Өндірістің өркендеуі – өмірдің жақсаруы

0 3

Бір айдан астам уақыттан бері әріптестеріміз газетіміздің «Ел мен жер» жобасы аясында бірнеше ауданда (Жамбыл, Қордай, Байзақ, Жуалы) болып, әр аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігін көзбен көріп қайтты. Жамбыл мен Жуалыдағы жан жадыратар жүйелі жұмыстармен, Қордайдың қарқынды қарымы, қарышты қадамымен, Байзақтың берекелі тірлігімен әріптестердің қалам қуаты арқылы танысып, әр аймақтың дамудың даңғыл жолына түскенін ұғындық.
Жоба аясында өткен аптада тұғыры биік, тірлігі мығым Таласқа жолымыз түсіп, өзге аудандармен салыстырғанда бұл өңірдің көптеген саласында серпін бар екені, үлгі болар істер көп екеніне көз жеткізіп қайттық.

Өңірдің өркендеуі өндірістің өрге басуына тікелей байланысты. Бүгінде Қаратау қаласындағы бірқатар ірі және орта өндірістік кәсіпорындар шаһар бюджетін еселеп келеді. Есепті мерзімде 17 миллиард 602 миллион 600 мың теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Жалпы өндірілген өнімнің және қызметтердің көлемі 36 миллиард 55 миллион 500 мың теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 108,6 пайызға артық орындалыпты.
Ал, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 11 миллиард 818 миллион 500 мың теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 2 миллиард 202 миллион 300 мың теңгеге артық орындалған.
Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовтың айтуынша, инновациялық жобалардың арқасында ел игілігі еселеніп келеді екен. Мәселен, құны 3,7 миллиард теңгені құрайтын, қуаттылығы 9 МВт болатын жел электр энергиясын өндіру мақсатында «Вин Пауер Сити» және «Вин Электрсити» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріндегі құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Сонымен қатар «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қуаттылығын 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға дейін көтеру мақсатында зауыттың жанынан құны 25 миллиард теңгені құрайтын қосымша цех соғу жобасын қосу жоспарлануда.
Бір кездері өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті Кеңес Одағына мәлім болған ауданда кәсіпкерлік те құлашын кеңге сермеуде. Талас ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің мәліметінше, аймақта 2659 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.
Жыл басынан бергі бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 1 миллиард 444 миллион 300 мың теңгені құрайды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 145 миллион 800 мың теңгеге артық көрсеткіш саналады. Аудан кәсіпкерлері өз қызметінде ең әуелі тұрғындар мен облыс нарығын сапалы азық-түлікпен қамту, олардың өзге де тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге басымдық береді. Мәселен бір ғана Қаратау қаласында 7 наубайхана жұмыс істейді. Аудан орталығындағы наубайханаларда тәулігіне орта есеппен 6 500 бөлке нан пісіріледі.
Бақыт Алпысбайұлы аудан кәсіпкерлерінің өз ісінің ауқымын кеңейтуде мемлекеттік бағдарламаларды көптеп кәдеге жаратып жүргенін айтады.
– «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл басынан бері ауданда жалпы сомасы 260,3 миллион теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылды. Таластық кәсіпкерлер аталған жобаның пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша көмекке көптеп жүгінеді. Қаңтар-қыркүйек айларында бағдарламаның дәл осы тетігі аясында жалпы сомасы 206 миллион 300 мың теңге болатын 5 жоба іске асырылды. Сондай-ақ 54 миллион теңгенің 3 жобасы екінші деңгейлі банктер арқылы іске асырылып жатыр. Мұнан бөлек «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралы аясында 140 миллион теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асты. Ал өндірістік инфрақұрылымды дамыту құралы бойынша «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулігі серіктестігінің өндірістік қуатын арттыру, Қызыләуіт ауылдық округіне қарасты «Еламан» шаруа қожалығына электр желілерін жүргізу жұмыстары қолдау тапты.
Сонымен қатар облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының қайтарымсыз грант конкурсына қатысу үшін 28 үміткер ниет білдіріп, оның екеуі жеңімпаз атанды, – дейді Б.Қазанбасов.
Расында ауданда түрлі бағыттағы мемлекеттік бағдарламалардың жемісті жүзеге асып, шарапатын көріп, шаруасы шалқып отырғандар аз емес екен. Аймақтағы іскер азаматтар мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, ел сүйсінер тірлікті қолға алған.
Сонымен қатар елді мекендерді газдандыру, ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың да нәтижесі қуантарлықтай. Облысты дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында өтпелі нысан, Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Үшарал, Қайыр, Арал елді мекендерінде ішкі газ тарту желісін салуға 2019 жылы 391 миллион 500 мың теңге бөлінген. 2020 жылы облыстық бюджеттен 43 миллион 12 мың теңге бөлініп, жұмыстар толық аяқталыпты. Қазіргі таңда үй-үйге кіргізу жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы 23 елді мекеннің 14 елді мекені газдандырылған.
Ал өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2019 жылдың өтпелі нысаны Майтөбе ауылының су жүйелерінің құрылысына 2019 жылы 111 миллион 111 мың теңге және 2020 жылы 220 миллион 453 мың теңге бөлініп, жұмыстар аяқталып, нысанның қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Сметалық құны – 336 миллион 707 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ Қаратау қаласындағы «Көктал» су құбыры жүйесінің құрылысына 333 миллион 333 мың теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.
– Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы аясында 3 миллиард 678 миллион 916 мың теңгеге 67 жоба жүзеге асырылып, 1260 жұмыс орны ашылды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыз 640 адамды жұмыспен қамту көзделген. Бүгінгі таңда 1260 жұмыс орны құрылып, жұмыспен қамту интеграциялық жол картасына енгізіліп, орталық арқылы 641 адам жұмысқа жолданды. Бағдарлама аясында барлығы 127 нысан іске асыру жоспарланған, – деген Бақыт Алпысбайұлы тұрғындардың қамсыз тірлік кешуі үшін қолға алынған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретініне сендірді.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.