«Өмірдің тірегі – Ана»

0 105

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
Айша Көпжасарова.

– Табиғатынан әйел баласының жаны нәзік. Ал ақынның жолы одан да… Бұл екеуін бір жүректің төрінде тоғыстырудың жауапкершілігі қандай?
– Негізі бұл екеуін тек Тәңір ғана тоғыстырады ғой. Жалпы, сурет салу, өлең жазу секілді өнердің барлығы да Алладан сый болып беріледі. Бір балам өлең жазса, қызым сурет салады, мысалы. Өлең маған құйылып түседі. Меніңше адам өзінде жоқ бір жақсы қасиетті біреуден көрсе, ол міндетті түрде сол адамды жақсы көріп қалуы мүмкін. Жақсы көру, ұнату, сағыну секілді сезімнің сан түрі өнерге жан бітіреді. Ал адамның жан дүниесінде өлеңге деген құмарлық болса, сөз құдіреті басыңа бақ болып қонады. Тек оны уақытында жазып қоюың керек. Рухани әлеммен іштей қарым- қатынасың пайда болады. Сондықтан ешкім ақын болайын демейді. Бірақ оны әрдайым дамытып отыру қажет. Әйтпесе ол сол бойы сөніп қалады.
– Ақын әлемі романтикадан жаралған емес пе? Алғаш қолға қалам алған сол ностальгиялық шақты еске алсақ…
– Мен өзім көктем мезгілін қатты жақсы көремін. «Көктем шығып келеді әнін айтып, айналаңды қаласың танымай түк» деп жазған едім. Айналаның бәрі әдемі, мамыражай, үлкен кісілер де, жас балалар да далаға шыққысы келеді. Табиғат-Ана құлпырып, дала түлеп, түрленеді. Мен де осы мезгілде өлең жазамын. Баяғыда 4-сыныпта оқып жүрген бала күнімде сол кездегі топ көшбасшысы (вожатый) маған «Ертең мақала жазып кел» деген тапсырма бергені есімде. Өзі 10-сыныптың баласы. Мақаланың не екенін білемін бе ол кезде? Сонымен үйге барып, ары-бері отырдым. Күн әдемі көктем еді. Сол кезде 4 шумақ көктем туралы өлең жазыппын. Апарып бердім. Сөйтсем, Зүлтән деген топ жетекшісі «өлең емес мақала жаз деп айтып едім ғой» деп ұрысты маған. Өзім бала күннен томаға тұйық, ұяңмын. Мақала деген не, қалай жазылады ол деп те сұрай алмаппын. Үндеген жоқпын. Содан кейін мүлдем ештеңе жазбай қойдым. Сол кезде менің қабілетім шорт кесілген. Рухани қолдау болмады. Дамытпадым да. Сонымен Алматыдағы №12 мектеп-интернатында оныншы сыныпта оқып жүргенімде, білім ошағындағы кездесуге заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов келді. Әпкем Алматыға тұрмысқа шыққан. Артынан барып, алып шаһарда қалып қалдым. Сол кезде Мұхтар Әуезовтың алдында айқайлап тұрып өлең оқыдым. Осылайша ұстаздарға, табиғатқа арналған өлеңдерді аздап жаза бастадым. Көп емес, бірақ. Сабақты жақсы оқыдым. Ауылға келіп облыстық «Ақ жол» баспаханасында корректор болып жұмыс жасадым. Және машинистің оқуын оқып, оны да қатар алып жүрдім. Сол кезде үйдегі ағаңызбен отау құрдық. Бір күні жұмыстан шықсам, есіктің алдында әскери киіммен екі жігіт тұр. Танысуға келіпті. Мені ескі базарға ертіп апарып, қауын сатып алды. Өздері әскери училищеде оқиды екен. Солай базарда қауын жедік. Қазір болса жастар ресторан мен кафеге барады ғой. Ал ол уақытта біз бәріне ризамыз (күліп).Ұяң, ұялшақпыз, көп сөйлей алмаймыз. Жігіттің қасында қазіргі жастар секілді жүре алмаймыз да. Сонымен түскі ас бітті. Қайттық. «Ертесіне кешке қарай келемін» деп айтып кетті. Менен бір жас кіші Есенгүл деген қарындасын танитынмын бұрын. Ертеңіне кешкісін келіп, жұмыстан шыққан мені «Үйге жеткізіп тастаймыз» деді де таксиге отырғызды. Көліктің көкесі, ең мықтысы ол кезде «Волга» еді. Сол отырған бойда екеуі мені алып қашып кетті. Бір жыл өзінің ауылы, Талас ауданына қарасты Қызыл октябрьда тұрдым. Ал, өзі оқуға кетіп қалды. Бұл уақытта мен ауылдағы мектепте бастауыш сыныптарына орыс тілінен сабақ бердім. Кейде 4 және 2-сынып оқушылары бір сыныптың ішінде отыратын. Себебі бала саны аз. Екінші жылы сырттай оқуға түсетін болдым. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің тіл әдебиеті факультетіне бардым. Емтиханды 5-ке тапсырып өтіп кеттім. Ұлты еврей Мәулен Балақаев деген қатал кісі болатын. Ол кісіден барлық студенттер қорқатын. Ал мен дипломымды сол кісіден алдым. Кейін 17 жыл Қаратаудың мектебінде жұмыс жасадым. Содан кейін бұрынғы Тараз педагогикалық институтында сырттай оқыту бөлімінде жұмыс істедім. Отағасы әскери салада болғандықтан, жан-жаққа көшіп жүрдік. Өмір ағысымен Жақсылық Сәтібеков жұмыс істеген театрдағы әдебиет бөліміне келдім. Сол жерден зейнетке шықтым.
– Өмір мен өлең өлкесіндегі ұстанымыңыз қандай?
– Менің ұстаныным тек қана адалдық. Өтірік айтпайтын, уәдесінде тұратын жандарды жақсы көремін. Қазіргі жастарымыздың арасындағы жалқаулыққа мүлдем қарсымын. Шындықтың көзіне тура қарап, тіке, батыл айтатын адамдарды құрметтеймін. Ақындарда осындай принцип болуы керек деп ойлаймын. Өйткені тек жаны таза адам ғана ақын бола алады. «Әдебиет – ардың ісі» дегеніміз де сол.
– Қоғамдағы ақындар бүгінде пойызға билетсіз мінген адам секілді жүрген жоқ па, қалай ойлайсыз?
– Солай болып жатыр. Гонорар дегенді білмейді. Кітабыңды өзің шығарып, өзің жан-жаққа таратып жүресің. Болмаса үйге алып келіп, үйіп қоясың. Сол бола ма? Болмаса той жасап, кітаптарымды бәріне бір-бірден тегін-ақ бөліп беремін. Ең құрығанда елдің үйінде тұрсын. Былтыр немеремнің тойында да таратып жібердік кітаптарымды. Үкімет баяғыдай ақын -жазушылардың кітабын шығарып, оларға гонорар берсе. Бұрын пышақтың қырындай ғана кітап шығарып соған мың сомнан аса қаражат беретін. Ол 3-4 мыңға бір жаңа көлік алатын кез еді. Қазір ондай жоқ.
Байқасаңыз, бүгінде жазушылардың басым көпшілігінің жағдайы төмен. Себебі олар жазудан басқа ештеңемен айналыса алмайды. Обал ғой. Кітаптың таралымы дегеніміз мыңнан аспай қалды. Сол мыңның өзін өткізе алмаймыз. Қаламгерлер қолдауға өте мұқтаж.
Бұрындары ақын-жазушыларды халық керемет қарсы алатын. Ақын да ұстаз. Баяғыда Қырғызстанға, шетелдерге ақын-жазушыларды арнайы топтап жіберетін. Ол топтың ішінде үлген қаламгерлер де, жергілікті азаматтар да болатын. Сол кезде жақсы еді. Халықпен қоян-қолтық араласасың, олардың тұрмысын көзбен көресің. Шығармашылыққа да, халыққа да пайдасы мол еді.
– Шығармашылық қуатыңыздың қайнар көзін қайдан аласыз?
– Тұманбай Молдағалиев айтпақшы, мен де шалқар шабытты бала-шағадан аламын. Жас кезімде Тұманбай ағаға барғанмын. Сол кезде ол кісі «Өлеңдерің жақсы екен. Өлеңнің аяғын «ударный» қыл» дейтін. Жазылу тәсілін де түсіндірді. Сол «ударныйынан» басқасын түсінген де жоқпын ол уақытта (күліп). Себебі мектепте жұмыс істеймін. Түн ортасына дейін оқушылардың дәптерін тексеремін. Өзіңнің балаларың бар. Қонақтар келіп қалады. Отағасы да көпшіл кісі. Анда-санда бір өлең жазсам отбасымнан қуат аламын. Ал жалпы өлеңге деген ынтамды көтерген Күләш Ахметова. Мен 37 жасымда ғана поэзияға толыққанды бет бұрып, жаза бастадым. Бұрындары сирек жазатынмын. Уақыт та бола бермейтін. Жазып қойып, үндемей жүре бересің. Шүкір, 3 ұл, 1 қызым бар. Бірақ мен алты құрсақ көтердім. Өмір көп нәрсені үйретеді ғой. Халыққа, жастарға көптеген тағылым мен нақыл айта білуіміз керек. Оны былайғы тілмен айта алмайсың. Сондықтан өлеңге салып айтасың. Өмірде әйелдердің барлығы ұстаз ғой.
– Оқырманға ой салар өлеңдеріңіз аз емес, жалпы ойға жиі берілесіз бе?
– Күнделікті күйбең тіршілікте қыбыр-жыбыр етіп жүріп те ойға беріліп кетесің. Ойланып бірдеңені қарық қылмасаң да әрдайым ой жетелеп жүреді. Бір күні солай әдемі туынды шыға келеді. Қоғамдағы мәселелер жаныма қатты батады. Халыққа басқа ештеңе керегі жоқ. Жұмысы, оның айлық жалақысы, зейнетақысы, жәрдемақысы дұрыс болса жеткілікті. Біз, қазақ бала үшін өмір сүретін халықпыз. Қазір балаларды жеткізіп, енді немере бағуға шықтық. Осылар ауырып қалмаса, заман тыныш болса екен деп тілейтініміз сондықтан. Сол бала-шағамыз жетіліп, еліне қызмет етсе деп өмір сүреміз. Өз нандарын өздері адал тапса деген ниет. Ақынның, ананың, жазушының һәм бәрінің ойлайтыны сол.
– Аяулы ана ретінде өскелең ұрпаққа рухани құндылықтарды байыту үшін қандай пікір қосар едіңіз?
– Идеологиялық тәрбие керек жастарға. Бұрын пионер, комсомол дедік. Жалпы тәртіп үлкендерге де, жастарға да қажет. Мәселе ұрып-соғуда емес. Тәртіп бар жерде адамның рухы мықты болады. Біз балаларды ұрып өсірген жоқпыз. Бірақ бәрібір уыста ұстадық. Бала деген дастархан басында тәрбиеленеді. Сондағы айтып отырған сөздің бәрі баланың санасына қона береді. Жақсы сөз болса да, жаман сөз болса да сіңіреді. Сондықтан жақсы сөздерді көбірек айтуға көңіл бөлгеніміз дұрыс. Ата-баба, туған жер жайлы және қисайып бара жатқан тұстардың жаман екенін де үнемі айтып отырамын. Балаларым ішімдікке жолаған емес. Шылым тартпайды. Оған да рахмет. Отағасы үнемі жұмыста болды. Әскери адам болғандықтан, түн ортасында шұғыл кетіп қалады. Мерекелерді атап өтуге уақыты болмайтын. Бала тәртібі мен тәрбиесіне өзім жауапты болдым. Жастарға қаталдық керек. Бауыржан бабамыз да «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп айтты ғой. Ұлы Отан соғысында біз сондай темірдей тәртіппен жеңіске жеттік.
– «Қазақ деген пәк періште баладай,
Кімге болсын мейірі ыстық анадай.
Жер-жаһанда мұндай халық жоқ шығар,
Мырзалығы, дархандығы даладай» деп, ел мен байтақ далаға деген зор махаббатты маржан сөзбен кестелейтін шығармашылығыңызда шынайы сезім, нәзіктік пен ұлттық философия басым. Музаңыздың туған жерге деген махаббаты жайлы айтып өтсеңіз…
– Перзенттік махаббат үлкен. Бірақ біз қазақ күйеуі қайда барса, әйелі сонда баратын халықпыз ғой. Өйтпесе болмайды. Отағасы – бас, бастап жүреді. Қайда қызметке барса да бас иенің соңынан ілесіп жүрдік. Туған жермен тағдырым бала күннен тығыз байланысты. Өзімнің ата-анам да осы жерде туып-өскен. Соғыс өрті тұтанды, ашаршылық болды, ата-анамыз соның барлығын осы жерде бастан кешкен. Менің өзім тура сол сұрапыл соғыс жүріп жатқан 1941 жылы дүниеге келдім осы өлкеде.
– Ұлбике мен Жаңылдықтың, Әлмен мен Ақбөпе, 21 жасында Кененмен сөз қағыстырған Ләтипа мен Шәлипа, Бармақ ақынмен айтысқан Жанат қыз, Ойықтың орақ тілді, от ауызды Дүриясы, қылыш тілді Қырмызы мен Баян, Өзипа ақын, осылардың барлығы өлке тарихындағы жамбылдық жыр патшайымдары деп айтсақ артық болмас. Осы қасиетті сабақтастықты Күләш Ахметова, Рза Қунақова һәм өзіңіз, Шырын Мамасерікова, көзден кетсе де көңілден кетпеген Эра Орманова, Мадина Көбеева, әлі де өмірді өлеңмен өрнектеп жүрген Үміт Битенова, Ғайни Әлімбекқызы, ардақты аманатты абыроймен жалғастырдыңыздар. Ал келешек ақын қыздар жайлы не айтар едіңіз? Олардың жауапкершілігі қандай?
– Мен әрдайым жастарға қол ұшымды созуға даярмын. Көп оқыған адамның көзі ашық болады. Жастар газет-журнал, барлығын оқып жүрсе зерек болып қалыптасады. 78 жасқа кетіп бара жатқандықтан барлығын жыға тани бермеймін. Кейбіреулері тастап кетеді өлеңді. Біреуі жап-жас болып қайғы-қасіретті жазады. Тыныштықбек Әбдікәкімов секілді жазады. Бірақ еліктейтіндердің басым көпшілігі өзі жазғанын ел түгіл өзі түсінбейді. Оны және дұрыс екен дейді. Құдды бір тозақта өмір сүріп жатқандай, өлім туралы көп жазады. Оның не керегі бар, өлімнің бар екені, болатыны рас. Ол белгілі. Жыласаң да, жыламасаң да, мұңайсаң да, қуансаң да өмір бар жерде өлім бар. Сондықтан жылаңқы болып, жастар уайым-қайғыға батып кетеді. Ол маған ұнамайды. Өзі жап-жас бола тұра әлсіздік танытып, азапқа арнау жазса оның ондай өлеңі кімге керек? Оданда мынау өмірдің қызығын, тірліктің тамашасын жаз. Жүрегіңе не қозғау салады, соны жаз. Қазіргі жастар неге өлім жайлы өлеңге үйір болғанын түсінбеймін. Өмір қиын болды дейді. Адам жас күнінде өмірдің қиын екенін білмейді, байқамайды да. Ол дұрыс емес. Содан шыға алмай қалды. Келіссе де, келіспесе де, ұйқасы болса да мағынасы жоқ дүниелерге құмар. Керек емес дүниені әдебиетке алып келудің де қажеті жоқ. Бұл оқырман мен әдебиеттің арасын алыстатып жібереді. Бұрын Ерлан Жүніс те экспериментке көп баратын. Бірақ қазіргі өлеңдері қазақи түсінікте.
– Қоғамның қандай мәселелері нардай нәзік жүрегіңізге найзағайдай батады?
– Халық арасында жұмыссыздық ең өзекті өткір мәселе болып тұр. Жұмысы барға да төленетін ақша түкке тұрмайды. 40 мың теңгемен бала-шағаңды асырайсың ба? Үйге ай сайын жоқ дегенде 150 мың теңге түсуі керек. 40-50 мыңға тепсе темір үзетін жігіттеріміз қалай жегіледі? Көшеде тұр қазақ жігіттер. Мен қатты қапаланамын оларға. Байқасаңыздар, сол «құлбазарда» тұрғандардың барлығы қазақтың жігіттері. Арасында бірде-бір өзге ұлттың өкілі жоқ. Неге жалғыз қазақтың балалары тұр? Содан үйге бірнешеуін алып келіп, ауладағы шаруаларды тындырғаннан кейін көшеде олай тұрмауын ескертемін. Өзі таңнан кешке дейін тұрып тапқан 2-3 мың теңгесінің жартысын араққа жұмсайды. Қалғанын алып барады үйіне. Міне, сол үшін ғана «құлбазарда» күнін өткізеді екен. Ұят қой. Айтсам мені жақтырмайды, үндемейді. Жұмыстың ақшасы көбірек болса бала-шаға үшін барады ғой. Қазір еден жуушы келіншектердің өзі 30 мың теңгені қанағат тұтып отыр. Өзінің түскі асынан артылмайтыны түсінікті. Бір жиеншар келінім бар. Қазір мектепте солай нәпақа тауып жүр. Сонда айналдырған отыз мыңға бола таң азаннан бастап, кешкі тоғыздарға дейін мектепте жүреді екен. Еденді мұздай сумен жуады. Міне, ол қазіргі бәрі қымбаттап кеткен заманда ақша емес. Мәселен күні кеше ғана дүкенде бұрын 600-700 теңге болатын балықты мың теңгеге сатып алдым. Мен алармын, ал халықтың бәрінің бірдей мүмкіндігі жоқ қой. Жастардың ұрлыққа барып, тонайтыны, қылмыс жасайтыны сондықтан. Жағдай жақсы болса біреудің қаңсығын ешкім таңсық етпейді де. Қаншама жастар түрмеге түсіп жатыр солай. Жалпы депутаттардың барлығының, бастықтардың айлықтарын қосып, саралағанда орташа ортақ табыс 150 мың теңге екен. Сол ортақ табысты неге халыққа да бермейді мысалы? Астанада 5 бала не себепті өртеніп өлді. Не үй жоқ, не тамақ жоқ, соларға нан табу үшін ата-ана жұмысқа кетті. Шиедей балалардан айырылып қалдық. 40-50, тіпті 60 мыңмен де алысқа бармаймыз. Айлық жалақы жоқ дегенде 100 мыңнан кем болмауы қажет. Жәрдемақының өзі дәрі-дәрмекке де жетпейді. Мысалы, менің кіші інім қайтыс болды, оның баласы қолымда медициналық колледже оқып жатыр. Биыл бітіреді. Анасы жұмыс істемейді. Сол ана мен балаға Үкімет 22 мың теңгеге жетер-жетпес ақша төлейді. Ол нанға да жетпейді ғой. Оларды түгел қолыма алып, өзіміз тәрбиелеп отырмыз. Ал мен болмасам қалай күн көреді? Көше сыпырып кетуі керек пе сонда? Халықтың көбінің жағдайы нашар. Осы менің жаныма өте қатты батады.
– Қазіргі қазақтың қара көз қыздарына, келіндеріне, жас аналарға қандай ізгі кеңес айтар едіңіз?
– Мен қазір «Кел, келінім» мен «Қалаулым» деген тележобаларды көріп жүрмін. Сол екеуінде де қыздардың мінезіне қайран қаламын. Көпке топырақ шашпаймын. Бірақ барлығы «нервный», бетінде ұяты жоқ, шетінен көкбет. Әлі үйленбеген жігітпен салғыласып, ұрсады. Оны қызғанады. Оның ешқандай құқы жоқ қой олай жасауына. Ұят емес пе? Қазақтың қызы деген атқа лайық болу керек. Әйтпесе болмайды. Үйленбеген жігітті жерден алып, жерге салады көз алдыңда. Ал жігіттер сонда да артынан қалмайды олардың. Жігіттерге не болған деп ойлаймын. Қазірден мынадай, үйленіп алғаннан кейін көресіні көрсетеді ғой анау қыз. Ұяда тәрбие көрмеген. Сонда бұлардың аналары да нашар болғаны ғой. Әңгіменің бәрі анаға қатысты. Мен мысалы балаларды өзім тәрбиеледім. Бекжігіт үндемейді. Үндемейтін адам қабағымен-ақ жұмсайды ғой. Ас үйде тамақ істеп тұрып балаларыма сабақ оқытамын. Ара-арасында сұрақ қоямын. Солай тәрбиеледім. Барлығы жақсы оқыды, жаман болған жоқ. Өйтпесең бала бетімен кетеді. Бұл мәселе әлеуметтік жағдай, тұрмысқа да байланысты. Бала асыраймын деп жұмысқа жегілген ата-ана азанда кетіп түнде, түнде кетіп азанда келеді. Бала білгенін істейді, арақ ішіп, шылым тартуға үйренеді. Көшенің баласы болады. Үйде тәртіпке салып отыратын адам жоқ. Күйеуінің айлығы жетпеген соң аналар да жұмысқа шығады. «Қалаулымдағы» қыздардың барлығы шетінен атырылып, ә десе мә деп тұр. Оларды бүкіл Қазақстан көріп отыр. Мен сол қыздар үшін өзім ұяттан өртеніп отырамын. Қазір көбісі қазақтың қызы деп айтуға жарамай қалған. Сондықтан үйде де, мектепте де қатаңдық қажет. Баланы көп жұмсау керек. Қазір жас қыздардың көбісі жұмыс істемей, мектеп жасынан кафеде жүреді. Бетінен қақпаған ешкім. Сондықтан осы бастан ел-жұрт болып қыздарымызды дұрыс тәрбиелеуіміз керек. Себебі баланы туатын да, өсіретін де қыз баласы. Ал қыздардың беттен алып төске шабатын мінезі, инабатсыздығы, ол үлкен қасірет.
– Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен нәзік жандылар мерекесіне орай қандай ақжарма тілек айтасыз?
– Өмірдің тірегі – ана. Хауа анадан тарадық. Ана – отбасының жүрегі. Ана жақсы болса, тұқым да, тек те жақсы болады. «Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Тіршіліктің діңгегі, тіні-ана. Аналар аман болсын. Уайым-қайғыға батпасын. Әрқашан қуанып жүрсін. Өзінің өсірген өнімдерінің, балаларының қызығын көрсін. Бақытты болсын!
– Әңгімеңізге рақмет. Сіздің де мерекеңіз құтты болсын. Аман болыңыз!

Сұхбаттасқан Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.