Өмір…

0 10

Адамдардың өмірінің бәрі тек күлкіден, шаттықтан тұрмайтыны сөзсіз. Кейде жабырқаулы көңіл күйге түссек, өзімізді алдаумен боламыз. Осы тұрғыда «Адамның бүкіл өмірі – өзін-өзі жұбату, өзін-өзі алдау» деген Қадір Мырза-Әлінің сөзі еріксіз есіме оралады. Айтып тұрғаны нағыз шындық. Кейде бәрін тастап, алыс-алыс жерлерге кетіп қалғымыз келеді. Ал кейде «Не болыпты? Пәленшенің баласы да жүр ғой өлмей-ақ» деп өзімізді бір сәтке болсын жұбатып, алдарқатып жүреміз. Өмірге келерде әрбір сәби таза, пәк, жақсы болып дүниеге келеді. Ал оның кейін қандай адам болары, өмірді қалай сүруі тікелей өзіне ғана байланысты. Айтпағым, адамның бәрі жақсы, тек оның болмысын мына өмір өзгертеді. Ақша тапшылығы, сырқаты, мүмкіндігінің шектеулілігі, жақындарынан айырылуы, сенгіштікпен қараған достары алдап кетуі, келеңсіз оқиғалар, әділетсіздік, міне, осындай факторлар адамның өмірге деген сүйіспеншілігін өзгертеді.
Адамдар есейе келе үлкен міндет арқалағандай жауапкершілік сезінеді. Тіпті ақшаның көзін тапқандай, бұлақтың көзін ашқандай екі есе қуанып, құнығып кетеді. Бұл өмірлік шындық, ақшасы қалтасына сыймай, адамның ойына кіріп-шықпайтын әрекеттерге барып, бұрынғы жақсы, игі, періштедей қалпынан ажырай бастайды. Кейін неге мұндай күйге түстіңіз деп сұрай қалсаң, әйтеуір, айналып келіп өмірді кінәлайды. «Өмір өзгертті мені» деп өзін-өзі алдап, ары қарай солай күнелтеді. Өмірдің өрі де, ылдиы да жетерлік екені шүбәсіз. Оның қиыншылықтары да, қуаныштары да аз емес. Бір білерім, бұл адам баласының өзіне байланысты. Қуанышты сезінгісі келсе күндей жарқырап, Құранда жазылғандай, күлкі арқылы сауап жинап жүргені – игі іс еді. Бірақ өмір тоқтаусыз, ешкімді күтпейді, уақыт та өмірдің бір сәті ғана.
Тіршілікте көп жақсылық жасап, сыйластықпен уақыт өткізсек, жауабы да екі есе өзімізге келеді. Өмір айналадағы эмоциялардан бөлек, құбылыс пен өзгерістерден тұрады. Өмір заңы өзгеріп отырады, оны алға қарай жетелейтін – біздің армандарымыз. Маған да, сізге де арман, мақсат, мүдде керегі сөзсіз. Армандамай, күнін жай ғана өткізіп, өмірге неге келгенін түсінбей кететін жандар жетерлік. Сіздің де солардың қатарынан табылуыңызды қаламаймын. Әр іс-қимылымыздың маңызы бар. Бала күнімде анамның айтқан бір сөзі әлі есімде: «Бүгін бармыз, ертең жоқпыз». Кейде осы сөзді ойлағанда терең тұңғиыққа батып кете жаздаймын. Себебі өмір – біз бір күні жоқ болып кетсек те жалғаса беретін ұлы толқын. Кімнің қашан дүниеден өтетіні ешкімге белгісіз.
Бұл өмір ақшамен, алапат сезімдермен, қайғы-дертпен өлшенбейді. Әр пенденің өзінің жығылатын, сүрінетін кезі болады. Нағыз рухты жан сол сынақтан нық сеніммен қайта тұрып, өзгелерге үлгі болары анық. Менің өмірге деген көзқарасым тым бөлектеу, кейде аспанда қалықтап, қиялмен өмір сүремін. Кейде қатты түңіліп, өмірге өкпелеп қалатыным бар. Бірақ соңында әділеттілік боларын бәріміз білеміз. Өмірге қалай қараймыз, ол бізге дәл солай қарайды. Өмір – үлкен майдан. Күресе білген адам ғана жетістікке жете алады. Күресу арқылы ащыны да, тұщыны да сезіне аламыз. Қамшының сабындай ғана қысқа өмірде бір-біріміздің қуанышымызға себепкер болып жүргенге не жетсін!

Ақбөпе ЖАЙЛАУ,
«125» білім беру орталығының 11-сынып оқушысы,
Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.