«Өндіріске жастардың көптеп келіп жатқаны қуантады»

0 3

Мұратқали Сәрсенов,

«Қазфосфат» ЖШС филиалы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры, Облыстық мәслихаттың депутаты  

 

– Әр азамат үшін балалық шағы қымбат қой. Ал, бүгінде ел білетін Мұратқали Сәрсенов қандай бала болды?
– Мен Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданының Қарауылтөбе ауылында дүниеге келгенмін. Бастауыш білімді осы ауылдағы мектептен алдым. Кейін аудан орталығына көштік. Балалық шақ дегенде ең әуелі ауылдағы ағайынның майшаммен күнелткені еске түседі. 1972 жылға дейін біздің ауылда электр энергиясы болған жоқ. Соған қарамастан 5 жасымнан әріп танып, батырлар жырын оқи бастадым. Ол кезде үйге жиі қонақтар келетін. Олардың басы қосылған шақта әкем маған батырлар жырын оқытып қоятын. Бұл маған көп септігін тигізді.
Әкем марқұм балаларының барлығының жоғары білім алуын қалап, соған жағдай жасады. Кеңес заманының уақытында бауырларымның барлығы әртүрлі оқу орындарында білім алып, маман иесі атанды. Мен де Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтының механика факультетін бітірдім. Мұнан соң Орал қаласында екі жылдай еңбек еттім. Сол уақыттарда Жаңа Жамбыл фосфор зауыты бой көтере бастаған болатын. Осылайша 1979 жылы аталған зауытқа жұмысқа орналастым. 2003 жылдан бастап өндіріс ошағында бас механик болып еңбек еттім. Ал, 2005 жылы Жаңатас қаласындағы Қаратау тау-кен өңдеу кешенінің директоры болып тағайындалдым. Содан бері бір жерде табан аудармай еңбек етіп келемін.
– Иә, Қаратаудың қойнауы қазыналы ғой. Сол қазынаны игеру бағытында қазір қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Тау-кен өңдеу кешенінің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
– Қазіргі таңда бізде 6 кен орны бар. Барлығында да бүгінде қызу жұмыс жүріп жатыр. Мұнда негізінен шикізат дайындауға басымдық беріледі. Кеңес өкіметі кезінде осы кешен 9 зауытты қамтамасыз етіп отырған. Атап айтқанда, Өзбекстаннан Алмалық, Самарқанд, Қохан зауыттары, Түрікменстаннан Түрікмен-Абад минералды тыңайтқыштар зауыты, Ресей, Беларусь, Украина мемлекеттеріндегі осы бағыттағы зауыттары, сондай-ақ өзіміздегі кәсіпорындарды да шикізатпен қамтыған. Сондықтан біздің зауыттың тарихы тереңде деуге де болады. Мұндағы алғашқы өнім 1946 жылдың 5 маусымында шығарылды. Сол уақыттан бері үздіксіз жұмыс жасап келеді.
Бүгінде Талас ауданындағы 3, Сарысу ауданындағы 3 кен орынының барлығы толық қуаттылығымен жұмыс жасап, жергілікті жердегі зауыттарды толықтай қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ көрші Түркістан облысының Созақ ауданындағы кен орнымызда да жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 1 миллиард 500 миллион тоннадай кен қорымыз бар. Біз жылына 1 миллион 600 мың тоннадай өнім шығарып отырмыз. Зауыттан шикізат алып отырған Жаңа Жамбыл фосфор зауытының бір өзі Орта Азияны және Үндістан, Қытайға өнімдерін экспорттауда. Бұдан өзге Еуропаға да фосфор жөнелтуде.
Кешеннің негізі қаланғанына биыл 76 жыл толып отыр. Былтыр Жаңатас қаласының 50 жылдығы, оның алдында Қаратау қаласының 45 жылдығы тойланды. Бұл даталармен біздің мекеменің тарихы тығыз байланысып жатыр. Сондықтан біз де бұл мерейтойлардан қалыс қалмадық. Өз үлесімізді қостық. Айта кету керек, мерекелік шаралар өте жоғары деңгейде өтті. Мұның барлығы да жастарға тәлім тәрбие. Біз Жаңатас қаласының тазалығы мен тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруына қолымыздан келгенше атсалысып келеміз. Кезінде құлдырап кеткен Жаңатастың бүгінде екінші тынысы ашылып келе жатыр. Олай дейтінім инвестициялар тартылып, үлкен зауыттар салынуда. Оның ішінде «ЕуроХим» зауыты қарқынды жұмыс жасап келе жатса, Жаңатас жел электр стансасы мен кальций содасы зауытының құрылысы өндірісті қала болашағының жарқын боларын айғақтайды. Бұл істе бүгінде 1 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған біздің кәсіпорынның да өз үлесі бар.
– Бүгінде күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерден бастап алып өндіріс ошақтарындағы күрделі техникалық процестер цифрландыруға көшіп жатыр. Сіз жетекшілік ететін кәсіпорында заманауи үдерістен қалыс қалмаудың қазіргі бағыты қалай?
– Заман талабына сай бізде де оңды өзгерістер көп. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының тапсырмасына сай 2022 жылға дейін біз жаңа цифрлық технологияларға толықтай өтуіміз қажет. Бүгінгі күні осы мақсатқа қол жеткізу үшін жұмыла әрекет етіп жатырмыз. Өндірісте қолданылып жатқан жаңа техникалардың барлығы дерлік толықтай цифрландырылған. Ал, қолда бар техникалардың мүмкіндігін еселеуде оларға арнайы GPS-қондырғылар орнаттық. Сол арқылы олардың жүріс-тұрысы толықтай бақылауда болады. 2017 жылдан өндірістік қуаты 10 текше метр болатын алып эксковаторлар сатып ала бастадық. Біздің жаңарған технопаркімізде БелАЗ көліктері де бар. Бұдан өзге бұрғылау қондырғылары да жаңартылуда.
Таяу болашақта ұсақтау-сұрыптау және орталық кен байыту фабрикаларына да инвестиция тарту жоспарлап отырмыз. Мұнан соң техниканың тілін білетін мамандарға сұранысты өтеуге күш салудамыз.
– Сізді көпшілік өңіріміздегі ең ірі кәсіпорын басшылығынан бөлек облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де біледі. Депутаттық мандаттың ар жағында мыңдаған сайлаушының талап-тілегін орындау міндеті жататыны белгілі. Мойынға жауапкершіліктің мол жүгін артатын қызметте халықтың қалауын қаншалықты орындап жүрсіз?
– Облыстық мәслихаттың V шақырылымының депутаттығына кандидаттыққа Жаңатас қаласының атынан түстім. Халықтың сеніміне ие болып, депутат атанған 9 жыл ішінде жергілікті билікпен бірлесе нәтижелі жұмыс атқарып келемін. Алғашқы жылдары азаматтар маған жұмысқа орналасу, жол тазалап беру сынды мәселелермен қайырылатын.
Ал, қазір жағдай мүлдем өзгерген. Бұған дейін халықтың көкейінде жүрген түйткілдердің түйіні жергілікті бюджеттің ұлғаюы есебінен өз шешімін тапты.
Қазір менің Қаратау қаласында қоғамдық қабылдау бөлмем бар. Онда сайлаушыларым өздерін мазалаған сұрақтарын қоя алады. Ал Сарысу ауданы тұрғындарын «Nur Otan» партиясы аудандық филиалында үш айда бір рет қабылдап тұрамын. Мұндай қабылдаулар Талас ауданында да жүргізіледі. Бұл қабылдауға келгендер негізінен баспана мәселесін көтереді. Сондықтан да бүгінде Қаратауда бос тұрған үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіліп, ел игілігіне беру бойынша да бірқатар шаруалар атқарылуда.
Әрине депутаттың қабылдауына келген әрбір азамат оған сенім артады. Өз кезегінде қабылдауға қатысып отырған аудандық әкімдіктердің бөлім басшылары мен мекеме жетекшілері өздеріне қатысты мәселелерді уақыт оздырмай шешуге міндетті. Одан соң халықтың көбі мемлекеттік бағдарламалардың мән-мазмұнын түсінбейді. Сол себептен біз кейде осы бағдарламаларды түсіндіріп береміз.
Халық қалаулысы ретінде Қаратау қаласындағы жол мәселесін шешуге үлес қоса алдым. Қала жолдарын жөндеуге 1,5 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде аудан орталығындағы 102 көшенің 62-сі жөнделді. Қалғаны кезең-кезеңімен жөнделеді. Сонымен қатар қаратаулықтар көгілдір отынның қызығын көре бастады. 1998 жылдан басталған газдандыру жұмыстары қаланы толықтай қамти алмады. Өйткені шаһардың кей бөліктеріне газ құбыры тартылмай қалған. Осы орайда 55 тұрғын үйге газ құбырын тартуға 55 миллион теңге бөлінді. Өз қаржымызға 5 үйдің көгілдір отынға қол жеткізуіне жағдай жасадық. Қалада қоғамдық көліктің жүргізілуіне барынша ықпал еттік.
– Бүгінде жалпы қоғамды алаңдататын бір мәселе – жастар жұмыссыздығы десек қателесе қоймаймыз. Ал осы жастардың өндірістегі үлесі қандай?
– 2005 жылдары біздің кәсіпорын қызметкерлерінің орта жасы 52 жасты құрайтын. Ал қазіргі таңда бұл көрсеткіш 42-ге түсті. Былайша айтқанда ұжымның орташа жасы 10 жылға жасарған. Кәсіпорындағы жұмысшылардың дені жергілікті жердің жастарынан тұрады. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітірген жас мамандардың кәсіпорынға көптеп келуі қуантады.
Жалпы ұжым мүшелерінің 50 пайызын 35-ке толмаған жастар құрайды. Бүгінде олардың бірқатар әлеуметтік мәселелерін шешу назарға алынды. Әсіресе баспаналы болуға ниеттілердің талаптарын аудан әкімдігімен бірлесіп қанағаттандыруға мән беріп отырмыз.
Жастар жұмыссыздығымен бірге мені жас мамандардың кәсіби біліктілігінің төмен болуы қатты алаңдатады. Әсіресе өндіріске келгендердің өз ісінде ақсауы оларға жоғары және арнаулы білім берудегі олқылықтың салдары деп білемін.
Одан соң экран алдында өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеуі тиіс телеарналарда әйел болып киініп, қылымсып жүргендерді көргенде қынжыламын. Бұл жағдайдың салдары бара-бара тепсе темір үзетін жігіттердің жеңілтек болуына әкеп соғады. Сондықтан салиқалы дүниелерге көбірек көңіл бөлінсе деп ойлаймын.
Мұнан кейін бір айтарым біздің қазақты жалқау қылып көрсеткісі келетіндерді түсінбеймін. Біздің халық жалқау емес. Бұрынғы бабаларымыз маңдай терімен, еңбекқорлығымен дәулетке кенелген. Мақсатына жеткен. Сондықтан жастарды ешнәрсеге қарамай, Үкімет берген мүмкіндікті пайдаланып, елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етуі қажет.
– Осы қызметке алғаш келгеніңізде «Амантайдың кемесі» деп өлең жазып, орталық байыту фабрикасы мен оның сол кездегі басшысы Амантай Өмірзақов туралы жырға арқау еткеніңізді білеміз. Жалпы шығармашылыққа қаншалықты жақынсыз?
– Оның барлығы шабытпен келетін дүние. Осы Жаңатасқа алғаш келгенімде ақ ұлпа қары мен бораны әсер етпей қоймады. Сосын ауызсу таңертең, кешке екі сағаттан беріледі. Соған қарамастан елдің көңілі жарқын, өз қаласын жақсы көреді. Және қаладан көшіп жатқандар да баршылық болатын. Жоғарыда өзің атап өткен өлеңді осындағы тұрғындарға үндеу ретінде жазған едім. Бүгінде Жаңатас қаласына көшіп келіп жатқандардың көбейе түскенін көріп, кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Шаһарда жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтің әлеуеті артуда. Осындай жағымды жайттарды жырға қосқанға не жетсін. Дегенмен кейінгі кезде жұмыстың көптігіне байланысты өлеңді де ұзақ ойланып барып қана жазатын болдым.
Ал, жалпы көп ақындарды оқимын. Әрі өзім күнделік жазатын болғандықтан солардың ұнаған тіркестері мен ойларын әрдайым түртіп отырамын. Негізі кен орындары туралы әндерге сөз жазған кездерім де болған.
– Елдің ортасында жүрген соң досыңыз да көп шығар. Сіз осы достық ұғымын қалай түсінесіз?
– Шүкір, досқа кенде емеспін. Алғашқы достарым Орал жақта қалып кетті. Туған жерге барғанда кездесіп тұрамыз. Мұнан кейінгі орында студенттік кезеңдегі достар ғой. Жастық шақтың қызығын бір көрген жандарды ұмыту мүмкін емес. Әлі күнге дейін олармен отбасымызбен араласамыз.
Дос ұғымының астары өте кең. Қиын кезеңде бір нанды бөліп жеп, шер тарқата алатын адамның болғаны қандай жақсы?!
Одан соң жұмыс барысындағы әріптестерің де дос болып кетеді. Бір ұжымда жұмыс жасаған соң өзіңді түсінетін азаматтар болады. Олармен де отбасыңмен бірге араласып кетесің.
– Өмірдегі ұстанымыңыз қандай? Адам­дар­дың қандай қасиетін жоғары бағалайсыз?
– Тәрбиемізден шығар, өтірік айтқан адамды жек көреміз. Отбасымызда не болса да шындықты айтқанға баулыды. Сондықтан өтірік айтқан адамды жақтырмаймын. Сонымен қатар үлкенді сыйламайтын азаматтарды суқаным сүймейді. Қарапайым дастарқан басында үлкен адам бата бермейінше өзгелер асқа қол салмауы қажет. Ал кейбіреулер мұндайды да елемей жататыны жасырын емес. Батаға да баса мән беру керекпіз. Қазір кейбір жастар мұны ұмыт қалдырып, бата берілмей жатып орнынан тұрып кетеді. Бұл дұрыс емес әрине. Біз ата-бабаларымыздың салып кеткен сара жолымен салт-дәстүрімізді ұлықтап, өскелең ұрпаққа дұрыс бағдар көрсете блуіміз қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.