"Заң және біз"

«Онлайн Қарыз» алып, опық жемеңіз!

Woman holding credit card while using laptop computer, cropped

«Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» дейді. Әсіресе, несиелік қарыздар қара халықтың мойнына ілінген қыл арқандай болып тұрғаны ақиқат.
Енді бірер жылдан бері несиелік қарыздың онлайн жүйесі шықты. Яғни, банктердің табалдырығын тоздырмай-ақ, үйде отырып кредит рәсімдеуге мүмкіндік бар. Бірақ, жылдам ақшаның бұл түрі күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айыруда.

Қазір «Яндекс» немесе «Google»-ге «онлайн займы» деп жазсаңыз болғаны шағын несие беретін компаниялардың тізімі шыға келеді. «Tengo.kz», «Деньги», «Ccloan» «Честное слово», «Kredit 7», «ДоПолучки», «MoneyMan», «AlTenge», «Turbomoney», «Zing» және «Займер» сынды компаниялар көз жауын алардай жарнамаларымен қызықтыра түседі. Және әрқайсысының несиелік шарттары мен ұсынатын сомалары әртүрлі. Бірі бірден 100 мың теңгеден 250 мың теңгеге дейін беретін болса, енді екіншілері 10 мың теңгеден бастап өзіне тарта түседі. Әрине, айлыққа дейін қаржылық қиындыққа тап болған адамдар бұл несиеге жүгінетіні айдан анық. Себебі, бұл компаниялар ең бастысы елдің «кредиттік тарихына» мән бермейді. Оған қоса, кейбір несиелік компаниялар айлық жалақыңыздың мөлшерін де сұрамай несие беретіндіктерін айтып, тағы қызықтыра түседі. Олардың тұтынушы тартудағы басты «қаруы» да – осы. Осы орайда, несиелік компанияның жұмысын іштен зерттеу мақсатында «Tengo.kz» сайтына кіріп, қарыз алуға әрекеттеніп көрдік.
Жалпы, компанияның жеке парақшасы өте қарапайым жасалған екен. Жоғарғы жағында несиені қалай рәсімдеуге болатындығы, оны қалай жабу қажеттігі және құжаттар мен сұрақ-жауап бөлімі енгізілген. Ал, сайттың дәл ортасында бірінші несие 100 мың теңгеге дейін берілетіндігі тайға таңба басқандай болып көрсетіліп тұр. Және тұтынушыны қызықтыру үшін «кредиттің мақұлдануы 90 пайыз» деп жарнамасын жайнатып қойған. Компания парақшасы уәде еткендей жаңа тұтынушы ретінде ең алдымен 100 мың теңге несие рәсімдеуге әрекет еттік. Сол-ақ екен, алдымыздан кредитті қанша күнге алатындығымыз туралы ақпарат шыға келді. Бағамдап қарасақ, ең ұзақ мерзім 30 күн. Егер осы уақытқа несиені рәсімдесең 100 мың теңгенің үстінен компанияға 8 мың теңге қосып қайтаруың керек. Егер кредит мерзімін азайтсаң, қайтаратын төлем де сәл төмендейді. Ал, бұл компания тұтынушыларға ең көбі 250 мың теңге бере алады екен. Содан 100 мың теңгені 30 күнге рәсімдеуге кірістік. Ең алдымен «Ақшаны алу» бөліміне кіріп едік, сайтқа тіркелуіміз қажеттігі туралы ескерту шықты. Онда сіз өзіңізді жаңа тұтынушы екеніңізді растап, одан кейін ұялы телефоныңызды ортақ жүйеге енгізіп, нөміріңізге түскен хабарлама бойынша кодыңызды теруіңіз қажет. Код қабылданғаннан кейін төлқұжатыңыздың ЖСН нөмірін, электронды поштаңызды және құпия сөзді ойлап тауып, сайттағы жеке парақшаңызды ашасыз. Бұдан кейін анкета толтыруға міндеттісіз. Онда аты-жөніңізден бастап жұмыс орныңыз, айлық жалақыңыз, мекенжайыңыз, таныстарыңыз бен жұмыс орныңыздың байланыс нөмірлерін, тіпті, отбасылық жағдайыңызға дейін жазуыңыз қажет. Байқап тұрсаңыз кәдімгі банктерде рәсімделетін құжаттар. Бірақ, бір ерекшелігі – анкетаны толтырып, «Ақшаны алу» бөліміне өткеніңізде компания сізден қаржыны банктегі есепшотыңызға, әлде өзге карточкаға аударуды сұрайды. Егер өзіңіздің банкомат карточкаңыздағы нөмірді көрсетілген орынға терсеңіз, компания менеджері дереу хабарласады. Осы тұста айта кетер жайт, бастапқыда «нашар кредиттік тарихыңызға қарамаймыз» деген компания өкілдері несиеңіздің бар-жоғын сұрап, тергеушіден бетер тергей түседі. Қош, әйтеуір менеджердің барлық сауалына кідірмей жауап берсеңіз, кредиттің рәсімделгені туралы ақпарат ұялы телефоныңыздың нөміріне келіп, ақша есепшотыңызға жолданады.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, ақша алақаныңызға тигеннен кейін қызықтың бәрі басталады. Ең алдымен электронды поштаға майда әріптермен жазылған келісімшарт түседі. Оны ашып қаласыз да, шошып кетесіз. Себебі, несие рәсімдеу кезінде банк менеджерлері ескертпеген түрлі айыппұлдар мен төлемдер алдыңыздан шыға келеді. Мәселен, келісімшартқа «Егер сіз несиені бір күн кешіктірсеңіз 5 000 теңге айыппұл салынады» деген тармақ енгізілген. Содан кейін қарызыңызды қайтара алмасаңыз, қосымша айыппұл төлемдері де белгіленген. Бір сөзбен айтқанда, егер кредиттің төлемін бір күнге кешіктірсеңіз жоғарыда айтылған негізгі қарызыңыздың үстінен 8 000 теңге емес, одан еселенген ақша төлеуіңізге тура келеді. Яғни, несиені рәсімдетіп алғаннан кейін компания сізді сүлікше сорады. Ең басты назар аударатындығы, сіздің келісімшартта қолыңыз болмаса да, ол жауапкершіліктен құтқармайды. Себебі, компания ақша аударар алдында электронды қолтаңбаңызды алып, өз-өзін сақтандырып қойған. Міне, осылайша қулығы мен сұмдығы көп несиелік компаниялар тұтынушыларын жіпсіз байлап отыр.
Бұл біздің мысалға келтірген бір ғана компаниямыз. Ал, пайыздық мөлшері еселеп өсетін, төлемді кешіктірген әр күніңізге 1 000 теңгеден айыппұл салып, ол аз десеңіз апта сайын 5 000 теңге қосымша үстемесін қосатын шағын несиелік компаниялар жетерлік. Міне, осындай кредиттік мекеменің шырмауына шырмалып, опық жеген азаматтың бірі – Тараз қаласының тұрғыны Ғалым Сырымбетов (кейіпкеріміз аты-жөнін өзгертуді сұранды).
– Мұндай «онлайн қарыз» алуға болатындығын достарымнан естіп, бір мәрте кредит рәсімдеп көрген едім, қарызға қалай белшемнен батқанымды өзім де байқамай қалдым. Бастапқыда бір-екі компаниядан 50-100 мың теңге көлемінде қарыз алып, уақытында қайтарып жүрдім. Уақыт өте келе, олар 200-250 мың теңгеге дейін қарыз алуыма болатындығы туралы хабарлама жолдап қызықтыра түсті. Одан кейін ол сома 500 мың теңгеге дейін өсті. Содан бір қарасам 3 000 000 теңгеге дейін қарызға кіріп кетіппін. Сондағы алғаным барлық компанияларды қосқанда 1 500 000 теңге болар, ал қалғаны пайыздық үстемесі. Міне, осылайша бармақ тістегеннен кейін жер үйімді сатып, кредиттен құтылуыма тура келді. Қазір «онлайн қарыз» десе денем тітіркенеді. Таныстарыма мұндай кредитке жоламауға кеңес беріп келемін, – дейді кейіпкеріміз.
Дәл сондай, тағы бір аты-жөнін газет бетінде өзгертіп көрсетуді өтінген Алмас Қасенов есімді қала тұрғыны да онлайн несиенің қарызынан құтыла алмай жүргенін баян етті.
– Шындығын айтсам, мұндай кредитті бастапқыда қызық көріп алған едім. Кейін бір несиені жабу үшін екіншісіне барып ұрындым. Келісімшартта көрсетілгендей бір-екі ай төлемнің уақытын создырып, үстіндегі үстемесін төлеп те амалдап көрдім. Бірақ, үш мәрте төлем уақытын ұзартқаннан кейін несиелік компания бұл құқығымды шектеп тастады. Болмағаннан кейін оларды сотқа бердім. Бірақ, қарызым көбеймесе, азаймай тұр. Қазіргі күнге несиелік компанияға 700 мың теңге берешегім бар. Ал, олардан алғаным бар-жоғы 250 мың теңге болатын. Пайыздық үстемесі мен айыппұлы қосылып, қарызым миллион теңгеге жуықтауда. Енді бұдан қалай құтылатынымды білмей, шақшадай басым шарадай болып жүр, – дейді Алмас.
Негізі, мұндай оқиғалар тізе берсең жетіп артылады. Барлық жағдайда тұрғындар онлайн кредиттің шарттарын түсінбей алғандарын айтады. Ендеше, несиелік компания кредитті рәсімдетіп алғаннан кейін барып келісімшартты жолдайтын болса, оның қулығы мен сұмдығын қайдан білмекпіз?
Осы орайда, кредиттік компаниялардың бұл әрекеті қаншалықты заңды екенін білмек мақсатта құқық қорғау саласы маманының кеңесіне жүгінген едік.
– Онлайн кредит алып, қайтара алмай жүрген Таразда борышкерлер аз емес. Менің өзімде қазір 130-ға жуық өндірістік іс жатыр. Төлемін төлей алмай жүргендердің дені келісімшартқа қарамаған немесе түсінбеген адамдар. Рас, онлайн несиенің пайыздық үстемесі өте жоғары. Мәселен, 75 мың теңге алып, 200 мың теңге қылып қайтарып жатқандар бар. Бірақ, «осы несиені ал» деп ешкім ешкімді қинап жатқан жоқ қой. Халық бұл қарызға өз еркімен кіруде. Сондықтан, бұл жерде несиелік компанияға бірнәрсе деп айту қиын. Егер тұтынушы өзінің үстемесі өскен қарызымен келіспейтін болса, несиелік компанияны сотқа беруге құқығы бар. Қазір кейбір борышкерлер кредиттік мекемемен қайта келісімшарт жасасып, пайыздық үстемесін азайтып алып жатыр. Егер онлайн кредиті бар азаматтар болса осындай әдіске көшіп, қарызынан құтылуға болады.
Осы тұста ескерте кетерлігі, биыл біреудің төлқұжатымен несие рәсімдеген алаяқтар туралы да бірқатар фактілер тіркелді. Міне, осындай жайттардан сақ болу үшін қарызың болса несиелік компаниялардан қашпай, бірлесе жұмыс жасау қажет, – дейді «онлайн займ» борышкерлерімен жұмыс жасап жүрген сот орындаушы Еркебұлан Болтаев.
Иә, байқап тұрсаңыздар, он жерден бұлтақтағанмен, «онлайн қарыздан» бәрібір қашып құтыла алмаймыз. Берешекті бермегенше қалтаңдағы соңғы теңгеге дейін қағып алады. Десе де, сот орындаушысының сөзіне сенсек, пайыздық үстемені төмендетіп алатын жол бар көрінеді. Демек, борышкерлерге несиелік компаниялармен қайта келісімшарт жасасуға мүмкіндік бар деген сөз. Бірақ, бұл қаншалықты тиімді болары әр компанияның ұстанымына байланысты болып тұр.
Әрине, кредитке бұқара тойғанынан емес, тоңғанынан баратыны белгілі. Дегенмен, жұмысы мен болмысы бұлыңғыр, аты мен заты күмәнді несиелік компаниялардан жұртшылық аулақ болғаны жөн секілді. Себебі, «онлайн қарыздан» олжа тапқандардан гөрі, опық жегендердің саны еселеп артып отыр.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР