Жастар.kz Сұхбат

«Өндірістегі өрендердің өресі биік»

Written by Aray2005

Жалынды жастар – егемен елдің ертеңі. Сондықтан да олар бәсекеге қабілеттіліктерін арттырып, кез келген салада белсенді болуы қажет. Осы орайда «Қазфосфат» ЖШС филиалы – «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде жұмыс атқаратын белсенді жастардың бірі, кешеннің техникалық бөлім бастығының орынбасары Самат Серікбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Самат Болатұлы, «Қазфосфат» ЖШС филиалы – «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені өңірге танымал өндіріс ошақтарының бірі. Қазір мұндағы жұмысшылардың арасында жастардың алатын үлес салмағы қандай?
– Жалпы, біздің тау-кен өңдеу кешені фосфорит кенін қазып алып, өңдейтін комбинат болып табылады. Негізінен, фосфоритті қазып алу жұмыстары Көксу, Көкжон, Жаңатас кеніштерінде жүргізіледі. Аталған шикізат өнеркәсіптік тұрғыдан игеріліп, еліміздің мақта және қант қызылшасын егумен айналысатын аудандар мен Орталық Азия елдеріне жөнелтіледі. Сондай-ақ Тоғызбай және Дөңгелек кеніштерінде әрлеу жұмыстарына арналған жентек тастарды қазып алу жұмыстары жүргізіледі. Осындай ілкімді істерді атқарып жатқан өндіріс ошағында
1 596 маман қызмет атқарады. Соның ішінде 29 жасқа дейінгі 319 жас маманымыз бар. Айта кетерлігі, жастардың үлес салмағы жыл сайын артып келеді.
– Еліміздің болашағы жастардың қолында екені әу бастан белгілі. Сондықтан жастардың мәселесі Үкіметтің назарынан тыс қалған емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылды «Жастар жылы» деп атады. Бұл жылды өндірістегі жастар қалай өткізіп жатыр?
–Жастар жылының жариялануы өндірістегі жастарға да тың серпін берді. Қазіргі таңда Жастар жылына орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, өз деңгейінде өткізіліп жатыр. Жалпы, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені «Көксу» кеніші, Орталық кен байыту және Ұсақтап-сұрыптау фабрикалары сияқты үш негізгі және 12 көмекші цехтардан тұрады. Осы цехтардың арасында биыл «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 20 жылдығы мен Жастар жылына орай жастар арасында «Театрланған фестивальдің» іріктеу туры өткізілді. Оның негізгі мақсаты– кешен қызметкерлерінің арасында шығармашылық, мәдени, бауырмалдық байланыстарды нығайту, жас мамандарды қоғамдық жұмыстарға кеңінен қатыстыру және компанияға деген патриоттық сезімдерін қалыптастыру болды. Қазіргі таңда жеңімпаз командалардан өнерпаздарды таңдап алып, 24 мамырда «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалдары арасында Химиктер күніне өтетін фестивальге дайындық жұмыстары басталды.
Сонымен қатар 4 сәуірде кешендегі жас мамандардың қатысуымен «Болашақ біздің қолымызда» атты» ғылыми жобалардың байқауы ұйымдастырылды. Байқауға «Қаратау» және «Шолақтау» кешендерінен, сонымен бірге Жаңатас қаласының колледждерінен жасы 18 бен 35 жас аралығындағы 10 үміткер қатысты. Арнайы құрылған комиссияның шешімі бойынша жеңімпаздар анықталып, басшылық тарапынан марапатталды. Тағы бір айта кетерлігі, «Әлеуметтік маңызды жоба», «Үздік жас ғалым», «Үздік инновациялық жоба», «Үздік экологиялық жоба», «Ең креативті жоба», «Ең ұтқыр жоба» номинациялары бойынша да үздіктер арнайы сыйлықтарға ие болды. Жастар жылы аясында мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
– Елбасы әрдайым өз сөздерінде жастардың жан-жақты болуы қажет екендігін айтып отырады. Филиалда өндіріс саласындағы жастардың спортпен айналысуына қаншалықты жағдай жасалған?
– «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мұратқали Сарсенов мырзаның қолдауымен жастармен жұмыс дұрыс жолға қойылған. Мысалы, кешенде өзіміздің өндірістік-тұрмыстық орталығымыз бар. Онда жастарға және кешен еңбеккерлеріне бос уақытын тиімді өткізу үшін және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жаттығу , теннис, бильярд залдары қарастырылған. Бұдан бөлек шахмат ойыншыларына арналған арнайы орындар да жасақталған. Сондай-ақ кешеннің жекеменшігіндегі «Фосфорит» стадионында жастардың арасында түрлі спорттық жарыстар, футбол ойындары ұйымдастырылып тұрады. Мұндай жағдайлар жұмысшылардың, әсіресе жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын ұстануына керемет мүмкіндіктер деп ойлаймын.
– Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жастардың өндіріс ошақтарында жұмыс жасағысы келе бермейді. Сіздің бұл салаға келуіңізге не түрткі болды?
– «Ер адам мамандық және жар таңдауда қателеспеу керек!» деген ұстаным бар емес пе? Бұл салаға келуіме, жалпы мамандықты дұрыс таңдауыма ата-анам түрткі болды. 2016 жылы Алматы қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің «Стандарттау, метрология және сертификаттау» мамандығын бітіріп, қазіргі таңда соған сәйкес «Техникалық бөлім» бастығының орынбасары қызметін атқарудамын.
Химия өнеркәсібі – облыс экономикасының басым салаларының бірі. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – фосфор шығарудан бастап, олардан өндірілетін түпкі өнімді өз меншігіндегі Теміржол-көлік кешенінің күшімен жеткізуге дейінгі бүкіл жұмысты бір өзі атқаратын Қазақстан жеріндегі бірегей компания. Осындай беделді компанияда жұмыс жасау мен үшін үлкен мәртебе. Осы жерде еңбек ете жүріп байқағаным, өндірістегі өрендердің өресі биік. Өйткені химия өнеркәсібі тәжірибемен қатар, терең білімді де қажет етеді.
– Өзіңіз басқаратын Жастар одағының мүшелері қоғамдық шараларға қаншалықты атсалысады? Сондай-ақ жергілікті жастар ұйымдарымен байланыс орнатылған ба?
– «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекетіміз жүргізіп отырған саяси бағыттан тыс қалмай, оны толық қолдай отырып, компания жастары жөніндегі саясатын дамытуға барынша күш салуда. 2011 жылы серіктестікте Жастар одағы құрылып, қазіргі таңда өз жұмысын жемісті жалғастыруда. Кешенде өткізілетін кез келген қоғамдық іс-шараларға жастар міндетті түрде қатысып отырады. Сондай-ақ Сарысу аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Nur Otan» партисы аудандық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатымен де байланыс орнатылып, ортақ шараларды бірлесе іске асырудамыз.
– Сіз бұдан бөлек «Нұр Отан» партиясы «Қаратау» бастауыш партия ұйымының төрағасы екенсіз. Мұндай қоғамдық қызметтеріңіз негізгі жұмысыңызға кедергісін келтірмей ме?
– Мен осы тұста осындай жауапты жұмыстарды сеніп тапсырғаны үшін облыстық маслихаттың депутаты, Талас, Сарысу, Созақ аудандарының Құрметті азаматы, «Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешендерінің директоры Мұратқали Бахыткерейұлына үлкен алғысымды бірдіргім келеді. «Nur Otan» партиясы Сарысу аудандық филиалының «Қаратау» бастауыш партия ұйымы облыстағы ірі бастауыш партия ұйымдарының бірі. Мыңнан аса партия мүшесі бар ұйымның қызметін жүргізу аса зор жауапкершілікті талап етеді. Дегенмен негізгі жұмысыма кедергі келтірмейді. «Жас келсе іске!» деп жатамыз ғой. Сондықтан жастық жалынымыз барда, сенім артқан ел ағалары тұрғанда жауапкершіліктен қашпай, жұмыс жасауымыз керек. Себебі бұл да болса біз үшін тәжірибе. Ал өз кезегінде ол тәжірибе болашақта жемісін беретіндігі даусыз.
– Биыл Жаңатас қаласына 50 жыл толып отыр. Қала тарихы – комбинат тарихы. Осы мерейлі мерекеге орай өндіріс ошағының жастары қандай сый дайындап отыр?
– Жаңатас қаласының 50 жылды­ғын еңбектегі жетістігімізбен, табыстары­мызбен қарсы алу біз үшін үлкен абыройлы іс деп ойлаймын. Әркім өз жұмысын жауапкершілікпен, тиянақтылықпен атқаратын болса, сыйлықтың үлкені сол. Расында, Жаңатас қаласының тарихы өндіріспен тығыз байланысты. Кезінде іргесі ірі фосфорит кенін игеруге байланысты 1964 жылы қалана бастаған шаһар өткен ғасырдың соңында құлдырауға ұшырады. Дегенмен соңғы жылдары бұл қалаға жан бітіп, бос қалған тұрғын үйлердің қалпына келтіріле бастағаны көңіл қуантады. Баршамыз аянбай жұмыс істейтін болсақ, туған жердің де тынысы одан ары кеңейе түсетіндігі сөзсіз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат Сейдуалиев

ПІКІР