Қоғам

«Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін»

Written by Aray2005

Өмір тұтқасы – ізгілікте. Бұл күнделікті тіршілікте талай мәрте дәлелденіп те жүр. Жақ­сы­лық­ты риясыз адами ниетпен және тек атын шығару үшін жасайтындардың барын да өмірден көріп жүрміз. Шынтуайтында, «Жақсылық қылсаң жасыр, жақсылық көрсең асыр» деп халық даналығында айтылғандай, жариясыз қылған қайырымдылықтың сауабы мол. Кей-кейде «Біз әлі де осының байыбына бара алмай жүрміз бе?» деген орынды сауал туындайды. Өйткені атағын арттыру үшін көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созғансып, оған тілшілерді шақырып немесе әлеуметтік желілерге суреттерін салып, жариялайтындар көбейді. Бұл біріншіден, ізгі іспен келетін сауаптан қақса, екіншіден көмек алған жандардың намысына қолсұғушылық. Себебі басқаның жәрдеміне мұқтаж екенін суреттер арқылы дәлелдеп тұр емес пе?!

Әрине, басқаларға үлгі болу үшін жасалған жақсы амалдарды жариялаған да жөн шығар. Дегенмен табысының бір бөлігін көмекке мұқтаж жандарға үлестіріп, берекесін арттырғандарды басқалар айтса, бәлкім, жарасар. Бірақ көмектесуші өзі мақтанышпен айтып, жәрдем алған кісілерді, әсіресе балаларды суретке түсіріп, олардың рұқсатынсыз көпшіліктің назарына жариялауды заң да құптамайды. Бұл жөнінде облыс әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Бақыт Жақсылықованың да өз айтары бар.
– ҚР Азаматтық кодексінің 145-бабында тұлғалардың бейнесіне қатысты айтылады. Онда «Қандай да бiр адамның суреттiк бейнесiн оның келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда –
мұрагерлерiнiң келiсiмiнсiз пайдалануға еш­кiм­нiң де құқығы жоқ» делінген. Біреудің бала­сын оның ата-анасының рұқсатынсыз сурет­ке түсіріп жариялау – заңсыздық. Керек болса, ол үшін сотқа беруге де болады. Көбіне қалталы азаматтар немесе бір ұйым ұйымдас­тырған шараларда балаларға көмек көрсетіп, берген сыйлығымен қосып суретке түсіріп, көпшілік көретін жерлерге жариялап жатады. Бұл ең бірінші, заңнан бұрын адами тұрғыда да дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені ол баланың да құрбы-құрдастары бар. Тіпті өзі де оны басылым беттерінен немесе әлеуметтік желіден көруі мүмкін. Ертең өскенде сол уақыттарда отбасының әлеуметтік жағдайы баласын қамтуға жеткіліксіз болғанын қалың жұртқа жариялағаны намысына тиюі әбден мүмкін ғой. Балалар құқығын қорғау декларациясында да балаларды тегіне, түр-түсіне, әлеуметтік жағдайына қарай бөлуге ешкімнің құқы жоғы жақсы айтылған. Әлгіндей жағдайына қарай көмектесіп, оны суретке түсіріп жариялау – баланы тұрмысы нашар болғандықтан осындай жәрдем көрсетілді деп оны бөліп тұрғандай болады. Бұл қадам баланың психологиясына әсер етуі де мүмкін ғой. Және әркім жақсылықты, біреуге көмектесуді өз адамгершілігіне сай жасайды. Оны суретке түсіріп, айтып, біреуге есеп берудің қажеті жоқ.
Бала – біздің болашағымыз. Бүгінгі бүлдіршін – ертең ел тұтқасын ұстайтын азамат. Ол есейгенде өзінің балалық шағында өзгенің көмегіне мұқтаж болып өскенін білсе, қандай жағдайда болады? Міне, біз осыны ескеруіміз керек. Сол себепті де қолдан келгенінше көмектесейік, «бөтеннің баласы» демей, ата-анасының қамқорлығынан айырылған немесе аз қамтылған отбасынан шыққан балаларды қуантуға асығайық. Бірақ оны суретке түсіріп, бүкіл жұртқа жарияламайық, – дейді Бақыт Сауқынбекқызы.
Айталық, жақында Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінде «Балаға қуаныш сый­ла!» атты қайырымдылық акциясы ұйым­дас­­ты­ры­лып­ты. Сол акцияға демеуші ретінде қатыс­қан өндірістік кәсіпорын 10 студент­ке қыс­тық киім-кешек сыйлап, оларды қуанышқа бөлеген. Алай­да көмек алған жас­өс­пірімдердің де, өзде­рі­нің де аты-жөндерін атамаған. Міне, нағыз жана­шыр­лық осындай-ақ болар.
Біздің қазіргі тіршілігіміз бен өмірде кез­дес­тіретін құбылыстар жайлы осыдан сан ғасыр бұрын жазылған қасиетті Құран Кәрімде «Садақаны ашық берсеңдер жақсы болады, жасырын берсеңдер өздерің үшін хайырлырақ болады» (Бақара 271) делінген екен. Сол секілді «Қияметте, басқа пана табылмаған күнде Аллаһу Та’аланың панасындағы жеті адамның бірі – берген садақасын жасырған, оң қолының бергенінен сол қолының хабары болмаған адам» (Бұхари) деген де хадис шариф бар. Яғни, ізгілікті өзгелерге үлгі ету мақсатында жариялаған да жақсы, бірақ жасырын жасалған жақсылықтың сауабы мол болмақ.
– Бүгіндері адамдардың арасында жақ­сы­лы­ғын жария етіп, өзінің абыройын сонысымен көтеріп алғысы келетіндер көбейіп барады. Атақ-даңқ, абыройдың иесі – бір Алла ғана. Қалаған құлын асқақтатып, дәрежесін биік етеді. Қалағанын абыройдан жұрдай қылады. Кім не істесе де бір Аллаға аян. Жаратушы Иеміз Құранда: «Ей, иман келтіргендер, мал-мүлкін көрер көз үшін жұмсайтындар, Аллаға және қиямет күніне сенбейтіндер сияқты (сендерде) бергендеріңді міндет қылып, ренжіп, садақаларыңның (жақсылықтарыңның) сауабын жойып алмаңдар. Мысалы, ондай­лар­дың үстіндегі шаң-тозаңын нөсер жуып кеткен жалаңаш жартас тәрізді болмақ. Олардың еңбектері еш кетеді. Неге десең, Алла ондай безбүйректерді тура жолға бастамайды» деген. Егер жақсылықты басқаларға үлгі ету үшін, мақтаншақтықтан аулақ ниетте жасалса, оның жөні бөлек. Адам жүрегінің иесі бір Алла екенін ұмытпауымыз керек. Себебі адамдар сенің сыртқы келбетіңе қарайды. Алла Тағала ішкі дүниеңе, ниетіңе қарайды. Адамдарға жағу үшін сырт келбетін әсемдеп, ішкі дүниесін былғап алса, қиын, – дейді облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек Жапек.
Наиб имам жақсылық жасаудың жолдары өте көп екенін, оның бәрі Алланың алдында садақа деп жазылатынын айтады.
– Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) айтады: «Адамдардың әрбір ағзасы үшін садақа бар. Оның ешбір күні бос өтпейді. Екі кісінің арасында әділдік жасасаң – садақа. Біреуге жол көрсетсең де, жүгін көтеріссең де, жылы сөз сөйлесең де, намазға деген ниетпен мешітке қадам бассаң да, жолдағы кедергі болып жатқан нәрсені алып тастаудың өзі де сен үшін садақа болып жазылады» (Бұхари, Мүслим риуаяты.) Жасаған жақсылығың сыйлық емес. Міндет қылма! Беріп алып, артынан дұға сұрама. Пайғамбардан (с.ғ.с) жеткен хабарда: «Мал-дүниелеріңді зекетпен тазалаңдар, ауру­ларың­ды садақамен емдеңдер, әртүрлі бәле-жаланы дұғамен қайтарыңдар» – деген. Жақсылықтың (садақаның) сауабына мұқтаж жандар емес, берушінің өзі алушыға алғыс айту керек. Абдулла ибн Масғуд: «Дүние-мүлкіңді құрт-құмырсқа жеп, ұрының қолында кет­пе­ге­нін қаласаң, оның садақасын беріп жүр» – деп өсиет қалдырған. Әсілінде, жақсылықты жария­ламай жасап, міндетсінбей, ұмытып кеткен жөн, – дейді Ғ.Төлегенұлы.
Талайды көрген халықтың ой-тұжырымында «Жақсылық етсең – өзіңе, жамандық етсең – өзіңе» деген аталы сөз бар. Яғни, жақсы әрекет етсек те, жаман қылық қылсақ та түбінде оның қарымы өзіңнің алдыңнан шығатынын айтса керек. Айтпағымыз – онсыз да тағдырынан теперіш көрген жанға қайырымдылық жасап қуантамын деп, оның есімін, суретін елге жариялап, ұнжырғасын түсірмесек екен. Оң қолымыз бергенді сол қолымыздың көрмегені дұрыс-ау.

Қамар ҚАРАСАЕВА

ПІКІР