Экономика

Өнім көлемі артуда

Written by Aray2005

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында журналистермен жүздескен Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов 2019 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы және индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы туралы баяндады.

Айтуынша, Жамбыл ауданы жылдың алғашқы 3 айында 5 миллиард 177,9 миллион теңгенің өнімін өндіріпті. Бұл өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 219,6 пайызды құрап, өнімнің өрісі кеңейгенін байқатады. Оның ішінде тау-кен өндірісі – 101,7, өңдеу өнеркәсібі – 101,1, электрмен және газбен қамтамасыз ету – 124, сумен қамтамасыз ету және кәріз жүйесі 184,1 пайызға орындалыпты.
Ал ауыл шаруашылығы саласында 2 миллиард 850,5 миллион теңгенің өніміне қол жеткізген. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы бойынша – 100, мал шаруашылығы 103 пайызға орындалған. Ауданда 107,9 пайыз салықтық түсім түскен.
Осы 3 айда ауданда жалпы көлемі 1 миллиард 67 миллион теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 13 661 шаршы метрді құрайтын 104 жекеменшік тұрғын үй қабылданыпты.
Есепті кезеңде кешенді жоспар бойынша 564 адам жұмыспен қамтылыпты. Олардың 201-і тұрақты жұмысқа, 73-і әлеуметтік, ал 144-і жастар тәжірибесі бойынша, 146-сы ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған. Осы 3 ай ішінде жұмыспен қамту бөліміне 709 адам жұмысқа орналасуға өтініш білдіріп, оның 564-і еңбекпен қамтылыпты.
Сондай-ақ аудан аумағында 3 айда 97 қылмыстық іс тіркелген. Аудан басшысы бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 14,2 пайызға төмендегенін айтып өтті.

Қамар Қарасаева

ПІКІР