"Көңілашар" Жастар.kz

Оңтүстік өңірдің өнерлі студенттері Тараз төрінде ән мен жырдан шашу шашты

Written by Aray2005

Бүгінгі жастар – мемлекетіміздің ертеңін ойлайтын, ел тұтқасын ұстайтын азаматтар. Әрине, бұл тұрғыда олардың білім мен ғылымнан өзге, шығармашылық өрелері де биік болуы маңызды. Осы орайда М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-да «Студенттік көктем» атты аймақтық байқау фестивалі өтті.

Жастар жылы аясында еліміздің оңтүстік аймағында орналасқан жоғары оқу орындары студенттерінің шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институты, Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен өңірдегі 3 жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, бақтарын сынады. Тараз аспанын екі күн бойы дүбірге бөлеген байқауда олар эстрадалық вокал, халықтық хореография, заманауи хореография және күйшілік өнер жанрлары бойынша өнерлерін ортаға салды. Байқауға ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, қазақтың атақты күйші-композиторы Әбдімомын Желдібаев, ҚР Мәдениет қайраткері, күйші-композитор Аман Малдыбаев, «Айша бибі» би ансамблінің көркемдік жетекшісі, балетмейстер, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Байдәулет Сазабеков, ҚР Мәдениет саласының үздігі Маралбек Бабақұлов сынды мүйізі қарағайдай өнер майталмандары қазылық етіп, өнерден таласы бар жастардың шығармашылығына бағасын берді.
Байқаудың эстрадалық вокал бөлімінде жас әншілер жанды дауыста 2 ән орындауы тиіс болды. Қазақтың атақты күйші-композиторы Әбдімомын Желдібаев төрағалық еткен қазылар алқасы әншілердің сахнада өзін-өзі ұстауы, әртістік қабілеті, әнді орындау техникасы, шеберлігі, сахналық киімі, таңдалған репертуары орындаушының диапазонына сәйкес келуі мен музыкаға ілесуіне қатаң сын көзбен қарап, әділ бағасын беріп отырды. Сондай-ақ олардың кемшін тұстарын айтып, табиғатына келетін туындыларды таңдау қажеттігін де ескертіп отыруды ұмытпады. Ал халықтық хореография бөлімінде бишілер қазақ және өзге ұлттың биін билеуге міндеттелді. Ал өз кезегінде қазылар олар орындаған бидің қойылымы, орындау шеберліктері, синхронды орындауы мен сахналық киімдеріне баса назар аударды.
Сондай-ақ заманауи хореография бөлімінде үміткер топтар 2 би билеп, өнерлерін ортаға салды. Мұнда да қазылар алқасының мүшелері жоғарыдағыдай талаптар бойынша бағасын берді.
Күйшілік өнер бөлімі жеке орындаушы және қазақ ұлттық аспаптар ансамбльдерінің сайысы бойынша өрбіп, олар
2 күйден орындады. Мұнда да олардың орындау шеберліктері мен сахналық киімдері ескерілді.
Осылайша оңтүстік аймақтағы жоғары оқу орындарының өнерлі студенттері байқаудың гала-концертінде өнер көрсетуге мүмкіндік алды.
Фестивальдің келесі күні гала концерт жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оған облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен қатысты. Салтанатты шарада аймақ басшысының орынбасары Сұлушаш Сәтбекқызы байқаудың маңыздылығына тоқталып, барша қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым жастарға қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, осы жылды «Жастар жылы» деп атап, оларға барынша жағдай жасауда. Еліміздің әлемдегі озық 30 елдің қатарына кіруі жастардың қолында десек, артық айтқандық бола қоймас. Сондықтан оларға артылған жауапкершіліктің жүгі де ауыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында жастардың ұлттық дәстүрімізді, құндылықтарымызды сақтау, ұлттық салт-сана мен тәрбиені ары қарай жалғастыру бойынша да жастарға бағыт-бағдар беріп отыр. Сол секілді осынау байқау да өнердегі шығармашылық қабілеттеріңді дамытып, шыңдауға бағытталған. Жастардың бойында терең біліммен қатар, өнердің де болуы қажет. Ол үшін мемлекеттің қолдауы толастамайды, – деді С.Құрманбекова.
Мұнан соң сөз тізгіндеген М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков аталған оқу орнының ұйымдастыруымен екі жылда бір рет болатын «Студенттік көктем – 2019» фестивалі биыл ерекше форматта өтіп жатқанын тілге тиек етіп, Жастар жылына арналып отырғандығын жеткізді.
– Биылғы жыл Жастар жылы болса, біздің оқу орнымызда мамыр айын Жастар айына арнадық. Осы айда бірнеше халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде біршама конкурстар өтуде. Соның бірі – осы байқау. Жалпы, бұл байқауға барлық үміткердің ерекше дайындықпен келгені көрініп тұр. Фестивальдің негізгі мақсаты – дарынды, талапты, талантты жастарды іріктеу. Расында, еліміздің атын әлемге танытып жүрген таланттылар жетерлік. Оларға қолдау қажет. Сол секілді университет ректорлары қолдау көрсету арқылы көптеген талантты ұл-қыздарымыздың үлкен сахнаға қадам басуына бірден-бір себепкер болуымыз керек. Сонда ғана нәтиже болмақ. Яғни осы байқауға қатысушылардың арасынан халық әртістері мен жарық жұлдыздардың шығатынына сенім білдіремін, – деді университет басшысы Махметғали Нұрғалиұлы.
Сонымен байқау нәтижесіне келсек, «Күй өнері» жанры бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Қазақ ұлттық аспаптары» ансамблі марапатталса, ІІ орынды Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Қазақ ұлт аспаптары» оркестрі, І орынды «Тұмар» қазақ ұлттық халық аспаптары ансамблі алды. Бас жүлдені М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Алтай Ұран» тобы иеленді. Ал «Күй өнері» жеке орындаушы жанры бойынша екі ІІІ орын ТИГУ-дың студенттері Ұлдана Тайжанова мен Ағаділ Нұртаевқа бұйырса, ІІ орынды ТарМПУ студенті Нұржас Жарылқап пен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дан келген Жалғас Күрес өзара бөлісті. ТарМУ-дың студенті Ерлан Жексембаев І орын иеленсе, бас жүлдені Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенті Нұрбол Қуанышев алды. Сонымен қатар «Халық хореографиясы» жанры бойынша ІІІ орын «Томирис» би ансабліне бұйырса (ТарМУ), ІІ дәрежелі дипломды «Ақ кербез» (ТИГУ), «Дидар» (ҚҚМУ), «Айгерім» (ОҚМУ), би ансамбльдеріне бұйырса, ТарМУ-дың «Асылай» би ансамблі
І орынға ие болды. Байқаудың жеңімпазы – «Би Сұлтан» тобының бишілері. Сондай-ақ «Заманауи хореография» жанры бойынша «Дидар», «Ақ кербез» – ІІІ орын, «Гауһартас» – ІІ орын, «Tarsu.kz» би тобы І орынды жеңіп алды.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР