Қазақстан халқы ассамблеясы

Өнерімен өрлеген «Гюзаль кизлар»

Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне орай облыстық Ішкі істер департаментінің Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің ұйымдастыруымен «Тілге құрмет – елге құрмет» байқауы өтті. Шараға департаменттің басқармалары мен дербес құрылым­дарының, Жергілікті полиция қызме­тінің және Тараз қалалық ішкі істер басқармасы полиция бөлімдерінің қызметкерлерінен құралған топтар қатысты.

Еліміздегі тіл саясатының маңызды факторы ретінде этностар достығы мен бірлігін дамыту мақсатында өткен байқау департамент қызметкерлерінің мемлекеттік және өзге де тілдерді үйренуіне, тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейтуге де бағытталды.
Жиын барысында ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев сөз алып, тіл мере­кесінің маңыздылығына тоқталды.
– Жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде атап өтілетін Қазақстан халқы тілдері күні биылдан бастап ҚР Үкіметінің қаулысымен 5 қыркүйекке ауыстырылды. Себебі, 5 қыркүйек – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ағартушы, Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Сондай-ақ, Президентіміз жаңғырудың басты шарты ұлттық кодты сақтай білу, ал ұлттық кодтың басты тетігі – тіл екендігін қадап айтты, – деген Алмас Кәдірбекұлы барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқау «Ұлттың қуаты – тілінде», «Досты­ғымыз жарасқан» және «Атадан қалған асыл сөз» тақырыбындағы үш кезеңнен тұрды. Қатысушыларға Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бахытжан Ералин төрағалық еткен қазылар алқасы баға берді. Оның құрамында Жамбыл облысы Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер ұйымының төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Өрнекбай Смаилов, облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас инспекторы Жасөркен Жақсылық, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнұр Ембердиева, облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіманап, облыстық «АRAI» газетінің директор-Бас редакторы Дәулет Төленді болды.
Айта кету керек, сайыс өте тартысты өтті. Мұнда қатысушы топтар әр ұлттың ерекшеліктерін нақты көрсете білді. Мысалы, «Атамекен» тобы қазақ халқының ұмыт болған «Қамшы ілу» дәстүрін сахналық қойылым арқылы көрсетсе, «Гюзаль кизлар» тобы өзбек ұлтының «Келін түсіру» дәстүрін кеңінен танытып, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Ал, «Достық», «Сакартвело» және «Горячий каравай» топтары кәріс, грузин және орыс ұлтының жайдары мінез-құлықтарын, өнерін жоғары деңгейде жеткізе білді.
Байқау қорытындысы бойынша департаменттің Ақпараттық-аналитикалық орталығының «Гюзаль кизлар» өзбек тобы жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Ал, жергілікті полиция қызметінің «Атамекен» қазақ тобы жүлделі екінші, Тараз қаласы ішкі істер басқармасының «Сакартвело» грузин тобы үшінші орындарды иеленді. Тараз қаласы ішкі істер басқармасы 1-полиция бөлімінің «Достық» кәріс және 2-полиция бөлімінің «Горячий каравай» орыс топтары «Көрермен көзайымы» және «Өнерлі топ» номинацияларының иегерлері атанды.
Өнер сайысының жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мұратхан ӘЛІМХАН

ПІКІР