Өнегесі сарқылмас қазына еді

0 85

Топырағы текті, даласы дастан Талас ауданының Құрметті азаматы, жастар басылымының шын жанашыры саналы ғұмырын өлкенің әлеуметтік-экономикалық даму жолында сарп еткен, көргені мен түйгені мол, адал ісімен абырой асуына жеткен атпал азамат, қадірлі қайраткер Өмірзақ Дүйсенбиевтің өмірден өткеніне қырық күн толды.

Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханұлының «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп айтқан отты сөзі осындай кезде еріксіз еске түседі. Себебі дәл қазір ортамызда жоқ болса да, сом бейнесі сөнбес сәулеге айналған Өмірзақ Тамабайұлы халқына адал мінезбен қалтқысыз қызмет еткен жан. Оған ел куә, ғұмыры дәлел.
Өмірзақ Тамабайұлы 1949 жылы 19 сәуірде Талас ауданының берекелі бесігі Ойық ауылында дүниеге келген. Алтын бесікте қара танып, еңбек жолын өз туған ауылында құрылысшы болып бастаған. Сол жылдары мектеп бітірген түлектерден комсомол жастар бригадасын ұйымдастырып, ізінен ерген буынды ерте бастан еңбекке баули бастайды. Табанды еңбексүйгіштігінің арқасында 1969 жылы қыркүйек айында коммунистік партия мүшелігіне өтіп, «Ойық» совхозы комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. 1969 жылы қазан айында Мәскеу қаласында сол кездегі партияның Бас хатшысы Л.Брежневтің тікелей пәрменімен ашылған БЛКЖО жанындағы Жоғары комсомол мектебіне оқуға түсіп, осы оқу орнын 1973 жылы тарихшы, қоғамтану және коммунистік тәрбие беру жөніндегі методист мамандығы бойынша тәмамдаған. Одан кейінгі ғұмырында Жамбыл облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Талас аудандық комсомол комитетінің бірінші секретары, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, Талас аудандық кеңесінің депутаты, Талас аудандық партия комитеті саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі, Ақкөл селолық кеңесі атқару комитетінің, Тамды селолық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, аталмыш ауылдық кеңестің төрағасы, әкімі, 2000 жылға дейін осы ауылдық әкімдігінің хатшысы қызметтерін атқарған.
Осы жылдың қыркүйек айынан 2013 жылы зейнетке шыққанға дейін Тамды ауылындағы Қойгелді атындағы орта мектепте педагог-психолог болып жұмыс істеп, ұстаздық еткен. 2012 жылдан қоғамдық негізде «Nur Оtan» партиясы «Тамды» бастауыш партия ұйымының төрағасы, 2018 жылдан Тамды ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы міндетін мінсіз атқарды.
Жастарды шаруашылық жұмыстарында өндірістік жоспарларды, мемлекеттік тапсырмаларды орындауға жұмылдырудағы белсенді және жемісті еңбегі үшін Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының грамотасымен, ВЛКСМ Орталық Комитетінің, Қазақстан ЛККО Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен, ВЛКСМ Орталық Комитетінің ең жоғары наградасы «Комсомол жұмысындағы белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен, Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитетінің, Қазақ КСР ДОСААФ Орталық Комитетінің құрмет грамоталарымен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Президентін, Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау кезінде белсенділік танытқаны үшін айтулы алғыс хаттарға ие болды.
Ел тәуелсіздігі жылдарында ауданда атқарған сүбелі еңбегі үшін аудан әкімінің екі рет құрмет грамотасымен марапатталып, екі мәрте «Nur Оtan» партиясы аудандық филиалының алғысына, сонымен қатар Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығына Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Тәуелсіздіктің жиырма бес жылы» мерекелік медаліне, «Талас ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды.
Ұстанымы биік, ұлағатты ұстаз, Алтын алқа иегері жолдасы Дарияш Меңлібекқызы екеуі 7 ұл-қыз тәрбиеліп өсіріп, олардан немере, шөбере сүйді. Осылайша Отанына адал қызмет етіп, халқының қадірлісі атанған, отбасының дариясына айналған қазыналы жан өскелең ұрпаққа өмір жолын өнеге етіп, мәңгілік сапарға аттанды. Қаңтар айының 21 күні қырқы нәзірі беріліп, рухына Құран бағышталмақ. Жатқан жеріңіз жайлы, жаныңыз жаннат төрінен орын алғай!

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.