Өмірі мен өнері өнегемен өзектес

0 49

«Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» деп Мағжан Жұмабаев айтып кеткендей, ұрпақ тәрбиелеу ісі қашанда инемен құдық қазғандай игі әрі бейнетті жол. Халқымыз «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» деп те бекер айтпаса керек. Себебі ел ертеңі, ұлт болашағы тікелей ұстазға байланысты екені айтпасақ та белгілі. Сондай ұстаздың бірі – өн бойына өнер мен еңбекті, адалдық пен жауапкершілікті, парасаттылық пен тектілікті қатпарлап, қаз-қатар жинаған новатор-педагог Әуесбай қажы Бақбергенұлы жеті белден асып, жетпіс жасқа толып отыр.

Көрнекті өнер иесі, газетіміздің жанашыры Әуесбай қажы Бақбергенұлын ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы алты жасында асқар тауынан айырса да, еңбекке ерте араласып ержетті. «Күміс көмей, жез таңдай» ағаларына еріп, әуезді ән өнеріне қаршадайынан қызығушылық танытты. Жүсіпбек Аймауытов, Мұхамеджан Қаратаев сынды халқымыздың қаранарлары тер төккен бұрынғы Абай атындағы педагогикалық училищеде, кейінірек гуманитарлық колледжде абыройлы қызмет етеді. Облысқа ғана емес, елімізге белгілі «Алатау» ән-би ансамблінде баян тартып, ұлт рухын саф өнермен сусындатты.
Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз өмірде де, өнерде де кейінгі буынға сәулелі тәрбие беріп, шәкірт тәрбиелей білді. Оның тәлімін алғандар бұл күнде өнер саласында ел руханияты мен мәдениетінің абыройын асқақтатып жүргеніне халық куә.
Белгілі «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» фестивалінің, «Жүрекке жылы әуендер», «Сағындырған әндер-ай» ретро әуендер байқауларының белсенді қатысушысы ғана емес, ұйымдастырушысы ретінде де танылды. «Сағындым Кенен атамды», «Қазақ музыкасының шежіресі» конкурстарына ұйытқы болды. Өзінің тікелей жетекшілік етуімен «Қазақ халқының аспаптық музыкасының жастарға беретін ұлттық тәрбиелік мәні» әдістемелік нұсқаулық, «Мектеп балаларын шығармашылық өнерге баулу» атты әдістемелік құрал жазылды. Мәдениет саласында басшылық қызмет атқарып, аудан мәдениетін көтеруге де атсалысты.
Жексембек Еркімбеков, Өзбекәлі Жәнібеков, Ақселеу Сейдімбек, Әбіш Кекілбаев, Жәнібек Кәрменов секілді көрнекті руханият өкілдері оның өнеріне тәнті болып, жоғары бағасын берді. Жұбайы Рабиға Сақыпқызы да саналы ғұмырының 40 жылын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстанымы биік ұлағатты ұстаз. Үлкен қызы Жанат мұражай саласында қызмет етсе, ұлдары Қанат пен Қуат қазіргі қазақ журналистикасына есім-сойы белгілі азаматтар.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ғұмырының 45 жылын ұстаздық жолда өткізген Әуесбай Бақбергенұлы педагогика саласындағы абыройлы еңбегі үшін Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Мәдениет және спорт министрлігінің «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен, Құрмет грамотасымен марапатталған.
Өмірі де, өнер жолы да өшпес өнегемен өзектес Әуесбай қажы Бақбергенұлын осындай айтулы жеткен жетістіктерімен шын жүректен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.