Жастар.kz

Оңтүстіктен көш келеді…

Written by Aray2005

Бір күндік жәрмеңкеде 175 жамбылдық Солтүстік өңірге көшуге өтініш білдірді

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына орай өткен жылы елімізде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жанданғаны белгілі. Бұл бастаманың үшінші бағыты бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту жұмыстары қолға алынған болатын. Бағдарлама аясында осы таңға дейін облысымыздан солтүстік өңірлерге 54 отбасы көш түзеп үлгерсе, ағымдағы жылдың төрт айында 34 отбасы қоныс аударған.

Міне, осы игі бастаманың жалғасы ретінде жуырда М.Үркімбаев атындағы «Жастар» сарайында өзге өңір өкілдерінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Шараның ашылуына облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысып, бағдарламаның халыққа берер басым бағыттарына тоқталды.

– «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» бұқараға берері көп. Елбасының бастамасымен жанданған бұл жобаның шарапатын бүгінде көп тұрғындар көріп отыр. Атап айтсам, өткен жылы 213 адамнан құралған 54 отбасы солтүстік аймақтарға орналасты. Ал, биыл 34 отбасының 158 мүшесі өзге өңірге қоныс аударып үлгерді. Олардың барлығы әлеуметтік қолдау пакеттерімен толықтай қамтылып жатыр.

Байқап тұрғандарыңыздай, бос жұмыс орындары көп облыстарға көшуге сұраныс білдірушілердің саны артып келеді. Сол себепті, бүгінгі жәрмеңкені ұйымдастырып, түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын тағы күшейтіп отырмыз, – деді Бекболат Серікбекұлы.

Жалпы, бұл жолы аймаққа Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарының өкілдері келіп, өз өңірлеріне қоныс аударуға ниет білдірген­дердің өтініштерін қабылдап, ұсынылатын жеңілдіктер жайында жан-жақты түсін­дір­ді.

Ал, жәрмеңкеге келушілердің қарасы қалың болды. Барлықтарының жүздерінде тек қуаныш, мемлекеттік бағдарламаға деген ризашылық байқалып тұрды. Сондай жанның бірі – Тараз қаласының тұрғыны Айгүл Мансурова. Ол қазір жұмысқа орналасу үшін қай өңірге болсын көшуге дайын екен.

– Бұл бағдарлама жайында былтыр Қостанай облысына көшкен таныстарым­нан естідім. Және олардың ондағы жайлы қоныстарын көріп, биыл міндетті түрде бағдарламаға қатысуым керек деп бел будым.
Отбасымызда үш адам бар. Өзім қазақ тілі пәнінің мұғалімімін. Солтүстік облысқа барып ұлттық нақыштағы киіз үй әбзелдерін шығаратын шағын кәсіпкерлік нысанын ашсам деймін. Сондықтан дәл қазір қай облысқа болсын көшуге дайынмын, – дейді қала тұрғыны.

Негізі, бұл күні жәрмеңкеге тек Тараз қаласынан ғана емес, шалғай ауылдардан да ағылғандар көп болды. Тіпті, кезекке тұрып, өтініш беріп жатқандарды көріп, қуанып қалдық. Ал, аймаққа арнайы келген өзге өңірлердің өкілдері қоныс аударушыларға барлық қолайлы жағдай жасалатындығын айтады.

– Біз бұл жұмыстармен өткен жылдан бері айналысып келеміз. Былтыр Жамбыл облысынан бір отбасы округімізге қоныстанып, қажетті әлеуметтік көмектермен қамтамасыз етілді. Биыл да жәрмеңкеге келмес бұрын округке қарасты үш ауылдың әлеуетін зерделеп, қанша жанұяны қоныстандыра алатындығымызды бағамдап алдық.

Біздің өңірде балық және мал шаруашылығы жақсы дамығандықтан, қазір осы салаға бейім жамбылдықтардың өтініштерін мұқият қарап жатырмыз.
Округте барлығы 870 тұрғын тұрып жатса, олардың дені қазақтар. Сондықтан қазақы ауылға келем деушілерді құшақ жая қарсы аламыз, – дейді Қостанай облысы, Наурызым ауданы, Дәмді ауылдық округінің әкімі.

Иә, қалай дегенде де оңтүстіктен келген ағайынды солтүстіктегі жұртшылық құрақ ұша қарсы алса, қуанарлық жағдай. Бұл еңбек ұтқырлығын арттырып қана қоймай, өңірлер арасындағы байланысты да нығайтатыны айқын. Ал, өткізілген бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің нәтижесінде 175 жамбылдық Арқа мен Алтай өңірлеріне ат басын бұруға өтініш білдіріп отыр.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР