Ораза айт – татулықтың мерекесі

0 9

Құрметті жамағат!
Қадірменді жерлестер!

Баршаңызды мұсылман баласы асыға күткен ұлық мейрам – Ораза айт мерекесінің келуімен құттықтаймыз!
Ораза айт – қасиетті Рамазан айының аяқталып, осынау мерекеге аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкіршілік етіп, көңіл терезесін тазартатын айрықша күн. Айттың шуақты күндерінде мұсылмандар бір-біріне жылы лебіздері мен ізгі тілектерін білдіреді. Мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қуанышқа кенелту де – ізгі мерекенің ерекшелігінің бірі.
Ағымдағы жылы да былтырғыдай мұсылман жамағатының ақ пейіл, таза ниет етіп ұстаған отыз күндік Ораза айы барша әлем үшін аса күрделі кезеңмен тұспа-тұс келді. Коронавирус пандемиясына орай енгізілген карантиндік шектеулер бірқатар өзгерісті қабылдауға мәжбүр етті. Соған қарамастан, сіздер осы рақымы мол Рамазан айында мұсылмандықтың қастерлі парызын орындауға тырыстыңыздар.
Ораза айт – бірлік пен қайырымдылықтың, мейірімділік пен берекенің, татулықтың мерекесі. Осы мызғымас құндылықтарымыздың арқасында біз тәуелсіздікке қол жеткен 30 жылда көк тудың астында өзара ынтымақта, тату-тәтті өмір сүріп келеміз.
Мұсылман қауымының осынау шуақты мейрамында әрбір шаңыраққа баянды бақыт, амандық пен құт-береке тілейміз. Қасиетті Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз, жасаған әрбір қайырлы амалдарыңыз бен дұға-тілектеріңіздің қабыл болуына ниеттеспіз!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Оразадан – оразаға, айттан – айтқа аман-есен жетейік!

Бердібек Сапарбаев,
облыс әкімі,
Махметғали Сарыбеков,
облыстық мәслихаттың хатшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.