Сұхбат

Өнерге деген немқұрайды көзқарас жастарды өсірмейді, өшіреді»

Written by Aray2005

Тараз топырағы талай таланттарды тудырғаны белгілі. Олардың қатарында атақты ақындар да, белгілі жазушылар да, жезтаңдай әншілер де, дүлдүлдері де бар. Міне, сондай талантты жас әншінің бірі – Жәнібек Бестерек. Қазақ эстрадасына күні кеше ғана келсе де, таудай талабын танытып үлгерген жас әншімен жақында сұхбат­тасудың сәті түскен еді.

– Бүгінде хит әндеріңіз арқылы талайға танылып үлгердіңіз. Әсіресе, «Ай, ай» әніңіз тыңдарман жүрегінен орын алып, көптің көңілінен шықты. Әрине, өнер жолы тоқмейілсуді кешірмейді. Үнемі ізденісте жүрген адам ғана ілгері басады. Айтыңызшы, жеке шығармашылығыңызда басқа қандай жаңалықтар болып жатыр?
– Былтырғы жылға қарағанда биыл жаңалық өте көп. «Ай, ай» әнінен бөлек, бес әнге клип түсірдім. Олардың ішінде соңғысы жас талантты әнші Рахат Арданамен бірге «Жанымда» әніне түсірілген бейне­баяным аға буын өнер иелерінен жоғары бағасын алды. Бұдан бөлек, «Елесің ғана», «Білмеймін» әндеріне жазылған бейнебаяндарым да сәтті шықты деп ойлаймын.Бұл клиптерім қазір «Той думан» және «Жұлдыз тв» телеарналарынан берілуде. Алғашқы клипімді бейнетаспаға түсіргенімде «Той думанмен» бес жылға келісімшартқа отырғанмын. Соның екі жылы өтті. Қалған үш жылда да «Той думан» арнасы арқылы тыңдармандарымды жаңа әндеріммен қуантатын боламын.
– Соңғы түсірілген «Жанымда» әнінің бейнебаянына көз салсақ, рөлдерді сомдап жүрген тараздық қыз-жігіттер. Анығы, бейнебаяндарыңыздың деніне көне шаһардың той-томалағында жүрген асабалар мен бишілер түсіп жатыр. Бұл клип арқылы өнердегі достарыңызды танытуды мақсат тұтқаныңыз ба, әлде қаржы үнемдеудің амалы ма?
– Енді бір клип түсіру үшін орта есеппен 800 мың теңгедей ақша кетеді. Жақсы демеушің болмаса, жаңадан танылып келе жатқан әнші үшін мұндай қаражатқа бейнебаян түсіру қиын. Сондықтан, клиптерімнің сценарийін өзім жазып, актерлерді достарымның арасынан таңдап алып жатырмын. Олар осы таңға дейін менен бір тиын сұраған емес.Бір жағынан бұл өнердегі таныстарымның жанашырлығы деп білемін.
Расын айт­қанда, қазір маған демеуші керек. Осы Тараз қаласындағы кәсіпкер Марат Байданов есімді ағамыз қаржылай қолдау білдіріп, Алматы қаласына апарып бір-екі клипімді түсіріп берді. Сонымен қатар, жеңгем екеуі «Білмеймін» әнінің клипіндегі негізгі кейіпкерлерді сомдады. Ол кісілерге айтарым, тек алғыс. Міне, осындай атымтай жомарт жандар болмаса, маған басқа көмектесіп жатқан адам жоқ.
– Өткен жылдары Талғат Құрманқұлов сізге продюсерлік еткен еді. Алайда, ол кісімен байланысыңызды үзіпсіз. Бұған не түрткі болды?
– Иә, Талғат ағамызбен бірге көп жұмыс жасадық. Алғашқы бейнебаянымның жарыққа шығуына сол азамат тікелей атсалысты. Алайда, кейін ол кісі өз жолымен, мен өз жолыммен кеттім. Арада ешқандай ұрыс-керіс болған жоқ. Ел айтып жүргендей ақшаға таласып, не бірнәрсені бөлісе алмай қалған жоқпыз.
– Продюсеріңізбен келісімшартты бұзғаннан кейін, «Өзіңе сен» әніне түсіп жатқан клипіңіз аяқсыз қалды ғой…
– Ол рас, продюсеріммен арамыз үзілгеннен кейін, Тараз қаласында түсіріліп жатқан клип аяқсыз қалды. Бұл ол кісінің идеясы мен жобасы болғаннан кейін мен ол жұмысқа кіріскенім жоқ.
– Бір жылдары Жанель есімді арумен бірге ән айтып жүргеніңізді көргенбіз. Кейін бірлі-жарым тойларда МС Сайлаубекпен де ән шырқадыңыз. Енді міне, Рахат Арданамен дуэт құрып, көптің алдында көрінудесіз. Айтыңызшы, Рахатпен алда бірге жүзеге асыратын жобаларыңыз бар ма?
– Жоғарыда айтқанымдай Рахат Ардана – өте талантты әнші. Ал, Жанель қарындасыммен әлі де тойларда бірге ән шырқап жүрміз. Енді МС Сайлаубекпен өнер арқылы ғана байланыстамыз. Қазір ол кісімен бірге жүзеге асырып жатқан жобамыз жоқ. Рахатқа келсем, алдағы уақытта бірге тағы бір-екі ән жаздырсақ деген жоспарымыз бар. Қазір менің жеке қорымда 18 авторлық әнім бар. Одан бөлек, тойларда айтып жүрген 80-ге жуық әнім тағы жазылған.
Жалпы, мен кез-келген әншімен дуэт құруға дайынмын. Дауысымыз үндесіп, әнге жанашырлықпен қараса болғаны.
– Көп өнер иелері өздеріне қолдаудың аздығын айтып, билікке өкпелеп жатады. Сіздің бұған айтар ойыңыз қандай?
– Жасырып қайтейін, той болмаса, жұмыссыз жүрген әншінің бірі менмін. Жамбылда өнер иелеріне деген қолдау кенжелеп тұр. Мәдениет басқармасы да, басқасы да әншілердің не істеп жүргенінен бейхабар. Оларға облыстық филармонияның өнерпаздары болса болды, басқасын есепке алмайды. Бізде қалыптасқан жаман қасиет сол ғой. Біреу танылып келе жатса, оны қолдаудың орнына сырттан жамандап, сағын сындыруға жақын тұрады. Ал, өзге өңірлерге барсаң, өнер иелерін төбесіне көтереді. Мәселен, Шымкент қаласында бір әнші танылса, ол артынан екі-үш әншіні өнер ортасына бірге алып келеді. Ал, бізде керісінше биікке ұмтылғанның етегінен тартады. Содан кейін көптеген әншілеріміз сыртқа кетіп қалуда. Өнерге деген мұндай немқұрайды көзқараспен біздің жас таланттарымыз ешқашан өспейді, керісінше өшеді.
– Қазақ эстрадасында қалыптасқан тағы бір құбылыс көп әншілер өз отбасын жасырып жатады. Әсіресе, жігіттер жағы тыңдармандар үшін бойдақ болып көрінгісі келеді. Сіз отбасы құрғансыз ба?
– Негізі өзінің бала-шағасын жасырып, көпшілікке көрсетпеу дұрыс емес. Мен бұны жастар тілімен айтатын болсақ, бос «понт» деп білемін.
Мен өзім төрт қыздың әкесімін. Құдай қосқан жарыммен осы перзенттерімді тәрбиелеп отырмыз. Қанша жерден жұлдыз болып кетсем де, мен жақындарымды көпшіліктен жасырмаймын. Өйткені, жанұядан қасиетті ешнәрсе жоқ.
– Жуырда жеке ән жинағыңызды шығардыңыз. Алда басқа қандай жоспарлар бар?
– Иә, жеке ән жинағымды тыңдармандарым жақсы қабылдап жатыр. Әсіресе, әлеуметтік желі арқылы тез тарап, өзге өңірлерге де жетуде. Жоғарыда айтып өткен 18 авторлық туындыларымның дені махаббат тақырыбына арналғандықтан, енді үлкен буын тыңдармандарға арнап ән жазуды қолға алдым. Жақында қарттар үйіндегі қиын тағдырлар суреттелетін әнім жарық көреді. Оған бейнебаян түсіру де жоспарда бар. Бұған облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіманап көмектесетінін айтты. Телеарна басшысынан мұндай ұсыныс күтпеген едім. Бір тойдан өнерімді көрген Жасұлан Лесбекұлы бір клип түсіріп беруге демеушілік жасайтынын айтқанда, төбем көкке жеткендей болды. Осындай жанашыр ағалар барда, өнерге деген махаббатың артып, шабытың да шарықтай түседі. Бұйыртса, жуырда осы әнім мен клипімді тыңдармандарыма тарту етемін. Ал, жаңа туындымның мәтіні мен мазмұны әзірге құпия күйінде қала тұрсын.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов

ПІКІР