Онлайн оқып, бизнес бастау оңай шаруа болмай тұр

0 4

Ел іші болғаннан кейін кез келген адамның аузынан ақ май ағып отырмағаны белгілі. Біреуден біреу ілгері, біреуден біреудің кейін күн кешетіні өмір заңдылығы. Әйтсе де кедейліктің қамытын киген жұртшылықтың тұрмыс-тіршілігін түзеуге, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, жұмыссыздар мен өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандардың санын азайтуға мүмкіндік беретін қолдау тетіктерінің бірі – «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.

Бұл – үш бағыт бойынша жүзеге асырылатын бағдарлама. Бірінші бағыт – қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету болса, екіншісі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бағдарламаның осы екі бағыты бойынша бақытын білім игеру арқылы тапқандар бұрын онлайн оқуды бастан өткермегені белгілі. Олар бұған дейін еңбек нарығының қажеттілігіне сай қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан дәріскерді бетпе-бет көру арқылы өтті. Тағы бірі кәсіпкерлік негіздер бойынша бір ай лекция тыңдап, аз ғана уақытта кәсіпкер атанды. Түсінбегенін бизнес-тренерінен лезде сұрап алудың, тапсырманы сауатты орындаудың мүмкіндігі көп еді. Әсіресе ауылдық жердегі көпбалалы және жағдайы төмен отбасы мүшелері немесе жастар, жұмыссыздар «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, мемлекет тарапынан қайтарымсыз қаржыға ие болды. Кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгере отырып, жеңілдетілген пайызбен несие алып, өз ісін бастау да осы жобаның жемісі.
Біз биылғы оқыту курстары, оның ішінде «Бастау Бизнес» жобасы аясындағы онлайн оқыту ісі қалай жүзеге асырылып жатқанына біршама зер салып көрдік. Себебі жер-жаһанды дүрліктірген әлемдік пандемия болмағанда аталған курстар осы жылы да дәстүрлі оқыту үрдісі бойынша жүзеге асар еді. Сонымен облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы берген мәліметке сүйенсек, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша биыл 2050 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған екен. Бүгінде оның 1000-нан астамы облыстық кәсіпкерлік палатасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне арналған оқытудың алғашқы кезеңінен өтіп үлгерген.
– Оқыту курсының алғашқы кезеңі 10 маусымда басталды. Жалпы 2050 адам 5 кезең бойынша жыл аяғына дейін кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп шығады. Биыл әлемді әбігерге салған індет салдарынан елімізде қабылданған карантиндік шараларды ескере отырып, оқыту ісі «Atameken Academy» онлайн платформасы арқылы қашықтан жүзеге асыру қолға алынған болатын. Негізінен тыңдаушылар 21 күнде бас-аяғы 52 сабақ оқиды. Сертификаттың «Оқыту курсына қатысты» және «Оқу курсын аяқтады» деп аталатын екі түрі бар. Осының ішінде оқуды аяқтағаны туралы берілетін сертификат ғана жарамды. «Бастау Бизнес» арқылы ауылдың да, қаланың да зейнет жасқа жетпеген кез келген тұрғыны, табысы аз және көпбалалы отбасы мүшелері, NEET санатындағы жастар оқи алады. Өз бетінше іс бастағанына екі-үш жыл болған жеке кәсіпкерлердің де оқыту курсынан өтуіне мүмкіндігі бар. Олар алдымен жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтарына барып тіркеледі. Осы мекеме оларды кәсіпкерлік палатасына жолдайды. Оқыту ісін Тараз қалалық және аудандық кәсіпкерлік палатасы жергілікті жерлерде жүзеге асырады. Оқыту курсын аяқтағандар өзінің бизнес жоспарын сәтті қорғаса, 555 мың 660 теңге көлемінде қайтарымсыз қаржыға ие болады. Ал инновациялық жоба ұсынғандардың бағы жоба қорғауда жанса, оларға мемлекет тарапынан 5 миллион теңге грант беріледі. Сонымен қатар көпбалалы аналарға 4 пайыздық, өзгелерге 6 пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға дейін несие беру қарастырылған, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасының бизнес-тренері Гүлзат Ысқақова.
Аймақта 12 бизнес-тренер бар екен. Олар курсқа қатысушыларға аталған платформа арқылы да, «WhatsApp» әлеуметтік желісімен де тапсырма беріп жүр. Курстан өтіп жатқандар бір күнде 11 сабаққа қатысуы тиіс. Әр сабақ 15-30 минут аралығында болғандықтан, олар бір күннің 5-6 сағатын онлайн оқуға арнайтын көрінеді.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша онлайн түрде жүзеге асырылып жатқан оқыту курстарының ішкі жайына үңілу барысында, біз бірқатар мәселелердің де бар екенін аңғардық. Онлайн оқудың «мамандар майын ішкенімен, оқитын адамдар дайын болмай қалған-ау» деген ой келді. Өйткені елдің алды оқуын аяқтап, қорытынды тесттен өтіп жатса, топқа ілесе алмай әлі бірінші сабақтың тапсырмасын орындай алмай жүргендер де бар болып шықты. Мойынқұм ауданына бекітілген бизнес-тренер Асқар Исмағанбетовтің айтуынша, сабақ барысында самарқау қимылдап, тест тапсыруға келгенде тыпырлайтындар да бар екен. Өйткені курсқа қатысушылар берілген тапсырмаларды сол сәтте емес, 21 күннің ішінде орындауына да болады. Мұндай жеңілдік барда, жұртшылық жан таласып оқудың орнына, арқаны кеңге салатын секілді.
– Мен Ақтау қаласында тұрамын. Сөйте тұра Мойынқұм ауданының тұрғындарын бизнеске баулимын. Біздің қалада Ақтөбе облысының тумасы бизнес-тренер болып жүр. Өйткені бұл – онлайн оқыту, орталық солай шешті.
Мойынқұмдық курстан өтушілер арасында ортақ чатымыз бар. Ынтасы барлар сол чатта қайта-қайта сұрақ қойып, тапсырманы түсініп алуға, бір нәрсе үйренуге күш салып, құлшынып жатады. Ал енді бірі үнсіз отырады. Тіпті, хабарламаларды ашпайтындар да бар. Жалпы курс қатысушылары бизнестің негіздерін үйреніп, тесттен құлап қалмауға ұмтылуы қажет қой. Сол ауданда тұратын, оқыту ісін үйлестіруші Гаухар Ноғайбекова да бұл мәселеге келгенде барын салуда. Оның айтуынша, кейбір ауылдарда шын мәнінде интернет жоқ көрінеді. Оқу ісі әу баста бір қалыпқа түсіп кете алмай, қиындықтар туындағандықтан, біз оқуды аяқтау мерзімін тағы 4-5 күнге ұзартуға мәжбүрміз. Аудан бойынша курстан өтіп жатқан 102 адамның бірқатары оқуды мерзімінен бұрын аяқтап, тест тапсырғанымен, оның бесеуі сыннан өте алмады. 15 адамның оқу үлгерімі көңіл көншітпейді. Шамамен 80-нен аса адам оқуын толық аяқтайды деп күтіп отырмыз. Бүгінде сыннан сәтті өткендердің бизнес жоспары Нұр-Сұлтан қаласына жолданды. Ол жақта жобалар сарапшы мамандардың сүзгісінен өтеді. Мақұлданғанына грант беріле бастайды, – деді Асқар Зәмзәмұлы.
Мойынқұмдық үйлестіруші Гаухар Көпбайқызы Сарыөзек, Қарабөгет, Айдарлы, Ұланбел секілді ауылдарда интернет жылдамдығы төмен екенін, оқып жатқан тұрғындар үнемі осыған байланысты шағым айтатынын, кейбірі Мойынқұм ауылындағы туыстарының үйінде жатып оқығанын сөз етті.
Біз тестен өте алмағандардың бірі, аудан орталығында тұратын Айткен Жұмашеваға хабарластық. Ол Мойынқұм ауылында интернет жақсы жұмыс істейтінін, алайда бас-аяғы үш сынаққа қатысып, құлап қалғанын айтып ашуға булықты. Сөйтсек, ол сынақтан екі мәрте өтіп, қажетті балды жинай алмапты. Соңғы үшінші мүмкіндік берілгенде, телефоны баласының қолына түсіп, ол тест тапсырмасы берілген сұрақтарды шұқылап, дұрыс емес жауаптарды басып тастаған көрінеді. Бұл енді ұқыпсыздық салдары шығар.
Ал Айдарлы ауылының тұрғыны Мереке Төребековаға қоңырау шалғанымызда, онымен жөнді тілдесе алмадық. Сөзі үзік-созық естіліп, ақыры байланыс үзіліп тынды. Десе де арада біршама уақыт өткенде қайта байланысудың сәті туды.
– Тесттен өте алмауыма интернеттің төмен деңгейде болуы және кей сабақты түсіне алмауым себеп болды. Бейнесабақтарды уақытынан тым кеш ашып, тыңдап жүрдік. Жазбаша сабақ уақытылы ашылғанымен, ол қиын әрі түсіндіріп беретін қасымда мамандар болмады, – деп ағынан жарылды ол.
Кеңес ауылдық округі, Айдарлы ауылында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бес адам оқып жатыр екен. Округ әкімі Әділет Мұқашев «ауылда интернет әлсіз» деген тұрғын пікірін қостамады. Ол аталған ауылда бір ай бұрын ғана «Activ» ұялы байланыс операторының арнайы құрылғысы орнатылғанын, ауыл ішінде интернет жылдамдығы қалыпты екенін жеткізді.
Қарабөгет ауылдық округі Қарабөгет ауылының тұрғыны, курсқа қатысушы Мақсат Шыныбеков те, округ әкімі Бағдат Сатыбалдиев те ұялы телефонмен ғаламторға кірмек тұрмақ, біреуге қоңырау шалып тілдесудің өзі қиямет-қайым екенін мұң етіп шақты.
Жалпы кәсіп бастағысы келгендер арасында онлайн оқыту алғаш өткізіліп тұрғанын ескеруге де болады. Десе де келесі кезеңде оқыту курсынан өтетін әулиеаталықтар мұндай кемшіліктерге ұрынбаса екен дейміз. Себебі азаматтардың тегін курстан өтіп, бизнеспен айналысуына мемлекет жыл сайын қыруар қаржы бөліп, қайта-қайта мүмкіндік бере бермейтіні даусыз. Сол үшін бар мүмкіндікті тиімді пайдалануға тырысу керек-ақ.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.