Өңірге сиырдың абердин-ангус тұқымы жеткізілді

0 0

Өңірге Ирландиядан мүйізді ірі қараның 400 ангус тұқымы келді. Шекара асып келген Зеңгі баба тұқымы Жамбыл ауданындағы «Jambyl Et MS» ЖШС арнайы алдырыпты.
Бұған дейін аталған серіктестіктің Ирландиядан 1000 аналық мүйізді ірі қара малын әкелетіні айтылған. Қазіргі уақытта жоспарланған ірі қараның алғашқы 399-ы жеткізілді. Жалпы «Jambyl Et MS» серіктестігі асыл тұқымды мал шаруашылығын өсіру және оны дамыту мақсатында биыл құрылған. Егін шаруашылығымен де айналысуды жоспарлап отырған агроқұрылымның меншігінде 2 трактор, 2 жүк тиегіш арба және 1 «УАЗ» маркалы автокөлік бар. Осылайша, биыл ғана жұмысын бастаған серіктестік алдағы уақытта ірі қара тұқымын асылдандырып, өңірде ет бағытын дамытпақ.
– Абердин-ангус – сиырдың етті тұқымы. Ол үшін жақсы азықтандырып, бағып-күту қажет. Оның үстіне тез жетіледі. Бүгін алғашқы легі келді. Қыркүйек айының 4-іне дейін тағы 601-і келмек. Жалпы аталған тұқымнан 1000 сиырға тапсырыс берген едік. Алдағы уақытта 10 айлық бұзаулар қорада 21 күн карантинге оқшауланады. Сосын Жамбыл және Байзақ аудандарындағы жайылымға жібереміз. Негізінен осы тұқымды көбейтіп, ет бағытын дамытуды көздеп отырмыз, – дейді серіктестік директорының орынбасары Бақыт Есқалиев.
Жалпы, серіктестікте бүгінде 11 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Олар үшін ай сайын 120 000-130 000 теңге жалақы қарастырылған. Ет бағытын дамытуды жоспарлап отырған серіктестік 1000 сиырға деп 50 мың түк шөп пен тонналап жем дайындап қойыпты. Олардың ендігі басты мақсаты – шетел асып келген Зеңгі баба тұқымын жерсіндіріп, төл алу.
Айта кету керек, аймақта осы жылы «Сыбаға» бағдарламасы» арқылы 5 мың мүйізді ірі қара сатып алу жоспарланса, бүгінгі күні 1 676-сы сатып алынған.

Ш.БИДІЛДАҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.