Оңай олжа опа бермес

0 26

Кейінгі кездері қыз-келіншектер арасында ыдыс-аяқ ойыны қызып тұр. Ойын шарты өте оңай. Маңдай терді төгіп еңбек етудің қажеті жоқ. Бар болғаны 13 мың теңгемен тіркелсеңіз, қымбат, бағалы ыдыс-аяқтарға қарық боласыз да қаласыз. Әрине, егер ойын адал жүрсе, бұл тақырыпты мақалаға арқау етпес те едік. Алайда ойынға қатысып, алаяқтардың арбауына түскен бірнеше оқырманымыз редакциямызға хабарласып, оңай олжа опа бермейтінін қалың жұртшылыққа ескертуімізді өтінді.

Ауылында мұғалім болып еңбек ететін Әсемгүл Ризабекқызы әріптестерімен бірге дәл осы ойынға қатысады. Өзі де 13 000 теңгесін беріп, артынан таныс-тамырларын үгіттеп, бірқатар келіншекті кіргізеді. Бірақ үміті ақталмай, аздаған ақшаға құнды ыдыстарды иеленермін деген қуанышы ұзаққа бармай басылады.
– Білесіз ғой, ауылда негізінен аталас, рулас ағайындар тұрады. Әріптесімнен небәрі 13 мыңға 100 мыңның ыдыстарын алуға болатыны жайлы естіп, кірген болатынмын. Алғашқы кезеңінде таңдаған ыдысым бітіп кеткенін айтып, орнына пышақтардың жиынтығын берді. «Мейлі, келесі кезеңде таңдағанымды алармын», дедім. Ол жаңалығымды ауылдастарыма айтып, абысын-ажынды да артымнан ілестірдім. Әрине, олар маған сеніп кірді ғой. Ал мен өз әріптесіме сендім. Біршама күндерден соң әлгі сенген әріптесім: «Қыздар айыпқа бұйырмаңдар, ісіміз алға баспады, менен ақшаны алған кісі «WhatsAрр»-та ортақ топты жауып тастады», деді де бізді біріктірген топты ол да жауып тастады. Одан берген ақшамызды сұрағанмен, ол өзі алмағанын дәлелдеп көрсетті. Және 13 000 теңгені даулай беруге де ұялдық. Менің артымнан ілескен ауылдас келіншектер де түсіністікпен қарады. Дегенмен арамызда бір әжеміз бар еді. «Не уәде еткен ыдысты әкеп бер немесе ақшамды қайтар» деп үлкендігіне басып ұрысқан соң, амал жоқ, өз қалтамнан төледім. Сөйтіп, ыдыс та жоқ, тапқан пайдам да жоқ, бекерге еңбек етіп тапқан 26 мың теңгемнен айырылдым. Мен әлі де болса болмашы ақша үшін ешкіммен де бет жыртысқым келіп тұрған жоқ. Тек басқалар мен секілді алданып қалмаса екен деген ниетпен айтып отырмын, – дейді Әсемгүл Ризабекқызы.
Ал тараздық Халима есімді келіншек осы ойындағы әділетсіздікті өз көзімен көргенін айтты.
– Өзім сенетін құрбымның артынан ыдыс ойынына қатысып, тізімге тіркелген едім. Ол құрбым базарда ыдыс-аяқ сатумен айналысатын. Сөзіне сеніп, өзім де артымнан ауылдастарымды кіргіздім. Бір күні әлгі құрбым тіркелген кісілердің тапсырған ыдыстарын жөнелтуге баратын болды. Мен де көмектесуге ілесіп бардым. Естіген шығарсыздар, бұл ойын 4 кезеңнен тұрады. Әр кезеңге қойылған ыдыстардың ішінен керегін өзіңіз таңдайсыз. Әлгі құрбым тіркелгендер таңдаған тапсырысындағы ыдыстардың орнына суретте көрсетілген қымбатынан әлдеқайда арзандарын көрсетіп: «Ол кісілерге сіздер таңдаған ыдыстар бітіп қалыпты. Орнына осылар келді дей салармыз», деп тұр. Енді ыдыс-аяқтың сапасын түріне қарап-ақ танимыз ғой. «Бұларың дұрыс емес, айттыңдар ма, уәделеріңде тұрыңдар. Ол қолдарыңнан келмесе, ақшаларын иелеріне қайтарыңдар», деп құрбыммен сол жерде айтысып қалдым. Маған батқаны, соншама адамды алдағандары еді. Тіпті мен де өз артымнан таныстарымды кіргіздім ғой. Ал олар маған сенді. Қалайша адамдардың сенімін бұлай аяқасты етуге болады? Күйіп кеттім. Айтысып-тартысып жүріп, өзім кіргізген адамдарыма таңдағандарын алып бердім. Ақыры бәрін бастап отырған өз құрбым болғандықтан мен де белден бастым. Кейін оның тобынан шығып, өзім жеке топ ашып, ойынды әділ жүргізуді қолға алдым, – дейді Халима Ертайқызы.
Яғни өзің алғырлық танытып, берген ақшаңа лайықты затты талап етпесең, әділетсіздіктің құрбаны болуың бір-ақ сәтте. Осындайды естіп-көріп жүрсе де оңай олжа табуға соңғы кездері адамдар неге үйір болып кетті? Бұл сауалымызды психологқа қойған едік.
– Мұндай ойындарды ойнататындар қаржы пирамидалары секілді адамды психологиялық тұрғыдан арбайды. Қандай мақсатта да адамды тек оның сенімі арқылы жеңе аласың. Сондықтан адам сенімін жаулау үшін неше түрлі жылтыраған әдемі дүниелерді көрсетеді, соны алған адамдарды сөйлетеді. Біз адамдар көзбен көргенге сенеміз ғой. Мәселен ыдыс ойынында да солай. Сатылымда жоғары бағада тұрған, қазіргі уақытта көптеген ауқатты отбасылар қолданатын ыдыстарды көрсетіп, «Небәрі мынанша-ақ ақша төлейсің де, осындай қымбат дүниеге ие боласың» деп сендіреді. «Ой, ондай ақша қайда қалмай жатыр? Қалтаңнан түсіп те қалады ғой» деген сөздерді қыстырады. «Одан сол ақшаны төлеп, мынадай керемет затқа ие болмайсың ба?» деген сөздер расымен де адамды арбайды. Әсіресе қазіргі уақытта көп кісілер қаржылай тарығып, қалталы азаматтардың қымбат бұйым қолданып, шетел асып, саяхаттағанын көріп қызығады. Міне, адамның осындай қызығушылықтарын әлгіндей ойынды ұйымдастырушылар өте шебер пайдаланады, – дейді психолог Замира Байдулаева.
Ойынға қатысып, бағалы дүние алуды көздегендер қаржы пирамидасының құрбандарына ұқсайды. Шынтуайтында, адамды әдемі сөзбен, жылтыраған суреттермен алдап, ақшасын жымқыруды көздегені қаржы пирамидасына ұқсағанымен, бір ерекшелігі сол, арзан болса да қолына бір зат беруінде. Әйткенмен бұқаралық ақпарат құралдарында да, заң өкілдері де қаншалықты ескерткенімен кей кісілер біреуге оңай олжа болуға өздері баратыны өкінішті. «Оңай олжа тұрмас қолда» дегенді ескермегендер әлі талайларды зар қақсатуы мүмкін. Тек әркім өзіне сақ болса, алаяқтық та біздің қоғамнан жойылар еді.

 

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.