Онлайнда ән айтып, байқау да өткізеді

0 1

Қазіргі төтенше жағдайға байланысты көпшілікке мәдени қызмет көрсететін мекемелердің есігі уақытша жабылғаны белгілі. Алайда, өнер адамдары үйде отырып та елдің көңілін көтеріп, рухани азық беруден қалыс қалған жоқ. Мәселен, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның қызметкерлері әлеуметтік желілер арқылы көрермендеріне өз өнерлерін көрсетуде.

Облыстық филармонияның көркемдік к еңесінің шешімі бойынша жауапты мамандарға наурыз, сәуір айларында атқарылатын шығармашылық іс-шаралар жоспарланған. Соның аясында Ә.Әбдікерімов, О.Азаматова, М.Сағынбекова, Г.Тинасилова, Ж.Омаров және басқа да әншілер жеке концерттерін онлайн режимде беру мақсатында YouTubе-тағы арнайы арнаға тіркеліпті.

Осы орайда біз филармония директорының орынбасары Жандос Омаровқа хабарласып, бұл бағыттағы жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқанын білдік.

– Елімізде орын алған төтенше жағдайларға орай өнерпаздар қашықтан жұмыс істеуде. Әр аптаның жұма күні шығармашылық ұжымдар мен жекелеген әншілер онлайн түрде шығармашылық есеп беруде. Сапалы жұмыстар әлеуметтік желі қолданушыларының назарына ұсынылып та жатыр. Сонымен қатар әртістер 2020 жылдың ІІ тоқсанынан басталатын концерттерге үй режимінде дайындалып, нәтижелерін жетекшілерге онлайн түрде жолдауда. Жеке-дара, әкімшілік рұқсатымен филармония студияларында фонограммалар жазу кестесі құрылды. Яғни қазақ радиосын дәріптеу мақсатында өтетін «Қазақ радиосының 100 жылдығы» музыкалық эстафетасына қатысу үшін дайындық шаралары ұйымдастырылуда. Сахнада оркестрдің сүйемелдеуімен С.Кәрімбаевтың «Жамбыл жастарының вальсі» әнін әншілермен бірлесіп орындауды ұйымдастыру, жергілікті сазгерлердің туындыларын шығармашылық ұжымдар мен жекелеген әртістердің орындауындағы MР3 форматында басылған таңдаулы үнтаспаларын WAV үлгісіне қайта көшіріп, толық авторларын көрсете отырып, сәуір айының 17 жұлдызына дейінгі аралықта жинақтау тапсырылды. Наурыз мерекесіне арналған құттықтауларды да бейнетүсіріліммен халыққа әлеуметтік желілер арқылы жолдадық. Сонымен қатар халық әндері, Наурызға арналған туындылар, тақырыптық бағдарламалар ұйымдастырылып, Facebook-тегі әлеуметтік желіге 20 материал салынып, ол 5500 рет қаралды, – дейді Жандос Әскербекұлы.

Тек концерттер ғана емес, белгілі күйші, композитор, дирижер, КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 95 жылдығына арналған конкурс та онлайн түрде ұйымдастырылуда. Облыстық филармония ұйымдастырып отырған аталмыш байқау 2-22 сәуір аралығында өткізілмек. Оған кез келген өнерпаз қатыса алады. Ол үшін Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әлеуметтік желілердегі парақшаларына тіркеліп, орындаған ән немесе күйдің бейнетүсірілімін жолдауы керек. Ең үздік 25 өнерпаз марапатталатын болады.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.