«Өнер сатылмайды, бірақ бағалануы керек»

0 5

Айтыс – қазақ халқымен мәңгі бірге жасасып келе жатқан, ұрпақтар сабақтастығын өлеңмен жалғаған құдіретті өнер. Үкілі домбырасын жанына серік қылған ата-бабаларымыздың ұрпағына аманатқа қалдырған рухани асыл қазынасы. Бесікте жатқанда-ақ, ана сүтімен қазақтың қанына сіңген бұл қасиетті өнер өңірімізде де кейінгі жылдары өркендеп, жарасымды жалғасын табуда. Әрине, айтысымыздың ертеңгі болашағы үшін облысымызда әлі де атқарылатын шаруа аз емес. Дегенмен, ең бастысы сең қозғалып, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен жүйелі жұмыстар басталып та кетті. Осы орайда, өңірдегі айтыс өнерінің дамуы, үміт артып отырған жастарымыздың әлеуеті, өзге де айтыс сүйер қауымның көкейінде тұрған сұрақтардың жауабын білмек ниетте белгілі айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ербол Қамбатыровпен сұхбаттасқан едік.

– Ербол Дәулетұлы, жуырда Тараз қаласында «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысының облыстық іріктеуі өтті. Осынау жыр додасының алдында аудандық, қалалық іріктеулер де ұйымдастырылғанын айта кету керек. Өзіңіз қазылар алқасының құрамынан табылдыңыз. Жалпы, айтыскерлеріміздің аяқ алысы қандай екен?
– Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің арнайы тұжырымдамасымен облыс бойынша үш тәлімгер бекітіліп (Айтмұханбет Исақов, Ахметжан Өзбеков, Ербол Қамбатыров) барлық он ауданды аралап шықтық. Өнерпаз қошемет көрмесе, қаржылай қолдауды сезінбесе, өнер дамымайды. Сондықтан да ең біріншіден, өңірдегі айтыс өнерін дамыту, Әулиеата айтысының деңгейін көтеру бағытында атқарылып жатқан жүйелі, жоспарлы жұмыс үшін облыс басшысына барлық айтыскер ақындардың, айтыс жанашырларының атынан алғысымды білдіргім келеді. Әрине, қолдау болғаннан кейін қайтарым да болуы керек. Тиісінше айтыскерлеріміз де жан-жақты қолдаудың шарапатын сезіне отырып, тек жақсы қырларынан көріне білуде.
Екі ай бойы жүргізілген іріктеу кезеңдерінде де сыннан өткен 32 ақын облыстық айтысқа жолдама алған болатын. Кіл мықтыдан кім мықты екенін айқындайтын облыстық іріктеу айтысы да көңілімізден шықты. Сонымен қатар ары қарайғы жұмысымыздың бағытын анықтап бергендей болды. Әрине, біз күткен нәтижелермен бірге кемшін түскен тұстарды да ойға түйдік. Мұндай додаға алғаш түскендер де өздерін бір сыннан өткізді. Бұл қажет нәрсе. Болашақ айтыскерлерді осындай сындардан көбірек өткізу керек. Ішкі дайындықтың орны бір бөлек те, сахнадағы шаппа-шап айтыс бір бөлек. Сенімнің үдесінен шыққандар бар, бабының кемшілігі көрінгендер де болды. Қанат Мырзахан, Асхат Қылышбек, Дархан Әбдіманат, Нұрлыбек Құрманов сынды ақындарымызды республикалық айтысқа сеніммен шығаруға болады. Ал Қанат пен Асхаттың аламан айтыстарда да атой салардай мүмкіндіктері көзге көрініп тұр. Ал, жарқ ете қалған Ербол Елшат, Шапағат Әбдір секілді ақындарымыздың потенциалы жоғары. Тек айтыстарға қатысу тәжірибесін көбейту керек. Болашақта үлкен ақын боларына көзімізді жеткізді. Ал бірқатар ақындарымызбен үздіксіз жұмыс жасау қажет екенін де түсіндік. Және бұл біздің алдағы міндетіміз.
Жалпы, мұның барлығы айтыс өнерін дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстың жүйелілігінің алғашқы жемісі. Бағытымыз – анық, мақсатымыз – айқын.
– Біздіңше, іріктеу айтысы ел ішінде көрінбей жүрген, түрлі себеппен тасада қалған айтыскерлерімізге өз-өздерін танытуға үлкен мүмкіндік сыйлаған тәрізді. Іріктеу айтыстарында көзге түскендер бар ма? Кімдердің есімін ерекше атап өтер едіңіз?
– Дұрыс айтып отырсыз. Іріктеу айтысы біршама жаңалықтарға да толы болды. Жоғалтқанымыз табылып, жылт еткен үміт оты да қайта жанғандай. Біраз жыл көрінбей кеткен Айжан Сырымбетова деген қызымыз айтысқа оралды. Өнерінің өсіп, өрнегін жоғалтпағандығы қуантты. Сонымен қатар Қытайдан келген бауырларымыз Шапағат Әбдір, Ербол Елшат, Жуалыдан Әуесхан Үркімбаев, Таластан Нұржан Манатбек, Қордайдан Алдаберген Жолдасбаев, Құланнан Айтбек Тұрсынбай секілді жастарымыздан үміт күтеміз. Ал, Нұрлыбек Құрманов, Дархан Әбдіманат, Дидар Апбасов, Айым Көшербай, Рай Дөңбай сияқты ақындарымыз айтыстың үлкен көшінде өрнек салып үлгерген жастар.
– Мұхамеджан Тазабек, Айнұр Тұрсынбаева, Ахметжан Өзбеков және өздеріңіздің іздеріңізді басар, республикалық айтыс аламандарында облыс мерейін үстем етіп жүрген жастардың жоқтығы туралы талай мәрте айтылып, жазылып та жатыр. Өңірдегі айтыс өнерінде буын сабақтастығы үзіліп қалған тәрізді. Сіз бұл жайттың себебін қалай түсіндірер едіңіз?
– Соңғы жылдары аға буын мен жас толқын арасындағы сабақтастық үзіліп қалғаны өтірік емес. Дегенмен, бұл өзекті мәселенің өзіндік бір себебі де болды. Әрине, әлеуметтік қалыптасқан жайттар, тұрмыс-тіршіліктің де әсері бар шығар. Бірақ үміттің жібі түбегейлі үзілмепті. Тек жіңішкергені болмаса. Енді кешіккенімізде түбегейлі үзіп алады екенбіз. Баршамызға мәлім, кезінде Шорабек Айдаров бүгінгі таңда есімі елге мықты айтыскерлерді дайындап, томағасын сыпырды. Сондықтан, бала бүркіттей баулитын ұстаздар да қажет-ақ. Ал, бізде лайықты ұстаздар жетерлік. Қажет болып жатса ондай тұлғалармен де шеберлік сағаттарын өткізсе артық болмайды.
– Мүмкін аға буын мен жастардың арасында берік байланыс орнатып, тәжірибе алмасу мақсатында айтыскерлер мектебін ашу керек шығар. Қалай ойлайсыз?
– Әрине, мектеп ашудың қажеттілігі туындайды. Алайда ол оңай шаруа емес. Әзірге өңірлерде айтыс жетекшілері деген арнайы штат ашылса да жаман болмас еді.
Жақында біздің облысымызда «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» филиалы құрылды. Бұл одақтың республикамыздағы төрағасы, белгілі ақын, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман ағамыз. Жамбыл облысындағы филиалдың төрағасы болып белгілі айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі Ахметжан Өзбеков болып бекітілді. Филиалдың алғашқы жұмысы басталып, басқарма мүшелері сайланды. Енді алдағы уақытта жоспары бекітілмек. Осы мәселелердің барлығы одақ филиалының жоспарына енгізіліп отыр. Алла қаласа атқарар жұмыстар жетерлік. Тек барлығы уақыт еншісінде.
– Облыстық айтыстардан байқайтынымыз, айтыскерлеріміз бұрынғы айтыста айтқандарын жиі-жиі қайталап жатады. Мұнан өзге де қандай кемшіліктерді байқап жүрсіз?
– Осы орайда, әуелі іріктеу айтысында көзбен көрген кемшіліктерге тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Кейбір сәттерде ақындарымыздың кемшін тұстары да байқалып жатты. Әрине, бұл тәжірибенің аздығы, айтысқа алғаш түсу себебінен деп білеміз. Сондықтан арнайы шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, тәжірибе бөлісіп отырдық. Бұл енді алғашқы қадамдар ғой. Келешекте аспапта ойнау, дауыс ырғағы, әуен таңдау, өлең құрау техникасы деген сияқты кешенді жұмыстар қажет. Ал, бұл жұмыстарды жүргізу үшін арнайы жетекшілер тағайындау керек. Арнайы ұсыныстар беріліп, келешекте бекітілген жетекшілердің мәселесі де ойластырылса жөн болар еді. Жоғарғы немесе арнаулы оқу орындарынан ұлттық өнер немесе айтыс өнері тәрізді бөлімдер ашу мәселесі қаралса дейміз. Шүкір, оған жетекшілік ететін кадр мәселесі біздің облыста тапшы да емес сияқты. Өйткені, республикалық, халықаралық айтыстарда топ жарып, шәкірт тәрбиелеген ақындарымыз баршылық. Айтмұханбет Исақов, Алтынкүл Қасымбекова, Ахметжан Өзбеков, Қанат Мырзахан, Есет Досалы секілді айтыс тәжірибесін жинақтаған, шәкіртке үйретері бар ақындарымыз барын сарқып беруде аянып қалады деп ойламаймын.
Ал, енді жалпылама айтар болсақ, айтыскерлеріміз көбінесе әуен таңдау, шумақ шымырлығын, ойды шұбарландыру, бір мәселе төңірегінде шиырлап қалу сынды олқылықтарға жол беріп жатады. Сахнада төрт аяғын тең басқан жорғадай тайпалып тұру үшін көп ізденіс керек. Сонымен қатар, айтыстарды жиірек көріп, өзіндік стилін қалыптастыру қажет.
Ең бастысы – айтысқа деген махаббат болғаны абзал. Материалдық, пендешілік ойдан ада болғаны дұрыс. Әрине, өнер сатылмайды, бірақ бағалануы керек. Сондықтан ең алдымен өнерге адалдық танытып, ал қалған дүниелер екінші сатыда тұрғаны жөн.
Түсінгенге, айтыс өз алдына бір театр. Әртістік, шешендік, тапқырлық, көрерменмен байланыс… Осының бәрін ақындар жадында сақтағаны абзал…
– Ертең «Баласағұн» орталық концерт залында көрермен көптен күткен «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы өтеді. Қазірдің өзінде сахнаға шығатын жұптар анықталып қойғаны сөзсіз. Бұл жыр бәйгесінде кімнің топ жаруы мүмкін?
– Қатысатын ақындардың осалы жоқ. Атынан ат үркетін саңлақтар. Сырдың саңлағы Мұхтар Ниязов, Керекудің ақиығы Аспанбек Шұғатаев, айдарынан жел ескен Арқалықтың ақтаңгері Айбек Қалиев, Дидар Қамиевтар оңайлықпен тақым бере салмас сайыпқырандар. Дегенмен біздің облыс ақындарының да оңайлықпен өзгелерге олжа ұстата қоймас қауқарлары бар. Қанат, Асхат, Алтынкүл, Нұрлыбек, Дархан сияқты жігіттеріміз жігерленіп-ақ тұр. Ербол, Шапағат, Медеу секілді жастарымыз да жарқ етер деген үміттеміз. Дегенмен бәрі де бақ пен бапқа байланысты. Шүкір, үмітіміз ақталар деген сенімдеміз. Әліптің артын бағалық…
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Талғат НҰРХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.