Өнегелі әулет – өнерлі отбасы

0 72

«Отбасы қай заманда да дені сау қоғамның және мықты мемлекеттің негізі болып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырда қазақстандық тату отбасында патриотизм, еңбексүйгіштік, жаңа қоғам құру құндылықтарымен тәрбиеленген тұтас буын өсіп келеді. Олар – білімге құштар, бәсекеге қабілетті, жаңа әлем мен инновацияларға ашық, Үшінші жаңғыруды жүзеге асырушылар. Қазақстанның болашағы өзара сыйластық пен татулыққа ұйыған. Жақындарына жанашырлық жасаумен бірге өзгелерге көмегін аямайтын, әркім өзінің сүйікті ісімен айналысатын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан бірлік пен келісім құндылықтары сақталған отбасылары деп сеніммен айта аламын. Еліміздің тірегі болған осынау құндылықтар әрдайым біздің байлығымыз болып қала бермек», – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отбасы құндылықтарына қашанда ерекше назар аударып келеді. Бүгінде татулығымен көпті тәнті етіп, салт-дәстүрді сақтап, балаларының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тәрбиелеп отырған үлгілі отбасылар көп. Солардың бірі – Жамбыл ауданындағы Байдалиевтер отбасы.

Отбасының тірегі Асқар Байдалиев бүгінгі таңда Жамбыл аудандық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің басшысы ретінде ауданның мәдени дамуына үлес қосып келе жатқан білікті маман. Жастайынан ата-әже тәрбиесін алған ол бала тәрбиелеуде үлкендердің үлгісін қолданатынын жасырмайды.
– Мен үйдің үлкені әрі нағашы ата-әжемнің тұңғыш немересі болғандықтан сол кісілер
4 айлығымнан бауырына басыпты. Яғни әрбір қарапайым қазақ отбасыларындағыдай мен де атам мен апамның баласымын. Оның үстіне ол кезде әке-шешем жас. Екеуі де студент болған екен. Өзімнің ата-апам да бірі мектеп директоры, бірі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істегендіктен бала қарауға мүмкіндіктері болмаған секілді. Ал нағашы атам сол кезде болыс болыпты. Әжем үй шаруасында, майда-шүйде тіршілігін істей жүріп, мені бағып-қаққан көрінеді.
Өзім Жамбыл ауданындағы қазіргі №1 мектеп, бұрынғы Жеңістің 30 жылдығы атындағы білім ошағын бітірдім. 1999 жылы сол кездегі ТарМУ-ға оқуға түсіп, 2003 жылы тәмамдадым, – деген Асқар Маратұлы диплом алып қана емес, қолына құсын қондырып та ата-анасын қуантқан екен.
Бүгінде үлгілі отбасы 5 перзентті өсіріп, тәрбиелеп отыр. 2004 жылы дүниеге келген тұңғышы Арсен қазақ-түрік колледжінің 2-курс студенті. Мектепте жүріп-ақ қосымша өнер мектебінен дәріс алып, қос ішекті домбыра тартуды кәсіби түрде меңгерген. Екінші қызы да өнерден құралақан емес. 9-сыныпты оқитын ол қылқобыз үйірмесіне қатысады. Одан кейінгі қызы да вокалдан сабақ алып жүр. Түрлі аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Ал қалған екі перзенті әлі балабақшаға барады. Яғни ауданның қоғамдық өміріне белсенді үлес қосып жүрген өнерлі отбасы көпшіліктің назарына ілініп, «Мерейлі отбасы» байқауына қатысыпты.
– Менің мамандығым – музыка және ән айту пәнінің мұғалімі. «Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» дегендей, балаларымның үлкендері де менің жолымды қуды. Арғы жылы бағымызды сынап «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңіне қатысып, өнерлі отбасы ретінде бас жүлдені қанжығаға байладық. Мен және үлкен ұлым домбыра шертсек, үлкен қызым қобыз тартты, ал ортаншы қызым ән айтты. Аналарының мамандығы қаржыгер болса да қолына сылдырмақ ұстатып, отбасылық ансамбль құрып, көрерменге өнерімізді паш еттік, – дейді А.Байдалиев.
Былтыр пандемияға байланысты онлайн форматта өткен «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде де Байдалиевтердің шаңырағы топ жарып, ең үздік өнерлі отбасы атанды. Асқар Маратұлының айтуынша, сүттей ұйыған отбасының басты құндылығы – береке-бірлік пен өзара түсіністікте екен.
– Отбасымыздың дәстүрі бойынша туған күн, айтулы даталар мен бала-шағаның жетістіктерін кішігірім той ретінде өткізіп тұрамыз. Бұл балалардың ынтымағына, бауырлардың бір-біріне жақындай түсуіне ықпал етеді. Көктем сайын бала-шағамен бірге тал-дарақ егіп, демалыс күндері отбасымызбен «Ақыртас» кешені, Қарахан, Айша бибі, Тектұрмас мавзолейлеріне барып қайтамыз. Әрбір бала өзінің тегін, туып-өскен өлкесінің тарихымен таныс болып өсуі керек, -дейді ол.
Өрісі кең өнерлі отбасының алар асуы алда. Біз де өнегелі отбасы амандығын, бақытының баянды болуын тіледік.

Айжан ӨЗБЕКОВА

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.