ол кісі шешімді өзіміз қабылдауға кеңес берді. Мәселені Мәжіліс депутаттарының назарына жеткіздік. Біздің бастамамыз қоғамдық пікірталас тудырды. Біреулер жақтады. Біреулер даттады. Халық қалаулары соңында бұл ұсынымызды қолдап, біз өз идеямызды заңмен бекіту ісіне кірістік. Күні бүгінге дейін бұл идеяның авторларының бірі екенімді ашық айтып жүрмін. Ең бастысы бастаманың сайлаушылардың қалауы екенін ұмытпау керек.
– Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде қызмет атқара жүріп, түбі бір түркі жұртын бір мүддеге тоғыстыруды құптадыңыз. Расында түркі жұртын көп нәрсе біріктіреді. Соның ішінде әз Наурыз мерекесі де бар. Осы мерекенің мән-мазмұнына қатысты ойыңыз қандай?
– Наурыз – жыл басы. Оны жылдың басы ретінде тойлануы да түркі жұртына тән. Ал мерекенің тойлануына қатысты дұрыс, әлде бұрыс деген сыңайдағы пікір білдіре алмаймын.
Оны кеңестік кезең мен тәуелсіз Қазақстан арасындағы мейрамның тойлануы деп қарастырған жөн шығар. Кеңес дәуірінде Наурыз мерекесін әр өңір әрқилы етіп тойлады. Жалпы Наурыз ұлттар мен ұлыстардың бірлігін нығайта түсетін мереке. Сондықтан мерекенің осы бір сипатына айрықша мән беру қажет секілді.
Ал қазір Наурызға жыл сайын түрлі жаңалықтар, элементтер енгізіліп жатыр. Өйткені түркі жұртына жататын мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас та дамуда. Бұған дейін Наурыз әр мемлекетте әр күні тойланып келді. Мәселен өзбектер бізден екі күн бұрын тойлайтын. Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшылығы Өзбекстандағы әріптестерімен келісіп, ұлыс күнін бір күнде атап өту туралы келісімге келді.
– Елбасы шешімімен елорданы Арқа төсіне көшу үрдісінің куәгері болдыңыз. Ақмоланы астанаға айналдыру процесі көз алдыңызда жүрді. Осы бір сәттер жайында әңгімелеп берсеңіз…
– Астананың Алматыдан Арқа төсіне ауыс­тырылуы мемлекет тарихындағы ең елеулі оқиғаның бірі болды. Дегенмен сол шешімді қабылдаған Тұңғыш Президенттің қасында жауапты қызметте жүрсек те, біз алғашында бұл шешімнің маңыздылығын сезіне алмадық. Әрине депутаттармен талқылауда көп пікірлер болды. Алайда содан бергі ширек ғасырдағы тарих сол шешімнің орынды болғанын анық дәлелдеп берді.
1997 жылдың мамыр айында Ақмолаға бардық. Қаланың сол кездегі кейпін қарап, екіұшты ойда қалғанымыз бар. Өйткені Ақмолада бір мемлекеттің астанасы атануға дайындықтың лебі де сезілмеді. Қаланың көлемі сол кездегі Жамбылдан (қазіргі Тараз қаласы) да кіші болды. Бізге «Мынау Президент Әкімшілігінің ғимараты болады» деп бұрынғы облыстық партия комитетінің ғимаратын көрсетті. Алайда, онда ешқандай инфрақұрылым жоқ еді. Қызметкерлер арналған жатақхананың құрылысы да енді қолға алынған.
Арада 6 ай өткен соң №1 бортпен Ақмолаға келдік. Алматыдан шыққанымызда күн жарқырап тұрған, ал Ақмолаға келіп қонған ұшақтан шыға алмай ұзақ тұрып қалдық. Сыртта қар аралас жаңбыр жауып тұр.
Алғашқы күннен жатақханаға 2 қызметкерді 1 бөлмеге орналастырды. Жұмыс орындарын өзіміз дайындадық. Уақыт өте бәріміз Арқаға көшудің мән-жайын толық түсіндік. Президент Әкімшілігінің кезекті бір жиынында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Арқаның ақтүтек боранында артпен жүруді үйренгендеріңді естіп жатырмын» деп әзілдегені бар.
– Араға 30 жылдай уақыт салып Тараз қаласына қайта қоныс аударып жатыр екенсіз. Қаланың бүгінгі кескін-келбетіне қандай баға бересіз?
– Соңғы екі жылда қаланың келбеті күрт өзгерді. Оған халық куә. Сыртта қызмет жасағанымызбен елден қол үзген жоқпыз. Таразға келіп-кетіп жүрдік. Көне шаһардағы соңғы өзгерістерге көңіл толады. Жақында бір іс-шарада даңқты боксшы Серік Қонақбаевпен кездесіп қалдым. Амандық-саулықтан соң Серікке Таразда тұрып жатқанымды айттым. Ол: «Ұйықтап жатқан қалада не істеп жүрсіз?» деп басын шайқады. Өз кезегімде мен оған «оянған» Таразды көруге кеңес бердім. Осы сөзден-ақ қаладағы өзгерістерді тани беруге болатын шығар. Қысқа мерзім ішінде сәулет саласында осындай революциялық өзгеріске жол ашқан облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовтің азаматтығына халықтың алғысы шексіз.
– Қоғам қайраткері ретінде сізді қоғамдағы қандай мәселе ойлантады?
– Бүгінгі қоғамдағы жастар тәрбиесі мен жемқорлық мәселелері жаныма қатты батады. Бұрын жастарды әуелі балабақша, одан соң мектеп, комсомол, партия тәрбиелейтін. Қазір балабақшаға баратын бүлдіршіндер үшін смартфонмен ғаламторға қосылу ешқандай қиындық туғызбайды. Ал ғаламторда не жоқ? Әрине жаһандану жақсы. Әлеуметтік желінің де пайдасы көп. Алайда, оның жақсы-жаманын сараптауға жастардың санасы қалыптаспаған. Міне осы мәселені ойламасақ, ұлттық тегімізден айырылып қаламыз ба деген қауіп басым.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Тараздағы кәсіпорынның бірін басқарып тұрғанымда Оңтүстік Кореяда болдым. Сондағы іскерлік топпен ресми кез­десуден кейін олар маған жастарының батысқа елік­теу­ден қауіптеніп отырғанын айтқанда таңда­ны­сым­да шек болған жоқ. Кеңес азаматын еріксіз таңқалдыратын жаңа технологияның бел ортасында отырған ел азаматтарының бұл қорқынышы ол кезде маған таңсық еді. Сонда мен уақыт өте біздің еліміз осы мәселемен бетпе-бет келерін ойлаған да жоқпын.
Сол секілді жемқорлықтың өршуі де ойлан­ды­ра­ды. Өкінішке қарай біз бұл мәселенің түп негізі­мен күресе алмай келеміз. Қазына қаржысын өз қал­та­сы­мен шатастырғандардың әрекетін халық бес сау­са­ғындай біледі. Сондықтан жемқорлықпен шындап күресу керек.
– Жастарға қандай кеңес бересіз?
– Шыңғыс Айтматовтың «Адам баласына ең үлкен сын – күнде адам болу» деген сөзі бар. Расында адам баласы дүние есігін кіршіксіз кейіппен ашады. Оған өмір жолында түрлі сынақ кездеседі. Құлайды. Сүрінеді. Аяққа тұрады. Алайда басты мәселе оның адамдығынан айнымауында. Осы бір қағиданы бағдар етіп ұстанса, жастарымыз жаман болмайды.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат Күзекбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.