Мәдениет Сұхбат

«Он бір жыл бұрын ата-анама арнап музей аштым»

Written by Aray2005

Әдетте өз ісінің майталманы атанып, абырой биігінен көрінген, алқалаған әлеуметтің құрметіне бөленген айтулы тұлға туралы сөз қозғалғанда, оның бастау алған қайнары, қанатын қатайтып, жігерін жаныған ерекше сәттер мен өсіп-өнген ортасының әсері туралы білу әрқашан қызығушылық тудыратыны белгілі. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз ҚР Мәдениет қайраткері, «А.Әшімов шығармашылығын қолдау және насихаттау қоры» қоғамдық қорының президенті Талғат Сұлтангереевтің ғұмыр тарихына, еңбек жолына көз жүгіртер болсақ, алдымыздан қажырлы еңбек пен айтулы жеңістер, әдетте қатар жүретін қиындықтар мен жетістіктер шығады. Жуырда ел мұраты жолында аянбай еңбек еткен абзал ағаны арнайы іздеп барып, сұхбаттасудың сәті түсті. Әрі Талғат Сұлтангереевтің ата-анасына арнап музей ашқанын естіп, ұрпаққа үлгі боларлықтай ісімен танысуды жөн көрдік.

– Өңіріміздің мәдениет саласының дамуы үшін маңдай терін төгіп, табан етін сөгіп еңбек еткен Талғат Сұлтангерейұлының өткеніне көз жүгіртсек, Сыр елінде дүниеге келіп, Қызылорда қаласында орта мектепті бітірген екенсіз. Жырақтағы Жамбыл облысына келіп, тұрақтап қалуыңызға не себеп болды?
– Өмірдің жолы сан тарау. Ол сенің қалауыңа, алдын ала кесіп-пішкеніңе бағына бермейді. Мәселен, туған жерімнен жүздеген шақырым шалғайдағы Жаңатас қаласында еңбек жолымды бастаймын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кіріп шықпаған. Қызылорда облысы, Арал ауданы, Құланды түбегінде тұратын ауылдас ағамыз жоғары оқу орнын бітіріп келген жылы жұмыс істеп, ақша табу мақсатымен Жаңатас қаласына кетті. Ол кезде Жаңатас қаласының дүркіреп тұрған шағы. Уайымға салынған шешем «Пана тұтар жанашыр ешкімі жоқ. Ауылға кері қайтарыңдар немесе қасына біреуің барыңдар», деді. Сонымен, буынып-түйініп Жаңатасқа тарттым. Өкінішке қарай, ешбір мекеме жұмысқа қабылдамады. Орыс тіліне шорқақтығым алдымнан шыға берді. Абырой болғанда, «Пионерлер үйінің» директоры Дәмеш Серікбекқызы қолдау көрсетіп, қазақша үйірме ашып беретін болды. Бірақ үйірме ашу үшін, ең алдымен, кемі он бес бала жинауым керек екен. Сөйтіп, үйірме ашылатыны жайлы хабарландыру жазып, оқушы жинауға кірістім. Бағыма қарай, бұл әрекетім жемісті болды. Он бес емес, қырықтан аса бала жиналып, жұмысты бастап кеттім.
Бәлкім, жанымды салып еңбек етіп жүргендіктен болса керек, көп ұзамай мәдениет үйіне жұмысқа шақыра бастады. Алдында жұмыссыз жүргенде қабылдамағандықтан ұсыныстарынан бас тарттым. Себебі екі қолға бір күрек таппай жүргенде жұмысқа қабылдаған Дәмеш Серікбекқызын тастап кете алмадым. Алайда қала басшылығының араласуымен мәдениет үйіне бәрібір ауысуға тура келді. Мәдениет үйінде бір жылға жуық қызмет атқарып, кейін «Геолог» мәдениет үйіне директор болып тағайындалдым. Араға жылдар салып қалалық мәдениет бөлімінің тізгінін ұстадым. Тоқсаныншы жылға дейін Жаңатас қаласында қызмет етіп, арнайы шақыртумен Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына ауыстым. Ол жақта қалалық мәдениет бөлімінде, «Мәдениет және өнер колледжінде», облыстық қазақ драма театрында директорлық қызмет атқардым. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің проректоры да болдым. Сан саладағы ұзақ жылдық басшылық қызметтен кейін кәсіпкерлік саласына бет бұрдым.
– Өзгелердің қолы жете бермейтін басшылық қызметтерді атқарып жүріп, өзіңізге мүлдем таңсық кәсіпкерлік саласына кетуіңізге не себеп болды?
– Қателеспесем, 2000 жылдары гастрольдік сапармен Алматы қаласында жүргенде ұлым Азамат хабарласты. Айтуынша, үлкен сауда фирмасы директорлық қызметке шақырып, екі жігіт конкурсқа түсіп жатыр екен. Қарсылық танытпай, келісімімді бердім. Ұлым конкурстан өтіп, фирмаға директорлық қызметке тағайындалды. Келгеннен кейін әңгіме арасында ұлымнан айлығын сұрадым. Сөйтсем, айлығы 37 мың теңгеден асып жығылады. Таңғалдым. Ал театрды басқарып отырған әкесінің айлығы бар болғаны тоғыз мыңның үстінде. Ойландым. «Мүмкіндігімнің жеткенінше мәдениетіміздің мәуелеуіне үлесімді қостым. Неге енді кәсіпкерлік саласында бағымды сынап көрмеске?» деген ой келді. Алдында Қарағандыда тұратын досым көмір сатуға үгіттеп, көндіре алмаған. Ойлана келе кәсіпкерлік саласына бет бұрып, жұмысты бастап кеттік. Араға жылдар салып басшылықтың қайта шақыртуымен облыстық халық шығармашылығы орталығын, облыстық қазақ драма театрын басқардым.
Қазіргі таңда да отбасылық шағын кәсібімізді жүргізіп отырмыз. Одан бөлек «А.Әшімов шығармашылығын қолдау және насихаттау қоры» қоғамдық қорының президентімін.
– КСРО Халық артисі, КСРО, ҚазКСР Мемлекет­тік сыйлықтарының лауреаты Асанәлі Әшімовтің қор жұмысын жайдан-жай сізге сеніп тапсырмағаны белгілі. Ендеше, Асанәлі ағамызбен алғаш танысқан сәттеріңіз турасында айтып өтсеңіз…
– Алматыда Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда білім алып жүрген кезім. Ал Асекең бізден төмен курстарға дәріс оқитын. Бір жолы таныстарымыз арқылы сол бір жылдары екінің бірінің қолы жете бермейтін соңғы үлгідегі сәнді киімдер сатып алып, оқу орнына киіп бардым. Сонда студенттер былай тұрсын, ұстаздарымыздың өзі менің үстімдегі секілді соңғы үлгідегі киімдерді кимейтін. Дәлізде жолығып қалған Асекең бастан-аяқ көзімен бір шолып шығып «Үстіңдегі киімдеріңді шеш» деді бұйыра. Көзім бақырайып, аңтарылып тұрып қалыппын. Сәлден кейін «Енді андағы киімдеріңді киюші болма» деді қатқыл үнмен. Мұрнымның астынан міңгірлеп себебін сұрағандай болып едім, «Менен басқа ешкімнің бұлай киініп жүруіне болмайды», деп қысқа қайырып жүрді де кетті. Аң-таңмын. Асанәлідей сыйлы ағамызға көзқарасым бірден өзгерді. «Сонда Асанәлі ғана ел алдында жарқырап жүруі керек пе?» деген ой келді. Енді не істемек керек? Оқуға киетін жөні түзу басқа киімім де жоқ. Амал жоқ, қанша жүрексінсем де киіп жүруге тура келді. Бірақ Асанәлі ағамыздың көзіне түспеуге тырысамын. Көріп қалсам тығылып қаламын немесе айналып қашамын. Бір жолы оқу ғимаратының дәлізінде алшаңдай басып келе жатқан Асанәлі ағамызды алыстан көзім шалып қалып, есіктің артына тығылып үлгердім. Сөйтсем, байқап қойған екен. Есікті әдейі жауырынымен итергенде қысылғаннан өзім атып шықтым. Не себепті тығылып жүргенімді сұрады. Мән-жайды түсіндірдім. Ол кезде жәй ғана қалжыңдағанын айтқан ағамыз риясыз күліп, арқамнан қақты.
Міне, халқымыздың арда ұлы Асанәлі ағамызбен таныстығымыз осылай басталды. Халық әртісінің менің кітабыма жазған алғы сөзінде «Бұл жанұяға келіп жатқан жақсылық, бақыт менің де жақсылығым деп түсінетін ағасымын деп ойлаймын өзімді. Маған деген інілік құрметі, менің ағалық қамқорлығым аса жоғары дәрежеде қабылданып жатады. Ешқандай «фальш» жоқ. Ол маған бағынышты емес, мен де оған тәуелді емеспін. Бұл – кіршіксіз адал адамгершіліктің ізгілігі ғана» дейді. Яғни бізді байланыстыратын жан дүниеміздегі рухани үндестік, сонау студенттік жылдардан бергі бір-бірімізге деген сый-құрмет қана.
– Халқымызда «Жақсы ісімен мың жасайды» деген даналық сөз бар. Мәдениет саласына қарасты бірнеше мекемеде басшылық қызмет атқардыңыз? Басшылық еткен жылдарыңыз ел егемендігіне енді қол жеткізген елең-алаң шақтар. Сол бір жылдар қандай қиындықтарымен есте қалды?
– Шыны керек, күндіз-түні жанымызды салып жұмыс істегеннен кейін ешқандай қиыншылық көргенім жоқ. Және мені басқа облыстан келдің деп ешкім шеттеткен де емес. Сондықтан да қолымыздан келгенше артылған жауапкершілік жүгін абыроймен атқарып, сенімге селкеу түсірмеуге тырыстық.
– Саналық та, даналық та адам бойына отбасының тәлімі, ата-ананың көрсеткен үлгісі арқылы дариды. Осы орайда ата-анадан алған тәрбиенің бастапқы әліппесі, діңгегі туралы сөз қозғасаңыз…
– Әлі есімде, ойын баласы кезімде үйдің ішінде асық ойнап жүріп, бір асығымды қабырғаға тақалып тұрған кебеженің артына түсіріп алдым. Кебеженің үстінде сандық тұр. Жылжыту мүмкін емес. Асықты алмақ оймен кебеженің астына қолымды салып едім, жете қоймады. Бір уақытта басым да кебеженің астына кіріп кетті. Асыққа қолым жетті. Бірақ басым шықпай қалды. Содан айқайға басып, жылап жатырмын. Кенет бөлмеге әлдекімнің кіргенін сездім. Жүрісінен, демінен әкем екенін біліп, одан бетер тыпырлай бастадым. Әкем бірте-бірте қасыма жақындап келеді. Тура жаныма келіп құйрығымнан қамшымен салып жібергенде қыстырылған басымды қалай алып шыққанымды білмей қалдым. Сонда әкемнің айтқаны: «Ешқашан басыңды шығара алмайтын жерге тықпа». Осы уақытқа дейін әкемнің осы сөзі жадымнан шыққан емес. Кез келген істі жеті рет өлшеп бастауға тырысамын. Себебі басымды шығара алмай қаламын ба деп қорқамын. Тағы бірде, ауылда жүргенде әкеміз басына-бас бір кісіден мал айырбастауға уағдаласыпты. Әкеме сонда бір жақыны «Сенің алайын деп жатқаның ауру мал» деп райынан қайтармақ болыпты. Сонда қашанда айтқан сөзінен айнымайтын әкем «Аузымнан сөзім шығып қойды. Не болса да айырбастаймын» деген екен. «Ердің екі сөйлегені – өлгені» демекші, әкеміз бір сөзді адам болатын. Анамыз діни сауатты жан еді. Әке-шешеден алған тәрбие өміріме азық болды. Өмірімде қандай да бір жетістіктерге жетсем, ең алдымен, ата-анамның арқасы. Әкем оқуға, білімге құштар болғанымызды қалады. Жұрт балаларын «оқыма, ауылда қал» деп үгіттеп жатса, әкем «оқыңдар, оқысаңдар жаман болмайсыңдар» деп отырушы еді. Бір сөзбен айтқанда, сол заманның прогрессивті азаматы болды.
Осыдан 11 жыл бұрын ата-анама арнап музей аштым. Онда кезінде ата-анам пайдаланған және сол дәуірде қолданыста болған бұйымдарды жинадым. Өткен күндерден сыр шертер естелік суреттерді топтастырдым. Музейге кірсем өзімнің балалық шағыма қайта оралғандай боламын. Мүмкіндік болғанда жан-жақта жүрген бауырлар музейде бас қосып, сағынышымызды бір басып аламыз. Рас, музейді ашу үшін уақытым да, ақшам да кетті. Бірақ мен үшін ең бастысы – ата-анаға деген құрмет маңызды. Ертеңгі күні ұрпағымыз жақсы ісімізден үлгі алып, бойына керегін дарыта алса екен деп ойлаймын. Мұнан басқа тілегім жоқ.
– Ал өзіңіз ұл-қызыңызға қандай тәрбие бере алдыңыз?
– Шүкір, екі ұлым бар. Әкемнен көрген тәрбиені ұлдарымның санасына сіңіруге тырыстым. Енді қаншалықты дұрыс тәрбие бергенімді өмір көрсетер. Ұлдарымның алды қырықтан асты. Кішісі енді толады. Аллаға шүкір, әрқайсысы өз қызметінде бұйырған несібесін көріп жүр. Мен балаларымды «бай болыңдар» деп тәрбиелеген жоқпын. Мен оларға «жаман атты болмаңдар» деп тәрбие бердім. Қазір аштан өлген ешкім жоқ. Айына 40 мың теңге айлықпен өмір сүретіндер де бар. 4 миллион теңге айлық алса да, оны ешкім өзімен бірге алып кете алмайды. Мен балаларыма арнаған бір өлеңімде «Адал бол, арманшыл бол, айналайын, Менің ұлым екенің рас болса» деп жазыппын. Сол сөзді қайталаймын. Ал қалғаны өз саналарында. Бұлар жақсы нәрсе жасаса қуанам әрі қорқам. Тіл-көз бар деген ой ғой. Жаман нәрсе жасаса, ренішімді жасырмаймын. Әкем сияқты кейде қаталдау айтамын.
– Әрине, ұрпақ тәрбиесінде отбасы, ошақ қасындағы тәлім мен тағылымның берері мол. Әке мен шешеден алыстап білім, қызмет жолына түскен азамат ортаға қарап бой түзейді. Алдыңғы буын ағаларды өзіне үлгі тұтады. Соған ұқсағысы келеді. Ал сізге шапағаты көп тиген азаматтар бар ма?
– Маған үлкен сеніммен қараған ағаларымның бірі – Әлібек Әмзеев. Жаңатаста, Таразда қызметте жүргенімде менің жеке қасиеттерімді бағалап, қызметтерге қойды. Түрлі қызмет ұсынды. Ақылын айтты. Алайда менің қай оңған мінезім бар? Ығына алған ағама қарсы келген кездерім де болды. Оның маған ренжіген сәттері де болғанын несіне жасырайын. Бірақ Әлібек Әмзеев мені қызметке баулып, сенім артқан азамат. Оның алдында Асанәлі Әшімов ағам да маған зор сенім артты. Үлкен үміт күтті. Жауапты адамға біреудің сенім білдіруі оның жауапкершілігін күшейте түседі ғой. Мен әлгінде айтылған атпал ағаларымның сенімін ақтағым келді. Әлі күнге сол сенімдері үшін Асанәлі мен Әлібек ағаларымды құрмет тұтамын. Ақын Мұхтар Шахановпен де аралас-құралас болдық. Ол кісінің шығармашылығымен жіті таныспын.
– Қателеспесем, 2010 жылы жарық көрген «Әдептілік-әдемілік» атты еңбегіңізге әсіресе жастарымыздың тәрбиесіне үлкен алаңдаушылық білдіріп, дұрыс бағыт көрсетіп, жөн сілтеуге тырысқан екенсіз. Жалпы, сізді жастарға қатысты қандай мәселелер алаңдатады? Өзіңіз еліміздің ертеңгі болашағына баланып отырған жастардың бойынан қандай қасиеттер көргіңіз келеді?
– Біздің ұлтымызға тән жастардың үлкенге деген инабаты мен сыйы көрініп тұрса екен деймін. Кейбір жастарға қарап тұрып сүйсінесің. «Қандай көркем мінезді» деп таңырқайсың. Енді бір балалардан түңіліп кетесің. Жақында шаруалармен бір мекемеге бас сұққанмын. Сыртқа шығарда бір жас жігіт асығыс-үсігіс есіктен кіріп келе жатыр. Таптап кетуге шақ қалды, шыны керек. Басымды шайқадым да жөніме кеттім. Жалпы, мен де жуас жігіттердің қатарынан болған жоқпын. Реті келсе есемді жібермейтінмін. Алайда үлкендерге мойынсұнып өстік. Олардың айтқаны заң болатын. Ал қазіргі жастар екі түрлі. Кейбіреулер білім-ғылымға құштар да, енді бірі зиянды әрекеттерге үйір келеді. Бірін көріп қуанасың. Алға ұмтылушылық бар. Ниет бар. Енді бірі бос далаңдаумен уақыт өткізіп жүр. Бәлкім, біздің заманымызда да осындай болған шығар. Солай бола беруі де ғажап емес. Бәрінің жақсы бола беруі де мүмкін емес қой. Жалғанның өзі жақсылық пен жамандықтан қатар тұрады емес пе?
Көңілді бір марқайтатыны, елімізде жастар тәрбиесі бір сәтке болсын назардан тыс қалған емес. Егер біз өз қажетімізге жарата алсақ, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары жастарымызды тәрбиелеудің, дұрыс жөн сілтеудің ең озық құралы деп ойлаймын.
– Иә, расымен-ақ, аталған бағдарламалық мақалалар санамыздың көлеңке тұстарына сәуле түсіріп, бізге баянды болашаққа бастар жолды нұсқап тұрғандай. Дейтұрғанмен мүмкіндікті тиімді пайдаланудың орнына, керісінше алаулатып-жалаулатып, тек науқанға айналдырып алған жоқпыз ба?
– Әлбетте, бүгінімізге тоқмейілсіп, арқаны кеңге сала беруге болмайды. Дегенмен халқымыз тәуелсіздік алғанға дейін тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, талай зұлматты бастан кешті. Шүкір, қазір елде ең бастысы – тыныштық. Бірлігімізге сызат түскен жоқ. Лайым, ұзағынан болсын. Ең бастысы береке-бірлігіміз айнымаса, әсте-әсте бәріне жетеміз. Барлық қалағанымыздың бір пәсте орындала қалғаны тағы болмайды.
Жалпы, мақала мәйегіне үңілген жан бүкіл қоғамдық сана-сезімді қозғайтын үлкен үдерісті бірден аңғарады. Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында алға қойылған мақсаттар мен міндеттер негізінде қолға алынған ауқымды іс-шаралар легі осы аз уақыттың ішінде талай белестерді еңсеріп, жұмыс нәтижесі қазірдің өзінде ұлт игілігіне бағытталған елеулі еңбегін бастап кетті десек, еш қателеспейміз. Ауқымды жобалар алдағы уақытта да жаһандық сипаты мен маңызын жоймай, жалғасын тауып, ұлттық сананың сілкінуіне үздіксіз һәм толассыз қызмет ете береді деп сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР