Қоғам

Өңірде өртке қарсы науқан қалай өтуде?

Written by Aray2005

Шілденің шіліңгір ыстығы түскелі бері орманшылардан күндіз күлкі, түнде ұйқы қашқаны анық. Себебі қураған шөп шырпы тимек түгілі, күннің ыстық көзінің өзінен тұтанып, өртке айналуда. Оған дәлел, ағымдағы жылдың алты айының қорытындысында барлығы 41 өрт оқиғасы тіркеліп, тұрғындардың да, мамандардың да мазасын қашырған. Осы орайда жаз айларындағы өрт оқиғаларының алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын құзырлы мекемеден білген едік.

Өкінішке қарай, былтырғы жылы облысымызда 146 мың гектар жер өртке оранып, республика көлемінде бірінші орынға шыққан едік. Сондықтан биыл мамандар өрт оқиғаларының алдын алуға барын салуда. Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Данияр Башановтың айтуынша, есепті кезеңде тіркелген орман өрті оқиғаларының дені аудандық мәндегі алқаптарда орын алыпты.
– Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тіркелген 41 өрт фактісінің тек 3-еуі ғана орман алқабына тиесілі. Қалғандарының барлығы аудан әкімдіктеріне қарайтын жерлерде тіркелді. Ол аумақтар бізге қарамаса да жергілікті билікпен жұмыла жұмыс жасап, өртті өшіруге күш салудамыз. Нәтижесінде жыл басынан бері 1 266 гектар орман жерлері мен 59,2 гектар ормансыз алқаптарда орын алған өрт оқиғалары ауыздықталды. Қазірге келтірілген шығын 962,4 мың теңгені құрап отыр.
Былтырғы жылға қарағанда бұл төмен көрсеткіш. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы өрт фактілері бойынша облысымыз республика көлемінде көш бастап қана қоймай, бірнеше қызметтік техникалар да өртеніп кетті. Биыл жол жиектеріне жолақтарды жіті жүргізу мен алдын алу шараларының мықтап қолға алынуының арқасында тілсіз жауды тұсаулап ұстап отырмыз, – дейді бөлім басшысы.
Иә, бұл сөз жоқ, жанға жылу беретін ақпар. Алайда 41 факті де аз емес. Былтыр сала мамандары 4 427 000 гектар орман алқабына небәрі 17 өрт бақылау бекеті орналасқанын айтқан. Және әр бекетке бір тракторшы мен 2-3 орманшы ғана бекітілгенін мәселе етіп көтеріп, жанайқайларын білдірген еді. Биыл бұл мәселе қаншалықты шешімін табуда?
– Ағымдағы жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Мемлекеттік орман иеленушінің орман өрт стансасы» туралы Ережесін басшылыққа ала отырып, штаттық бірлігімізді 100 адамға арттырдық. Нәтижесінде құрамы
9 маманнан тұратын 14 бірлік ІІ типтегі және 4 орманшыдан құралған 32 бірлік І типтегі стансалар жұмысын бастады. Соның арқасында бүгінде орман қоры аумағында 254 маманымыз қырағы қызмет атқаруда.
Бұдан бөлек орманшыларымыз 34 өрт бақылау мұнарасымен қамтылды. Сондай-ақ орман қорына кіретін жолдарға 15 қадағалау-тексеру бекеттерін орнатып, 13 бекетте стационарлық рациялы байланыс ұйымдастырылды.
Қазір жалпы салаға 216 рациялық байланыс техникасы енгізілсе, оның 65-і стационарлық, 39-ы автомобильді және 112-сі қолға ұстап жүруге арналған қондырғы.
Тағы бір қуанарлық жағдай, биыл мамандарымыз 4 өрт сөндіру автокөлігімен, 12 Уаз-330365 АЦ-0,9 маркалы кіші кешенді техникасымен, 51 дана МТЗ тракторлы соқамен және 14 жартылай тіркемелі 3 тонналық әмбебап цистернамен қамтамасыз етіліп отыр. Ал орман алқабын бақылауға 73 дана жеңіл автокөлік пен 20 мотоцикл жұмылдырылған. Қызметкерлердің 1 098 бастапқы өрт сөндіруге қажетті құрал-саймандары сақадай сай дайын тұр.
Нәтижесінде 2017 жылы орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасы 41,2 пайызды ғана құраса, биыл бұл көрсеткіш 66 пайызға жетіп отыр. Осылайша биыл біз мемлекет тарапынан қаралған 515 миллион теңгені мақсатты жұмсап, қажетімізді түгендеп алдық, – дейді бөлім басшысы Данияр Серікұлы.
Иә, расында бұрындары кадр тапшылығы көп нәрсеге қолбайлау болып, мамандар бір өртті өшіріп бітпестен екіншісіне жүгіріп жататын. Және бір жылдары бұл жұмыстарға еріктілер жұмылдырылып еді, оның арты адам қазасы тіркелген қайғылы оқиғамен аяқталғанын ел жақсы біледі. Сондықтан биыл саланың 100 маманға толықтырылғаны қуантады. Әрине, аталған жаңа кадрлардың жұмысы орман қоры аумағындағы өрт оқиғаларының алдын алу болғандықтан орманнан тыс алқаптардың мәселесін аудан әкімдері жіті бақылауына алғаны абзал.
– Рас, бұрындары аудан әкімдері өз қарауындағы жерлер өртеніп жатса да, орманшылар немесе өрт сөндірушілердің келуін күтіп, қол қусырып қарап отыратын. Қазір жергілікті билік өкілдерімен жіті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бұл ортақ міндет пен жауапкершілік екеніне мәмілелестік. Биылдан бастап орман болсын, орманнан тыс алқап болсын өрт орын алған орындарға бірге жетудеміз. Және тілсіз жаумен жұмыла күресіп, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, ынтымақпен еңбек етудеміз.
Алдыңғы жылдары Мойынқұм ауданында орналасқан әуеден бақылау мекемесінің ұшақтары небәрі тәулігіне үш сағат ұшатын болса, қазір оның уақытын ұзартуға да қол жеткіздік. Соның арқасынба биыл өрт оқиғалары аз болады дегенге үміт мол, – дейді Данияр Башанов.
Қалай дегенде де ортақ мүддеге жұмыла атсалысқанымыз абзал. Себебі өткен жылы өңір өрт оқиғалары бойынша республика деңгейінде көш бастағаны алақайлайтын жайт емес. Сондықтан сала мамандары бұл бағыттағы жұмыстарды тағы жүйелеп, жаз бен күз айларында алқаптарымызды өрттен аман алып шығады деп сенеміз.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР