Мәдениет

Өміршең өзгерістер – өркениет өзегі

Written by Aray2005

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қазақ елінің тағылымы терең тарихының құндылығын тануға жетелей түседі.
Мемлекет басшысы тарих қойнауына терең үңіліп, көңілге түйген ой-толғамдарын мақаланың екі тарауында түгел қамтып, оларды он үш бөлімде кең ашып көрсеткен.

Мақаланың маңызды мәселесі кеңістік пен уақыттан бастау алады. Бұл халық тарихын терең танудың дара жолы. Кеңістік – қазақ елінің кіндік қаны тамған туған жері, атамекені, кең байтақ даласы мен тау-тасы. Ал уақыт –қазақ халқының басынан өткерген тарихи оқиғалар мен мыңдаған жылдарды қамтитын адам өмірінің өлшемі болып табылмақ. Шын мәнінде ұлт тарихы уақыт пен кеңістік бар жерден бастау алары анық.
Бұл Елбасының қазақ халқының төл тарихына деген дұрыс ұстанымы. Осынау дүбірлі дүниеде қазақ елін мойындатудың сенімді жолы – тағылымды тарихымыз, озық ғылымымыз, өрелі мәдениетіміз. Сондықтан тарихымыз арқылы түп-тамырымызды қадірлегеніміз, халықтың шежіресін боямасыз, қоспасыз сол күйінде қабылдағанымыз абзал.
Елбасы өзінің мәні мен маңызы зор мақаласында қазақ халқының тағылымды тарихын тұтастай қалпында қабылдап, қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан таразылауға шақырады. Қазақ даласындағы мәдени-әдеби және тарихи жетістіктеріміздің бағзы заманнан бүгінге дейінгі шоғыры кең-байтақ өлкемізде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралғандығы жайында ой қозғайды. Мақалада кейінгі жылдары табылған жауһар жәдігерлеріміздің өз заманында ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтай отырып, Ұлы даланың тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік беретіндігі айтылған.
Елбасы мақаласында Ұлы даланың тарихына құрметпен қарауға және қазақ даласын мекен еткен халықтардың қоғамы, дәуірі, тұрмысы туралы терең толғанып, ұлттық тарихымыз бен мәдени мұраларымыздың тым ертеден басталатындығын бар қырынан бағамдап көрсеткен. Сонымен қатар Ұлт көшбасшысы ұлы дала өркениетінің мәдени мұрасын кең көлемде зерттеп, зерделеуге шақырады.
Қазақтың ұлы даласы металлургия пайда болған, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алынған ірі кен орындарының бірі. Елбасы мақаласында жеріміздің осындай жетістіктері бүгінде Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарындағы тау-кен өндіріс ошақтарында жаңа, берік металдармен өндіріліп, олардың жедел технологиямен ежелгі замандардан бастау алған дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығандығы туралы әділ атап көрсетеді.
Тарихқа жүгінсек, қазақтың салт-санасы сақ, ғұн тайпаларының мәдениеті негізінде жалғасын тапты. Қазақтың қазақ болып қалыптасуы, тұтасып бірыңғай халық болып даралануы оның өзіне дейінгі әлеуметтік-тарихи тәжірибені санасына орнықтырып, тұрмыс-тіршілігінде «шикізатты – өнімге, өнімді – экономикаға, ал экономиканы – табысқа» айналдырып пайдалана білуі арқасында іске асты. Бұл тәжірибенің негізі болашақ қазақ қоғамының, оның материалдық және рухани мәдениеті іргетасының тым ерте қоғам болып қалыптасқан кездерінде қаланғандығын тарихтың өзі таразылап берді.
Қазақтың сахара даласы қола дәуірінде Еуразияның ұлы даласын мекендеген тегі мен тағдыры ортақ туыс тайпалардың мекені – Ұлы дала мәдениетін қалыптастырғандығы бағзы заман мен бүгінгі күннің дәстүр жалғастығымен және Елбасының идеялық ойларымен терең үндестік тапқан. Оған дәйекті дәлел: Қазақтың қазақ болып қалыптасуы қола дәуіріндегі мәдени мұралардан бастау алып, «Андронов мәдениеті» деген атпен жұртқа белгілі болғандығы тарихтан таныс.
Елбасының салиқалы, салмақты «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тарихшылар, мәдениет пен өнер қайраткерлері, филолог мамандар, журналистер үшін рухани қайнар екендігі сөзсіз. Мысалы, Президент 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «Алтын адам» деген атқа ие болған мәдени мұрамыз – тарихымыздың түп-тамырына жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып отыр. Демек Ұлы дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мұрамызды ұрпағымызға үлгі етіп, ата-бабаларымыздың көпғасырлық жолын зерттеп, әлемге ұлықтату қазақ ұлтының ұлы парызы. Ендеше, Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде халықаралық мазмұны бар әдеби-мәдени және рухани мұраларымызды терең зерттеп, тарихи санамызды жаңғыртудың барлық жобаларын іске асырумен белсене атсалысуымыз керек. Бұл жайында Елбасы Сыртқы істер министрлігі және Қазақстанның елшіліктері біздің зерттеушілерге аса ірі шетелдік архивтермен жұмыс жасауда қажетті көмек көрсететіндігін мақаласында айқындап берді.
Елбасының еңбегіне зейінмен зер салатын тағы бір тұсы түркі әлемінің бесігі болып табылған қазақ елі мен Еуразияның көптеген халықтарының тарихында тағылымы терең Алтай өңірінің алар орны өзекті екенін ерекше атап өткен. Ұлы дала тарихына шолу жасау ғана емес, ұлттық мұраларымызды әдеби-мәдени және тарихи тұрғысынан зерделеп, пайда болуы мен қалыптасып, дамуын дәйекті деректермен зерттеуді бүгінгі уақыт талабынан туындаған маңызды мәселе екенін ой таразысына салған жөн.
Түркі әлемінің алтын бесігі саналған Ұлы дала төсінде түркі мемлекеттерінің тарихы бастау алды. Шын мәнінде ұзақ уақыт бойы орта ғасырдағы Еуразияның кіндігі болып табылған қазақ жерін мекен еткен түркілер Ұлы далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырды. Өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығын орнатып, өркениетті қалалардың бой көтеруіне жол ашқандығы айтылған. Осыған орай, ұлы ойшылымыз Әбу Насыр әл-Фарабиді өмірге әкелген Отырар қаласы өркениеттің ұлы мекені екені тарихтан айғақ.
Елбасы Түркістанды дамытуды басты назарға алып, кемел ойларымен халықтың санасын рухтандырады. Қазақ елінің рухани астанасы Түркістан қаласының тарихына зер салсақ, Қожа Ахмет Ясауидің осы қалада өмір сүріп, ілім таратқан ғұмыры дәуір шындығымен үндесіп жатқандығын көруге болады. Елбасы мақаласы Ұлы далада өмір сүрген бүгінгі халықтың адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан өр тұлғалардың ұрпағы екендігін және дамуға тың серпін берген мәдениетінің жаңа бағыттарын анықтап, оны жүзеге асыруда ғылымның соңғы жетістіктеріне иек артуға назар аударған.
Ұлы дала тарихын жүйелі зерттеп, әлем кеңістігіне дәріптеуге тиіспіз. Ата-бабаларымыздың жарқын бейнелерін есте сақтап, олар қалдырған асыл мұраларымызға айрықша құрметпен қарау азаматтық парызымыз.
Елбасының ел назарына ұсынып отырған мазмұны терең, мәні зор «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағытын кеңейткен және еліміздің халықаралық беделін нығайтуға, қазіргі заманның мәдениеттерімен өзара жақындастыруға, байытуға зор үлес қосатын аса үлкен еңбек деп есептеймін.
Ел үшін атқарылған игі істер өткенімізді ой елегінен өткізіп, ұлттық сананы жаңғыртуына жол ашатындығы даусыз. Сондықтан біз мазмұнды мақаланы тарихтан тағылым алып, бүгінгі күнмен болашаққа бағдар жасауға бастайтын басты құрал деп бағалауымыз қажет.

Жамбыл КҮЗЕМБАЕВ,
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты

ПІКІР