Сұхбат

«Өңір жастарын баспанамен қамтитын бағдарлама әзірленіп жатыр»

Written by Aray2005

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек.

– Уалихан Болатбекұлы, 20 жылда «Jas Otan» ұйымы ел жастарының бетке ұстар белсенді құрылымына айналды. Бұл – қоғамның көзқарасы. Ал сол алғыр ағынның толқыны болып жүрген өзіңіздің ойыңызша осы уақытта жастар ұйымы ел мен Елбасының артқан сенім үдесінен шыға алды ма?
– Әрине, Елбасының артқан үлкен үміті осы уақытта толықтай ақталды деп ойлаймын. Өзім 2015 жылы облыстық филиалға төраға болып сайландым. Содан бері 5 жыл көлемінде қолдан келгенінше осы қызметті атқарып келе жатырмын. Маған дейін төраға болған азаматтардың көбі қазір үлкен қызметте. Енді бірі жеке кәсіпте ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүр. Алғашында «Jas Otan»-ның облыстық филиалына Санжар Тілепов деген ағамыз төрағалық етсе, одан кейінгі жылдары Мадияр Орынбаев, Ермұхан Жұмабек, Еркебұлан Құралбаев, Әлия Арзымбетова, Жанәділ Оспанов сынды азаматтар бұл міндетті жауапкершілікпен атқарды.
Жалпы «Jas Otan»-ды осы күнге дейін басқарған немесе ұйымның айналасында жүрген жандар үшін бұл қызмет әлеуметтік лифтке айналды.
– Облыстағы жасотандықтарға қайырылсақ, қазір ұйымда қанша мүше бар және олар қандай бағыттар бойынша жұмыс жасайды? Ұлттық құндылық, тағылым бағытында атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр ма?
– Ұлтжандылық, елді сүю, отаншылдық секілді мәселелер ұйымның тұрақты бағдарының бірі. Екі күннің бірінде аудандарда, оқу орындарында бұл бағыттағы шаралар өткізіліп тұрады. Аймақта ұйымның алты жарым мыңнан аса мүшесі бар, аудандар мен «Қазфосфат» секілді ірі өндіріс орындарын қосқанда 145 бөлімшеміз жұмыс жасайды. «Jas Otan»-ға қойылатын басты талап жастар арасында «Nur Otan» партиясының жақтастарын, Елбасы саясатын қолдайтын өрендерді топтастыру, белсенді жасотандықтарды мемлекеттік органдардағы лауазымды қызметтерге ұсыну болып табылады. Басында еріктілер қозғалысынан басталған ұйым қазір жастардың мәселесін үлкен мінберлерде көтеретін құрылымға айналды. Жастарға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың негізгі бағыттары «Жастар – Отанға!» деп аталатын бағдарламада толық қамтылған. Мысалы волонтерлердің мәртебесін көтеру, олар туралы арнайы заңнама қабылдау сынды мәселені біз 2015 жылы көтердік. Осы мақсаттарға 5 жылдың ішінде қол жеткізе алдық. Қазір волонтерлер туралы заң бар. 2020 жыл Президент Жарлығымен Bолонтер жылы деп жарияланды. Алға қойған мақсатымыздың орындалғаны туралы осындай мысалдарды көптеп келтіре аламыз. Сонымен қатар біз былтыр жастарды кітап оқуға, білімге шақыру бастамаларын көтерген едік. Сол арқылы республикадағы кітапханалардың жұмыс стилін өзгерту, жастарды кітапханаға тарту мәселесі, білім орталықтарын ашу секілді үлкен жобалар да қолға алынды. Қазір шалғай ауылдардағы кітапханалардың өзінде цифрлы технологиялар орнатылған. Өңір жастары коворкинг орталықтарына топтасуда. Кітапхана жүйесі үлкен бағытқа өзгертілді деп айта аламыз. Бұл да шешімін тапқан мәселенің бірі. Сол секілді стрит воркаут деп аталатын көше спортын дамыту жобасы 2016 жылы алғашқылардың бірі болып Тараздан бастау алды. Қазір аудан, ауылдарда осы спорт түріне арналған алаңшалар салынып жатыр. Рас алғашында «Jas Otan» көп акциялар, флешмобтар ұйымдастырды. Қазір үлкен мәселелерді көтеретін, тек айтып қана қоймай, соның шешім жолын ұсынатын үлкен ұйымға айналған. Бүгінде «Дипломмен – ауылға!», «Жұмыспен қамту – 2020», «Жастар практикасы» секілді мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын, ондағы кемшіліктерді, мәселелерді өзіміздің жастар алаңында талқылаймыз. Мысалы «Жастар практикасы» бойынша еңбек етіп жүрген жастардың айлығын көтеру секілді мәселелерді әлі көтеріп келе жатырмыз. Биыл олардың айлықтары 60 мыңға дейін өсті. Сол секілді «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қамту аймағына моноқалаларды қосу, ауылдағы үй алуға бөлінетін қаражаттың аздығы секілді мәселелердің шешім жолдарын қарастыру «Jas Otan»-ның күнделікті жұмысына айналған.
– Айта берсек, мәселе барлық салада бар. Жастар жайлы әңгіме қозғасақ, басты мәселелердің бірі ретінде баспана мен жұмыссыздық сөз болады. Оның шешілуіне ұйым тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда және бұдан бөлек жастардың тағдырына қатысты тағы қандай көзге көрінбей жүрген мәселелерді атап өте аласыз?
– Мәселен «Сәтті қадам» деген үлкен жобаны жүзеге асырдық. Сол арқылы мектеп бітіргеннен кейін түлектердің қаншасы оқуға түсті, қаншасы шетелге, әскерге кетті, осы бойынша әр ауданда сараптама жұмысын жүргіздік. Қазір ол құзрет Білім және ғылым министрлігіне және білім басқармасына тікелей берілген. Ондағы негізгі мақсат – мектеп түлектерінің қозғалысын бақылау. Сонда байқағаным, бір ғана Қордай ауданында жыл сайын мың жарым оқушы мектеп бітірсе, соның жартысына жуығы оқуға түспейді екен. Себебін сұрап, зерделесек, ол жақтағы дүнген этносының өкілдері балаларын ерте үйлендіретін болып шықты. Оқуға түсетіндердің өзі Қырғызстанды бетке алады. Бұл мәселе әлі де толық шешімін тапқан жоқ. Біздің назарымызда тұр. Сол секілді қазір қаладағы кез келген кальян шегу қызметін ұсынатын орындарға бара қалсаңыз, ондағы келушілердің барлығы жастар екенін байқайсыз. Кешкісін студенттер, күндіз мектеп оқушылары отырады. Біз қазір осыған шектеу қоятын ұсыныс жасап жатырмыз. Бұлай жалғастыра беруге болмайды. Соның барлығын көзбен көріп, үндемей отыра алмаймыз. Осыдан 3 жыл бұрын кальянға түбегейлі тыйым салынған болатын. Қазір оны тұтынушылардың қатары артты.
Оның салдары біздің ертеңгі ұрпағымызға әсер етуі мүмкін. Дені сау ұрпақ қана ел болашағының жарқын болуына үлес қоса алады. Сондықтан осы секілді мәселелерге де бей-жай қарамауға тырысамыз. Ал жастарды баспанамен және жұмыспен қамту мәселесіне келер болсақ, бұл ретте жағымды жаңалығымыз бар. Жуырда облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында «Әулиеата жастары» атты 2025 жылға дейінгі үлкен мемлекеттік жастар бағдарламасын жүзеге асыру жайы талқыланды. Бағдарламаның басты бағыты баспана мәселесін шешуге арналады. Қазір сол мәселені шешудің жұмыс жоспары талқыланып жатыр. Сәйкесінше жастарды баспанамен қамтуды жүзеге асыру тетіктерін зерделеуді қолға алдық. Мысалы Атырауда «Жас отау» атты жеке бағдарлама бар. Басқа өңірлерде бұл бағдарламаның баламасын кезіктіргем жоқ. Өз кезегінде біздің өңірде де осындай бағдарлама облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп әзірленіп жатыр. Жергілікті жердегі жастардың өзекті мәселелері сол бағдарламада өз шешімін табатын болады.
– Алаш арыстарының өмірбаянына қарасақ, олардың жастайынан елдің ертеңін ойлап, жауапкершіліктің салмағын сол қиын-қыстау кезеңнің өзінде ерте бастан сезінгенін аңғарамыз. Алаштың аспанына өрмелеп шығып күн болып, ақтық демі қалғанша адал еңбек етті. Бүгінгі жастардың бойынан осындай асыл қасиеттер байқалады ма?
– Әрине, былтыр Арыстағы төтенше жағдай кезінде бірінші болып «Jas Otan» жастар қанаты арнайы штаб ашып, жастарды біріктіріп, еріктілік негізде сол жаққа барып, жұмыс істеп, көмектесіп келдік. Биыл да карантин уақытында дамыл таппай азық-түлік таратып жүрміз. Күні кеше ғана «Дәрігерлерге мың алғыс!» атты акцияны бастадық. Волонтерлік негізде бұрын тек ардагерлерге көмектесіп келсек, қазір барлық мұқтаж жандармен жұмыс істеп жатырмыз. Облыстағы еріктілер қозғалысы мен Қазақстан студенттер альянсының мүшелерін, ЖОО, колледж студенттерінің барлығы карантин кезінде «Jas Otan»-ның айналасына топтасып, ортақ мақсатта бір үйдің баласындай еңбек етті. Барлық ауданда дәл осындай негізде жұмыстар атқарылып жатыр.
– Жеке өзіңіз азаматтық тұрғыда өмірде, қоғамда аға буыннан кімдерді рухани ұстаз тұтасыз?
– Қазіргі жетістікке жетуіме аға буынның рухани көмегі көп тиді. Ең бірінші мені жұмысқа шақырып, ұстазыма айналып, бағыт берген Масат Берік ағаның аты еске түседі. Ол кезде Масат Әшімұлы «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары еді. Сол кісінің шақыруымен ««Jas Otan»-ға келдім. Сенімін ақтадым деуге де болады. Масат Әшімұлынан көп нәрсені үйрендім. Тәжірибем толысты. Сол секілді таяуда ғана өмірден өткен Қаржаубай Бекболатұлы ағамыз да көп қолдау көрсетті. Соңғы жылдары облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов те үлкен бағыт-бағдар берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланып, облысқа жұмыс сапарымен келген кезде өңір жастарының атынан сөз сөйледім. Мемлекет басшысына жастардың үнін, мәселелерін жеткіздім. Сол кезде де үлкен сенім артып, ақыл-кеңесін аямады. Аға буынның рухани демеуін, шын жанашырлығын ешқашан ұмытпаймын.
– Жасыратыны жоқ, жастар арасында әлі күнге әлімжеттік жасау әрекеттері бар. Жасөрендер бір-бірінің өрімтал өміріне балта шабуға бейім болып барады. Бұл әрекетке қалай тойтарыс беруге болады?
– Әлімжеттік біздің жасөспірім кезімізде де өте көп болған. Қазір 90 пайызға басылды деп айта аламын. Бірен-саран оқиғаларды жаңалықтардан естіп, көріп отырамыз. Бірақ біздің уақытпен салыстырғанда қазір жастарда еркіндік бар. Бұрындары бір оқу орнының студенті басқа оқу орнына емін-еркін бара алмайтын. Оның соңы топ-топ болып төбелеске ұласып жататын.
Қазір жастар қалада қалауынша жүреді. Сондықтан жастардың қызығушылығы, заман талабы басқа арнаға ауысқан деп айтар едім. Өткенде саябақта отырсам бір топ жас «Тик-ток» түсіріп жүр. Олар осылайша өз болашағын жасауда. Қазір әлеуметтік желіні пайдаланып, отбасын асырап, қоғамға пайда келтіріп жүрген, кәсібін ашып, оны ілгерілетіп жүрген жастар өте көп. Сондай мүмкіндікті дұрыс пайдаланып жүрген жастарға шынымен ризамын. Қазір расында мүмкіндіктер заманына икемделу керек.
– «Жас ұлан», «Жас қыран» секілді ізбасарларыңызбен бірлесіп жұмыс істейсіздер ме?
– Әрине, аталмыш ұйымдармен ашылғаннан бері тығыз жұмыс істейміз. Қазір олардың мүшелері көп. «Ұрпақтар сабақтастығы», «Көшбасшылар мектебі» деген секілді үлкен жоба-жоспарларымызды бірлесіп жүзеге асырамыз. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жастармен кездескенде «Жас ұлан» мен «Жас қыранның» жұмысына жаңа серпін беруді тапсырған болатын. Енді тек карантиннің аяқталғанын күтіп отырмыз. Бұрынғы жобалардан өзгеше бастамалар көтеретін боламыз. Себебі мектеп оқушыларына бағыт-бағдар беру, тәрбиелеу де біздің міндетіміздің бірі. Қазір өскелең ұрпаққа игілігі мол, өміршең әрі тың жобаларды дайындап жатырмыз.
– Қазір қоғам болып еліміздің амандығын тілеп отырмыз. Індет із суытқаннан кейінгі алдағы күнге көз салсақ, қандай негізгі ауқымды жоспарларыңыз бар?
– Карантин аяқталса, алғаш рет партияішілік праймериз өткізейін деп жоспарлап отырмыз. Бұл шараға «жасотандықтар» да атсалысып жатыр. Бізде халықтың, оның ішінде жастардың мәселесін көтеретін, Заң қабылданатын, бюджет бөлінетін алаңша мәслихат қой. Ал біздің облысымызда бірде-бір жас депутат жоқ. Осыдан 4 жыл бұрын сайланғанда 5 жас депутат болған. Қазір үшеуі депутаттықтан мемлекеттік қызметке ауысты. Қалғаны жастардың санатынан шығып кетті. Тіпті Парламентте де жастардың бірде-бір өкілі жоқ. Бұл өте қиын мәселе деп ойлаймын. Биыл жаңадан қабылданған заңда депутаттық корпустың 20 пайызы 35 жасқа дейінгі жастардан құралу керектігі жазылды.
Сондықан мен де праймеризде өз бағымды сынап көруге дайындалып жатырмын. Аудан жастары арасында да ішкі партиялық сайлауға ниет білдіріп отырғандар бар. Олар мәслихаттарда депутаттық корпустан орын алу үшін бәсекеге түседі.
– «…Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» дейді хакім Абай. Өзіңізге һәм замандастарыңызға өмірлік ұстаным ретінде қандай ой айтар едіңіз?
– Қазір заман талабы, сұраныс жылдам өзгеріп жатыр. Мәселен бүгінде бәріміз білетін бағдарламалаушы деген мамандық бар, бірақ бүкіл әлемнің сарапшылары бұл мамандықтың қажеті жоқтығын айтады.
Яғни қазірдің өзінде кей бағдарламаны роботтардың өздері жасайды. Сол секілді көпшілік 3-4 жыл бұрын мобилография деп аталатын саладан хабарсыз болды. Ал қазір бір ғана ұялы телефонмен небір бейнероликтер жасап, ақпарат таратуға болады.
Бүкіл жұмысын бір смартфонмен жасап отырған мекемелер мен кәсіп иелері де бар. Сол үшін заманның талабына сай жұмыс жасап үйрену керек. Жастарға негізгі айтарым сол. Бір ғана мамандықпен шектелуге болмайды. Қазір көп мәселелердің шешілмей жатқанына да себеп осы. Аға буын өкілдерімен келіспей қалатынымыз да осыдан. Ол кісілер мәселенің шешілу жолын басқаша көреді, біз басқаша көреміз. Құндылықтар теориясында мықты жеңу үшін күшті аргумент ұсыну керек. Ол үшін саған білім ауадай қажет. Қазіргі коронавирус кезінде де сын тұрғысынан ойлайтын, шұғыл әрекет ететін басшылардың аздығын көріп отырмыз. Осындай уақытта жылдам шешім қабылдап, іс-әрекет жасап, мәселені дереу шешуге тырысатын басшылар керек деп ойлаймын. Сонымен қатар бізде қазір ашық сұхбатқа, қоғамға шығуға ұялатын басшылар бар. Бұл да үлкен мәселе. Сондықтан болашақта өзіне сенімді, жұмысын халыққа толық жеткізе алатын, бұқарамен ашық жұмыс жасайтын жастар қажет-ақ.
Осы карантинде азық-түлік таратып жүрген кезде жағдайы жеткілікті небір отбасыларды көрдік. Екі қабатты зәулім үйін, есігінің алдындағы қымбат көлігін көріп шынымен мұқтажсыз ба деп сұраймыз. Олардың кейбірі міз бақпай «иә, мен мұқтажбын» дейді. Жастарды осындай жаман қасиеттен аулақ болуға шақырамын.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Нұржан ҚАДІРӘЛІ

ПІКІР