"Дін"

Ораза – жанның азығы, тәннің шипасы

Written by Aray2005

Рамазан – ұлық ай. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Сендер рамазан айының қасиетін толық түсінсеңдер жыл он екі ай Рамазан болуын тілейтін едіңдер» дейді. Расында да Рамазандағы оразаның сыйы – жаннат.

Қазір елімізде ораза ұстайтын азаматтар жыл сайын артып келеді. Аллаға шүкір, қасиетті айды күллі мұсылман әлемінің қатарында Тараз қаласының тұрғындары да күн санап асыға күтеді. Соңғы кезде ораза айы көктем-жаз айларымен қатарласа келетіндіктен, адамдарды тамақтан бұрын шөл қинайтындығы белгілі. Алайда сондай қиындыққа Алланың разылығы үшін төзіп жүргендер аз емес. Солардың бірі – тараздық Ермахан Төреқабыл. Бұл кісінің үзбей ораза тұтып келе жатқанына биыл 25 жыл болыпты. Бұл жөнінде оның өзі былай дейді:
– Бұрындары әке-шешеміз тығылып намаз оқып, ауыз бекітті. Біз соны бала кезімізден көріп өстік. Есімде, жетпісінші жылдары әкем Абдурахим мен әскерге кетерде Құранның «Нәс», «Фәлақ» секілді бірнеше қысқа сүресін үйретіп жіберді. Әскерден келген соң үйде Құран оқитынмын, аптасына бір мәрте жұмаға барып тұрдым. Алдында үнемі дәретпен жүруді әдет қылдым. Кейіннен ауыз бекіте бастадым. Бертін келе ауыз бекіткен адамның дұғасы намаз оқыса қабыл бола түсетінін біліп, сәждеге бас қойдым. Жаңадан ауыз бекіткен кезімде жасым 38-де еді. Жұмыс ауыр болды. Үнемі іссапармен жүрдік. Бірақ қанша алыс сапарға шыққаныммен, жұмыстың ауырлығына қарамастан, оразаны тоқтатқан емеспін. Аллаға шын ниетіңмен жақындай түссең ол өзі-ақ игі ізбен иманға әкеле бастайды, – дейді ол. Жасы алпыстан асқан Ермахан ағаның жары да өзімен бірге оразаны үзбей ұстап келеді екен.
Жаз айларында күннің ұзақ, түннің қысқа болатындығы, онымен қоса шілденің ыстығы бар. Алайда Ермахан үшін күннің ыстығы кедергі болған емес.
– Баяғыда бала кезімізде ата-апаларымыз шілдеде ұстаған оразасы жайлы естіген едік. Енді Алла нәсіп етіп өзіміз де ұстап жатырмыз. Алланың сынағына шыдап, оразамызды абыроймен өткізгенімізге шүкіршілік айтамыз. Бұл күнді бізге нәсіп еткеніне тәубе деймін, – дейді Ермахан Төреқабыл.
Ол Оразаның тек жаныңды емдеп қана қоймай, тәндегі дертке де шипасы бар екеніне көз жеткізгенін айтады.
– Мен көп ауырған адаммын. Құранда «Құран – момындарға шипа» деп жазылған. Сол секілді мен де Құран мен оразадан, намаздан шипа таптым. Ол үшін сабыр керек. Рамазан – әр жылы қайта оралып, мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін ай. Биыл мамыражай мамыр айына тұспа-тұс келді. Хадисте «Ораза ұстау – сабырлықтың жартысы» дейді. Ауыз бекіткен пенде ашу-ызаға, қызбалыққа бой алдырмай, сабыр қылады, өзін күнәдан сақтайды. Бұлардың барлығы сабырлылықтың арқасында атқарылатын амалдар. Сондықтан жыл сайын оразаны сағынамын, – дейді Ермахан Төреқабыл.
Ақ пен қараны, сауап пен күнәні, адал мен арамды, ақиқат пен жалғанды, жақсы мен жаманды түсіндіріп, адамзатты хақ жолға нұсқаушы қасиетті Құран Кәрім түсірілген және Мұхаммедке (с.ғ.с) пайғамбарлық жүктелген қасиетті Рамазан айында ауыз бекіту – әрбір мұсылманға парыз. Ермахан аға біраз жылдан бері таң намазынан құптанға дейінгі 5 уақыт құлшылығын мешітте өткізуге дағдыланған жан. Ол «Әрбір намазда елдің тыныштығы мен келешек ұрпақтың амандығын тілеуді ұмытпаймын» дейді.

Айжан Өзбекова

ПІКІР