Жастар.kz

Өндірісті өрге сүйреген Нұргелді

Written by Aray2005

Еліміздің табиғи ресурстарға өте бай мемлекет екені әмбеге аян. Дегенмен қолда бар пайдалы қазбаларды өңдеп, қажетімізге жарату тиянақты білім мен қыруар еңбекті талап етеді. Сондықтан бүгінде жастарға артылатын сенім мен жауапкершіліктің жүгі жеңіл емес. Олай дейтініміз, табиғат берген байлықты сарқып алмай немесе өзгенің уысына ұстата салмай, өзіміз игерсек қана жемісін көретініміз анық. Осы орайда химия саласын таңдап, таңдаған мамандығының машақатын емес, рахатын сезініп жүрген жас маманның бірі – Нұргелді Саттарханов. Ол қазіргі таңда «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені бақылау-өлшеу құрылғылары және автоматика бөлімінің басшысы қызметін атқарады.

Расында, бүгінде көпшілік жастар химия секілді күрделі ғылымның маманы болуға аса құлшыныс таныта бермейді. Оның себебі де жоқ емес. Олай дейтініміз, жастардың басым көпшілігі «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүргісі келеді. Жасыратыны жоқ, химияның бар болмысын жылдам үйрену әркімнің де қолынан келе бермейді. Әрі бұл сала жаратылыстану ғылымдарының күрделі тобына жататындықтан, оған арнайы тәжірибе болмаса, нәтижеге жетудің өзі екіталай. Қиын сала болғандықтан, әлбетте, оның қажырлы еңбегінің нәтижесі де маңыздырақ. Соған қарамастан Нұргелді Саттарханов мектепті тәмамдай салысымен болашағын шағын қаладағы кәсіпорындармен байланыстырып, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Бақылау, өлшеу құралдары және автоматика» мамандығына құжат тапсырады. 2011 жылы аталған оқу орнын бітірген соң бірден туған жері Жаңатас қаласына тартып, сондағы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешеніне мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Сол уақыттан бері қызметтің түрлі баспалдақтарын басып келе жатқан ол қазіргі таңда аталған өндіріс ошағының бақылау-өлшеу құрылғылары және автоматика бөлімінің басшысы қызметін атқаруда.
– Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Өйткені адам тағдырының бір бөлігі таңдаған мамандығымен ұштасады. Меніңше, мамандық таңдаудың жолдары көп. Шындығында, талапкер соқыр сезімге беріліп, соңында сан соғып қалуы әбден мүмкін. Сондай-ақ өзі таңдаған мамандығын зерттеп көру қажет. Мен мамандық таңдамас бұрын Жаңатас қаласында химиядан басқа өндіріс ошақтары жоқ екенін білдім. Сондықтан мектеп кезінен бастап өзімді осы салаға икемдей бастадым. Дегенмен бұл сала оңай емес. Себебі жыл сайын жаңа технологиялар пайда болады. Сол технологияларды өндіріс ісіне енгізіп отыру қажет. Онсыз сапалы өнім алу мүмкін емес. Яғни химия саласы да үнемі ізденісті қажет етеді. Сонымен қатар өндірістің өзінде мамандар арасында бәсекелестік қалыптасқан. Әріптестеріңнен қалып кетпеу үшін әрдайым ізденіп, білімімізді жетілдіріп отырамыз. Бұдан өзге өндіріс ошағында арнаулы орта білімі бар мамандардың да білімін жетілдіру үшін бар жағдай жасалған. Оларды басшылық өндіріс орны қаражаты есебінен оқытады, – дейді Н.Саттарханов.
Бүгінде осы салада ысылып, төселіп қалған Нұргелді күнделікті жұмысымен қатар тың идеяларды ұсынып, оны өндіріске енгізуге бар күшін салып жүр. Мәселен, оның ойлап тапқан «айналым жылдамдығын бақылау құрылғысы» өткен аптада «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жас мамандары арасында ұйымдастырылған «Болашақ біздің қолымызда» атты конкурстан жүлделі ІІІ орын алыпты.
– Компанияда еңбек ететін жастардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасау әрі Жастар жылына орай ұйымдастырылған конкурс оңайға соққан жоқ. Олай дейтінім, байқаудың алғашқы кезеңінде осы компанияда жұмыс істейтін 70-ке жуық жас конкурстың бірінші кезеңінде өздерінің 59 креативті жобаларын ұсынып, соның ішінде 35-і ақтық сынға өттік. Менің «Айналым жылдамдығын бақылау құрылғысы» атты жобам үздіктердің қатарынан табылғанына қуаныштымын. Осы жобам арқылы жұмысты керексіз тоқтаулардан сақтағым келді. Яғни бақылау қондырғысы жұмыстың барлығын назарда ұстауға қауқарлы. Сондай-ақ экономикалық жағынан да тиімді. Аса көп шығынды қажет етпейді. Бұл жобам басшылық тарапынан қолдау тауып, алдағы уақытта «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында зауыттың өндірісіне енгізілетін болады. Нақтырақ айтсам, 2022 жылға дейін жобам жан-жақты толықтырылып, өндіріс ошағына пайдаланыла бастайды. Әрине, мұнымен тоқталып қалуға болмайды. Осы саланы таңдағаннан кейін әлі де іздену қажет. Ол үшін бізде бар мүмкіндік қарастырылған. Бастысы жалықпастан жұмыс атқарып, қарапайым ғана ісіңнен нәтиже шығара білсең болғаны, – дейді Н.Саттарханов.
Қашанда қоғамның басты қозғаушы күші – жастар. Әрі болашақ та солардың қолында. Сондықтан осынау жаһандану заманында өндіріс ошақтарында жұмыс атқаратын жас мамандардың іркіліп қалуларына әсте болмайды. Тың идеялар тауып, оны іске қосуда қол қусырып қалмаулары қажет-ақ. Ол үшін қазіргі таңда бар жағдай жасалған. Тек соны нәтижелі қолдана білсе болғаны.

Ш.БИДІЛДАҰЛЫ,
Сарысу ауданы

ПІКІР