Ораза тұту – тек ас ішуден тыйылу ғана емес

0 3

Адам баласы ішіп-жеп тәнін тамақтандырғаны сияқты, рухына да азық беруі тиіс. Руханиятымызды толықтырмасақ, адам баз кешіп, мына өмірдің мәнін түсінбей, бір кем дүниемен көңілі көншімей жүре бермек. Ал жанымызға қандай азық береміз? Рухтың азығы – иман, намаз, ораза, қайырымдылық, Алланы тану, мойынсыну, құлшылық жасау. «Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз» дейді Абай атамыз. Пенде болғандықтан иманымыз кейде әлсірейді, кейде күшейеді. Осы тұста өз-өзіңмен жұмыс жасайтын әлемде керемет бір уақыт пен сәттің болғанын қалаймыз. Ол қасиетке толы, он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Алла Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы – Рамазан айы. Рамазан – қара ниетті шайтанның ауыз бекіткен адам баласын азғыруда амалы құрып, кері шегінетін айбарлы кезі. Мұхаммед пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) «Рамазан айы келгенде жаннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді», деуі бұл айда шайтан атаулының көксегеніне жете алмай, дымы құритынын білдіреді.

Осынау берекеге толы ай несімен ерекше? Дана халқымыз оны «он екі айдың сұлтаны» атап, қастерлеп, барша мұсылман жұртшылығы асыға күткен. Ел бірлігінің ұйытқысы дінде екенін жақсы білген бабаларымыз тіршілігінде мұсылмандық міндеттерді халыққа насихаттап отырудан жалықпаған. Шортанбай ақынның мына өлеңінде ол жақсы бейнеленген:
«Құбылаға бас қоймақ –
Мұсылманның тарығы.
Ораза, намаз қаза қылмасаң,
Көңіліңде Құдай барлығы» («Он ғасыр жырлайды». Алматы, 2006. Б.202).
Алғашқы мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылы құдды қырық жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені бұл ай әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым. Рамазан – арабшадан аударғанда түбірі «рамада» – «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала («Бақара» сүресінің 183-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін, ораза ұстау сендерге де парыз етілді», –
дейді. Яғни бұл айда адам баласы ораза ұстай отырып өз нәпсісін тәрбиелейді. Құдси хадисте Хақ Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін тек менің ризалығым үшін доғарды. Ораза – мен және құлымның арасындағы риясыз ғибадат. Оған берілетін сый-сауапты мен ғана өлшеп, мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеуден шыққан ауыз иісі мен үшін миск әтірінен де тамаша», деп оразаның зор сауабынан хабар беріп сүйіншілеген. Рамазанда жай уақытта жасаған жақсылықтар, салиқалы амалдар сауабы мен жасалған жамандық та еселеніп жазылады. Сондықтан бұл айда бар игілік иелері жақсылық жасауда өзара аламан бәйгеге түседі.
Ораза тұту – тек ас ішуден тыйылу ғана емес, аузы берік адам көз, мұрын, ауыз, қол, аяқ сынды барлық жан-тәнімен ораза болуы шарт. Аштықтан денеміз әлсірегенімен, рухымыз шыңдалады. Қарны аш жүретін адамның халін өз басынан өткеріп ғана түсінеді. Өзінің ішкі жан дүниесіне терең бойлайды. Бейпіл сөз, пайдасыз әңгіме айту, артық сөйлеудің зиянын ұғынады. Тіпті адамды «ихсан» дәрежесіне көтереді. Жанында ешкім болмаса да өзін Жаратушы иеміз көріп тұр деп қадағалайтындықтан оразаны бұзатын шарттардың шырмауынан өзін арашалайды. Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі», деген.
Алла Тағала былай дейді: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді». Құран – ақырет күніне дейін еш өзгермейтін ұлы мұғжиза. Дәл осы айда қолға Құранды көбірек алыңыз. Хатым түсіріңіз, арабшасын оқи алмасаңыз үйренуді бастаңыз, қазақша мағынасын оқыңыз. Құран оқыған адамға әрбір әрпі үшін сауап жазылады. Әлиф – он сауап, ләм – он сауап, мим – он сауап. Ал ораза айында бұл сауап екі еселенеді. Айша (р.а.) анамыздан келген риуаяттан көреміз: «Құранды шебер оқуға машықтанған жан Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болады. Ал Құранды оқығанда кекештеніп қиналса, екі сауап алады», деген.
Рамазан – сексен үш жылдың сауабына тең келер қасиетті Қадір түні бар ең берекелі ай. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Періштелер және Жәбірейіл (Ғ.С.) ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі» (Қадір, 4), деп бұйырылады. Иә, Қадір түнінің құт-берекесі шексіз. Себебі жер бетіне сан мыңдаған періштелер түседі. Періштелер тіпті жер бетіне сыймай, бір-біріне сығылысады. Алла елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келесі бір хадис-шарифінде: «Ол түні жер бетіне түскен періштелердің саны ұсақ тастардың санынан да көп», деп хабарлайды. Адамдардың көпшілігі осы Рамазанда ораза ұстап, кейін намазға келіп жатады. Бұл ұлық айдың жүргізген тәрбиесінің нәтижесі.
Сіз өзіңізге парыз болған ғибадаттарды орындауға жүрексініп, барлық амалды зейнеттен шыққан соңғы уақытқа қалдырып жүрсіз бе? Осыншама ризық, береке бар айда сізді намаз бастаудан не тосып тұр? Алланың өзі жәрдемін беретін оразадан не алшақтатып тұр? Құрметті мұсылман бауырым, қамшының сабындай қысқа ғұмырда біз жолаушы ғанамыз. Зейнет жасына жетіп-жетпеуіміз бір Жаратушы иенің қолында. Дәл қазір, дәл осы сәтте жаратылысымыздың мақсаты болған Аллаға құлшылық жасауды бастаңыз. Алла тура жолға тек сүйген пенделерін ғана салады. Сол сүйген құлының бірі болуға асықпайсыз ба? Міне, барлық кедергілерді жойып, рухты толықтыратын, иманды күшейтетін, нағыз мұсылман болатын уақыт Рамазан айы келіп жетті. Алламен қарым-қатынасы дұрыс адамның өмірі де дұрыс арнамен жүрмек. Азғырушы шайтандар кісенделді, өз-өзіңізбен қалдыңыз. Ендеше, амалға көшіңіз.
Бұл қасиетті айда иманға бет бұрған жандардың саны артып, еліміз көркейіп, індет жойылсын. Алла екі дүниенің бақытына жеткізіп, иманы, амалы, әдебі толық мүмін болуды жазсын!
Он екі айдың сұлтаны – рамазан құтты, берекелі болсын! Қасиетті айда жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, оразадан оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін! Баршаңызға Жаратқан ием жар болсын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, халқымыздың бірлігі нығайып, берекесі арта берсін! Тәуелсіздігіміз әрқашан баянды болғай! Әумин!

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша бас имамы

Leave A Reply

Your email address will not be published.