"Топжарған"

Өнертапқыш өрендер өресі

Жуырда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде робототехникадан өнертапқыштар арасында конкурс өтті. Ғылым-білімге құштар жастардың қызығушылығын оятып, бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызу мақсатында ұйымдастырылған байқауға жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, мектеп оқушылары қатысты.

Жас өнертапқыштар «Станционарлы роботтар», «Ұтқырлықты және автономды роботтар», «Мамандандырылған роботтар» сынды үш номинация бойынша бақ сынасты. Ал, шараның ашылу салтанатында сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков бірнеше жылдан бері білім ордасында «Мехатроника» мамандығы бойынша бакалаврлар дайындалып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол өз сөзінде аталған мамандық бойынша білім бағдарламасы Польшаның Люблин политехникалық университетімен бірге орындалып жатқанын жеткізді.
Жалпы, сайысқа барлығы 30 жоба қатысып, арасындағы үздіктері іріктеліп алынды. Конкурс қорытындысында «Стационарлы роботтар» номинациясы бойынша Александра Викалова мен Рустам Ибрагимов топ жарса, «Ұтқырлықты және автономды роботтар» аталымы бойынша Адель Крахмалева ешкімге дес бермеді. Ал, «Мамандандырылған роботтар» номинациясы бойынша Азамат Акбар мен Жәнібек Егембердиевтердің жобасы жеңімпаз деп танылды.
Сондай-ақ, конкурстың Гран-при жүлдесін Тараз қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы Әділ Қыпшақбай жеңіп алып, «Мехатроника» мамандығы бойынша ректор грантына ие болды.
– Жобамның аты – «Робот-манипулятор» деп аталады. Болашақта құрылыс саласында пайдалануға болады. Бұл дүниені құрылыста кең қолданысқа енгізу төтенше жағдайдың орын алуына мүмкіндік бермейді. Алдағы уақытта жобамды жетілдіре түсу мақсатында тағы да ауқымды жұмыстар жүргізуім керек, – дейді өнертапқыш өрен Ә.Қыпшақбай.
Әділдің жетекшісі Болат Бекболов шәкіртінің оқу жылы басталғалы бері робототехника мен мехатроникаға қызығушылығы оянып жүргенін, алдағы уақытта бұдан да пайдалы жобаларын ұсынатынын жеткізді.
Ал, өңіріміздегі іргелі оқу орнының грантын ұтып алған Әділ Қыпшақбай болашақта осы салаға өмірін арнағысы, сол арқылы ел дамуына өзіндік үлесін қосқысы келетіндігін айтады.

Талғат Нұрханов

ПІКІР