Өңірде жемшөп дайындау науқаны қызып жатыр

0 20

Облыста мал азығы үшін қажетті көпжылдық шөп, жоңышқа мен пішен жинау науқаны қыза түсті. «Қыстың қамын жаз ойлаған» шаруалар үшін биыл 1 млн 700 мың тонна шөп жиналатын болса, бүгінде оның жартысы орылған.

Мәселен, мал шаруашылығына қолайлы Талас ауданындағы 23860 гектар жерден ірі сабақты төрт түлік азығының 145700 тоннасы әзірленеді деп жоспарлануда. Оның ішінде 5565 гектары көпжылдық шөп болса, 18295 гектары шабындық. Бүгінгі күнге дейін 11500 тоннасы жиналған.
Талас ауданы жоңышқадан басқа шөптерді өз ішінен дайындайды. Дегенмен орылатын жоңышқа аудандағы шаруалардың мұқтаждықтарын толық қамтамасыз ете алмайды. Себебі суармалы жерлердегі жоңышқа су тапшылығына байланысты 2 рет қана орылады. Сондықтан, жетіспейтін көлемді шаруалар көрші Жамбыл, Байзақ, Жуалы аудандарынан сатып алуды жоспарлап отыр.
Туындап отырған мәселеге байланысты малмен айналысқан жергілікті шаруалар бір-біріне қол ұшын созып, көмек те көрсетіп жатыр. Соның бірі – «Бекен» шаруа қожалығы.
– Биыл 30 гектар алқапқа жоңышқа ектік. Бірінші орымын толық аяқтадық. Жергілікті тұрғындарға төмендеу бағамен ұсындық. Пішен 600 теңгеден. Әлі орылуы тиіс 60 гектар арпа бар. Оны да сұраныс білдірген шаруаларға төмен бағамен ұсынбақпыз, – дейді қожалық төрағасы Нұржаппар Исахметов.
Бұдан бөлек, аудандағы «Ойық» қоғамдық қоры да малмен айналысқан жандарға жем-шөпті төмен бағада өткізуге себепкер болып отыр. Қазір Ойық аумағындағы 450 гектарға жуық жем-шөптің 100 гектары орылып үлгерген.
Шаруалардың айтуынша, қожалықтардың бұл әрекеті мал азығынан қысылған тұрғындарға кәдімгідей жәрдем болып отырған көрінеді. Жағдайдың тұрақталуы келер көктемгі жердің ылғалдығына байланысты. Түлік түгендеген шаруалар «биылғы қыстан аман шықсақ, алдағы көктемнен үміт зор» дейді.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.