Ораза һәм ашығудың пайдасы

0 6

Міне, сауабы мол Рамазан айы табалдырығымызды аттап, барша мұсылман аузын бекітіп, ішіп-жеуден тыйылуда. Ораза – әрбір мұсылман орындауы тиіс бес парыздың бірі. Қасиетті айда парызын өтеуші 30 күн бойы таң атқаннан күн батқанға дейін саналы түрде ашығып қана қоймай, жағымсыз әдеттерден тыйылып, жақсылыққа ұмтылады. Дегенмен ашығудың адам ағзасына әсері қандай? Ашығу арқылы емделуді өз зерттеулерінің арқауы етіп алған әлем ғалымдарының тұжырымдары жайлы не білеміз? Осы сауалдарға мақаламызда жауап іздеп көрдік.

Әлемде ашығудың түрі өте көп әрі тарихы тереңде. Мұндай емдеу түрін сонау көне заманнан бері біраз халық қолданып келеді. Айталық, бұл емдеу тәсілімен осыдан екі мың жыл бұрын көне Рим дәрігері Асклепиад та науқастарды емдеген. Аштықпен емделу жайлы осыған ұқсас деректерді көне үнді, қытай, жапон жазбаларынан да кездестіруге болады. Х-ХІ ғасырда шығыс дәрігері Ибн Сина да көптеген ауруларды, әсіресе шешек пен мерезге шалдыққандарды аштықпен емдеу арқылы шипа тауыпты. Ал Үндістанның рухани көсемі Ганди жиі-жиі ішіп-жеуден тыйылып тұруды ұнатқан. Ганди ашығуға денені тазалау мен емдік қана емес, рухани тазару, сана-сезімді дамыту тұрғысынан да баға берген. Батыста ашығумен емдейтін арнайы клиникалар жұмыс істейді. Медицина ғылымдарының докторы Роберт Бартлоу оразаның адам ағзасын қалдықтардан тазалайтынын және қатерлі ісіктерді алғашқы кезеңінде жойып жіберетіндігін тәжірибе жүзінде дәлелдеген. Ол өз еңбегінде: «Ашығу арқылы ағзаны микробтардан тазалаудың мүмкіндігі мол», деп жазады. Қазақстанда ашығуды ғылыми түрде зерттеген ғалымдар жоқтың қасы. Бірақ аталмыш аштықпен емдеу орталығы Шымкент қаласында бар.
Бүгінгі дамыған медицина оразаның адам ағзасына келтіретін пайдасын анықтап, ашығу жолымен емдеу әдістерін тәжірибеге енгізді. Адам ағзасына сырттан тағам түспесе, бойдағы барлық қуат организмді зиянды микробтардан, қалдықтардан, ісік ауруларынан тазалауға бағытталады. Міне, оразаның бір қадір-қасиеті осында. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың жақсарады», дейді.
Адамның жүйке жүйесін қалыпқа келтіруде де оразаның маңызы зор. Адам ораза ұстау арқылы өзін төзімділікке, сабырлылыққа тәрбиелейді. Ауыз бекіту кезінде адам өмірінің барлық кезеңінде дамылсыз жұмыс істейтін асқазан оразаның арқасында орташа есеппен күніне төрт сағат тынығады. Бір ай бойы бауырдың да баяу жұмыс істеп, тынығуына мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар оразаның қант диабеті, асқазан жарасы, бүйрек-қуық, буын ауруларына таптырмас ем екендігін бүгінгі медицина дәлелдеп отыр.
Рамазан айы биыл да пандемиямен қатар келді. Осы ретте көпшілікте біраз сауал туындайды. Ораза ұстауға ниет білдірген адам мынадай пандемия кезінде нені ескеруі керек? Медицина оразаның пайдасы мен оны қандай жағдайда ұстауға болмайтыны туралы не дейді? Осы орайда №2 қалалық емхананың бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Әсел Шорманова жауап берді. Дәрігердің айтуынша, ораза ұстаған кезде адам ағзасы жаңарады.
– Медициналық көзқараспен айтсақ, адам ағзасы үшін оразаның оң әсері өте көп. Тамақтануды тежеу арқылы жүрек қантамыры жүйесінің қандайда бір сырқатымен науқас адамдар салмағы мен холестерин деңгейін түсіруге себепші болады. Сонымен қатар артериялық қан қысымы жоғары науқастарға қан қысымының төмендеуіне әсері бар.
Ораза кезінде денсаулық жағдайына да жіті мән беру керек екендігін айтар едім. Яғни ауызды ашқан кезде біздің иммундық жүйемізге кері әсері болмас үшін дәрумендер мен минералдарға бай ақуыз секілді нәрлі тағамдарды дұрыс әрі жүйелі пайдалану керек. Әсіресе көкөністер мен ет тағамдарын да ұмытпаған абзал. Қант орнына құрма жеп, жеміс-жидектерді де дастарқаннан үзбеу керек.
Өкінішке қарай, Рамазан айында парызын өтеуге ниет еткен жанның бәріне ораза ұстау кейде денсаулық жағдайына байланысты мүмкін емес. Ол асқазан-ішек жолдарының аурулары, созылмалы гастрит, ойық-жара ауруы, өт жолдарының қисаюы сынды сырқаты бар науқастарға ораза ұстауға тыйым салынады. Себебі онсыз да әлсіз асқазан-ішек жолдары мұндай қысымды көтере алмайды және несеп шығару жүйесінің ауруларында бүйректе су тапшылығы болуына байланысты түрлі асқынулар мен өршулер болуы мүмкін,– дейді Әсел Қыстаубекқызы.

Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.