Өрелі өнер өрге жетелейді

0 0

Атақты «Тараз» триосының әншісі Асылхан Шүңіреков 60 жаста

Тарихы тереңде жатқан «Тараз» триосының әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңірековтің асқаралы алпыс жасқа толуына орай мақала жазуға оқталып, қолға қалам алғанда балалық шағымыздың тәтті бір естелігі ойға оралды. Әлі есімде, атамыздың бөлмесінде қолың тиіп кетсе қирауға дайын тұрған көне бір радио болатын. Өшірілсе қайтып істемей қалатындықтан болса керек, үнемі қосулы тұрады. Таңертең радионың даусымен оянып, түнде радионың даусымен ұйқыға батамыз. Ал радионың жалғыз иесі – атамыз. Төбесіне ойнақтап жатсақ та қыңқ демейтін атамыз радиодан өзі сүйіп тыңдайтын бізге белгісіз бір топтың әні шырқала бастағанда құлағын тосып, ұйып тыңдап отыра қалады. Айналасында үйірсектеп жүрген немерелерін де тыйып тастайды. Сол бір сәтте бұзықшылық жасасаң атамыздан қатал адам жоқ. Бөлмесінен қуып шығады немесе қонышында тұратын қамшымен тартып-тартып жіберуге дейін барады. Ән біткеннен кейін арқасын кеңге салып, «Шіркін, «Алатаудың» жігіттерінің даусын-ай! Қазақтың әндерін қалай құлпыртып айтады» деп аузының суы құрып тамсанатын еді. Радиодан «Алатау» тобының әнін берсе, ішіп отырған асын тастап тұрып кететін атамызға апамыз кейде «Алатау» саған менен де қымбат болды-ау» деп қалжыңдаса, енді бірде «таңнан кешке дейін аңдығаның – «Алатау». Әндерін тыңдай бергеннен жалықпайды да екенсің» деп кейістік білдіріп жататын.

Содан бері талай су ағып, талай-талай өзгеріс болды. Атамыздың бақилық болғанына да ондаған жылдың жүзі болды. Ал «Алатау» триосының және өзге орындаушылардың әуезді әсем әндерімен шаңырағымызды әлдилеп тұратын радионың қазір жұрнағы да қалмаған. Бірақ, ғасырға жуық уақыт өтсе де құрылған сәттен бастап қазақ даласын сырлы да сазды әнімен әлдилеп, атағы алысқа кеткен бір кездегі «Алатау», қазіргі «Тараз» триосы өз биігінен бір саты болсын түскен емес. Тыңдарманын да жоғалтқан жоқ. Әрине эстрадамызда жаңашылдықтар күн санап орын алып жатқан тұста тыңдарманды сақтап қалу да оңай шаруа емес. Сондықтан трио мүшелері заманға сай бейімделе отырып, бүгінгі ұрпақты халқымыздың баға жетпес музыкалық мол мұрасымен сусындата беруді басты мақсаты етіп алған.
Жуырда трио мүшесі Асылхан Шүңірековті мерейлі жасымен құттықтай барып, ашық сипатта ақтарыла айтқан әңгімесіне құлақ қойдық. Емен-жарқын әңгімелесу барысында кейіпкеріміздің бойындағы адами асыл қасиеті, әу бастағы өнерге қызығушылығы өн бойына әуелі анасының ақ сүтімен, әкесінің ұлағатымен, туған топырағының құнарымен дарығанын ұғына түстік.
– Анамыз Жәмиланың өнерге деген ықыласы, құштарлығы ерекше еді. «Қарекесек» әнін айтқанымда «Шіркін, Арқаның жерінің кеңдігін-ай!» деп ойға шомып, алысқа көз тастап отыратын. «Өзіңіз Арқаға бармағансыз. Жерінің кеңдігін қайдан білесіз?» деймін ғой. Сонда анам «Балам, жерінің кеңдігі әнінде тұрған жоқ па?» дейтін. Анам мандалинмен ән салғанда табиғи дарынына таңдай қақпайтын жан болмайтын. Әрдайым қасына ілестіріп жүретін. Алғаш рет домбыра үйірмесіне өзі жетектеп алып барды. Үйірмеде Садық Құнанбаевтың тәлімін алып, күй тартып, ән айтуды үйрене бастадым. Бірақ анам өнер адамы болғанымды қаламады. «Өнеріңді қоса алып жүре берерсің» деп үнемі айтып, басқа сала таңдауымды қалайтын. Бірақ адам маңдайға жазылған тағдырынан қашып құтыла алмайды екен. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтында «инженер-технолог» мамандығын оқып жүргенде «Алатау» триосының жетекшісі әрі институтта ұстаздық қызмет атқаратын Мұхтар Рахманқұлов ағамыздың көзіне түсіп, ойламаған жерден трионың қатарына қабылданған жайым бар.
Ал өкпесіне суық тиіп, дертінен айыға алмаған әкеміз 36 жасында бақилық болды. Әкеміз өмірден озғанда анам 33 жаста ғана болатын. Анам бір өзі төрт баласын аман-есен жетілдірді. Бәрімізді оқытып, аяққа тұрғызды. 1998 жылы 68 жасында анамызды да жер қойнына тапсырдық, – дейді А.Шүңіреков.
Отыз жылға жуық «Алатау» болып келген трионың «Тараз» атануы да өз алдына бөлек бір әңгіме. Ел егемендігін алғаннан кейінгі қиын кезеңдерде тек мәдениет саласында ғана емес, барлық салада тоқырау орын алады. Жұртшылықты жоқшылық қысып, ел есеңгіреп-ақ қалды. Сол бір қиын-қыстау кезеңдерде облыс орталығындағы, аудандардағы ансамбльдердің көпшілігі тарай бастайды. Қаржылық қиындықтарға байланысты «Алатау» ансамблі де басқалардың кебін киеді. Ансамбль тарағанымен құрамындағы «Алатау» триосы жұмысын жалғастыра береді. Арада жылдар өте 1999 жылдары Серік Үмбетов облыс әкімі болып келеді. Кейінірек Серік Әбікенұлы трионың баспасөзге берген сұхбатын көріп қалып: «Алатау» деген ансамбль бар еді. Үлкен ұжымнан осы үш жігіт-ақ қалған ба?» деп сұрау салады. Осылайша мәдениет басқармасына тиісті тапсырма беріліп, нағыз өнер жанашыры Серік Үмбетовтің ықпалымен кезінде тарап кеткен «Алатау» ансамблі қайта құрылады. Ал «Алатау» триосы болып шығып жүрген топқа атауын өзгертуге тура келді. Сол бір жылдары облыста Тараз қаласының екі мың жылдығына үлкен дайындық басталады. Сөйтіп трио құрамындағы Берік Қалиев, Ержан Ыдырысов, Асылхан Шүңіреков ақылдаса келе топтың атауын «Тараз» триосы деп өзгертеді.
– Бірнеше жыл өзім туып-өскен Мойынқұм ауданында қызмет атқарып келгенім болмаса өмірім «Тараз» триосымен бірге сабақтасып өтіп жатыр. Шыны керек елге танылып, құрмет-қошеметке бөленіп жатқанымыз «Тараз» триосының арқасы. Одан кейін ешқашан өнердің қайнаған ордасы Алматы немесе басқа да қалаларға көшу ойда болған емес. «Ұлы адам ұлтарақтай жерде тұрып, Жер шарына дауысын жеткізеді» дейді. Сол секілді Таразда тұрып та еш нәрседен кенде қалған кезіміз жоқ. «Тамаша» театрының әр мереке сайынғы қонағы болатынбыз. Одан бөлек түрлі бағдарламаларға арнайы шақырады. Қолтаңба сұрап жататындар да көп болатын. Қазір ойлап отырсам, сол кезде біз өте танымал болыппыз. Бірақ, өзіміз байқамаған екенбіз. Өнеріміздің арқасында ел көріп, жер таныдық. Өнердің арқасында өніп-өстік. Ел ықыласына бөлендік. Бүгінгі таңда қандай да бір жетістікте жетіп, абырой биігінен көрініп жүргеніміз өнеріміздің арқасы.
Әрине трио құрылғаннан бері топ құрамында түрлі өзгерістер орын алды. Алтынбек Бекмұратов, Пернебек Оспанов, Есенбек Сәтпаев пен Дүйсенбек Өмірәлиевтар әр жылдары трио құрамында болып, аталған азаматтардың қай-қайсысы болмасын өзіндік қолтаңбаларын қалдыра білді. Кейін Ержан Ыдырысов екеуміз Ноян Сейділдаев есімді інімізді қатарымызға қостық. Ең бастысы құрамда қандай өзгеріс болғанымен трионың жұмысына кері әсерін тигізген емес. Әрбірі трио жоғалып кетпей, керісінше жұмысы жандана түсуі үшін аянбай еңбек етті.
Өкінішке қарай қазіргі жаһанданған дәуірде дәстүрлі өнер ығысып барады. Қазір бәрі дамыған. Әншісі де, технологиясы да. Дыбыстың бәрін келтіреді. Өз даусыңды өзің танымай қаласың. Қазір телеарнаны да, радионы да ойдан келген ойық құлақ, қырдан келген қырық құлақ эстрада әншілері жаулап алды. Әндеріміздің табиғаты жойылып барады. Мұның барлығы өнерге жасалған қиянат емес пе? – дейді Асылхан Мәдіханұлы.
Сондықтан трио ұлттық тамырдан нәр алатын, ұлттық дүниетанымымызға сай келетін әндер арқылы тыңдарман санасына аз да болсын сілкініс жасап, ұлттық өнердің ұраншысы болып қалуды қалайды.
Қазақ ән өнерінде жүрген аға буын өкілі ретінде кешегі және бүгінгі қазақ эстрадасы жайлы парасатты пайым, орамды ойымен бөліскен кейіпкеріміз кәсіби білімі жоқ әншілердің көбейіп жатқанына байланысты да іштегі қыжылын жеткізді. Осы орайда Асылхан Мәдіханұлы өзінің іштегі бір өкініші – уақытында консерваторияға түсіп, кәсіби білім алмағаны екенін айтады.
– Көп ортада «Шәкіртіңіз бар ма?» деп сұрап жатады. Егер консерваторияда білім алғанымда шәкірт тәрбиелер едім. Шыны керек өзіме де ұстаз керек. Арнайы білім алмағаннан кейін өзім білмей тұрып басқаға қалай үйретемін?
Дегенмен Мейрамбек Бесбаевты шәкіртім деп айтуға толықтай негіз бар. Жоғары оқу орнында білім алып жүргенде Мейрамбектің әкесі Әбіләшімнің отбасымен тонның ішкі бауындай жақын араластық. Сонда Мейрамбек бірінші-екінші сынып оқып жүретін. Күн сайын болмаса да жиі-жиі отбасылық отырыстар жасаймыз. Ән айтылып, күй тартылады. Қасымыздан бір елі қалмай Мейрамбек етегімізге оратылып жүреді. Қасымда жүріп бірнеше ән үйренді. 1987 жылы Мейрамбекті Мәскеуде өткен халық шығармашылығы жетістіктерінің көрмесіне апардық. Сол кезде облыс атынан мен, Алтынбек Оразбеков, Қарлығаш Қожағазина, Мейрамбек төртеуміз бардық. Мәскеудегі сапарымыз барысында «Московский правда» газетіне «Қазақтың Робертино Лореттиі» деген Мейрамбек туралы ең алғашқы мақала жарыққа шықты. Елге келгеннен кейін де бәріміз концерт бердік. Сонымен қатар Мойынқұм ауданынан арнайы шақырту болып, Мейрамбек екеуміз ауданның әрбір колхозында концерт өткізгеніміз бар. Кейін Алтынбек Қоразбаев Мейрамбекті көріп өзіне тартты. Ол кезде Алтекең филормонияның директоры болатын. Мейрамбекке киім тіктіріп, домбыра алып беріп, кейін Алматыға ауысқанда Мейрамбекті ала кетті. А.Жұбанов атындағы музыка мектебіне түсірді. Осылайша Мейрамбектің өнер жолы басталды да кетті.
Ал кейін шәкірт тәрбиелемесек те триоға еліктегендер көп болды. «Тараз» триосы Қазақстандағы барлық трионың бастауында тұрмыз десек те болады, – дейді Асылхан Шүңіреков.
Асылхан Мәдіханұлымен дидарласып, әңгелесуден бір ұққанымыз – адал еңбек түбі абыройға кенелтеді. Әрине маңдай терің ақталып, мадақ пен марапатқа ие болсаң, шынымен де атқарған ісіңнің нәтижелі болғаны. Асылхан Шүңірековке 2010 жылы сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаев «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атағын табыс етсе, өткен жылы Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы атанды. Дегенмен, Асылхан Шүңіреков атағымды алдым, алпысқа келдім деп қол қусырып отырған жоқ. Ендігі мақсаты – ағымдағы жылдың күзінде алпыс жасқа толуына орай есеп беру концертін өткізу.
Сөз соңында бақытты шаңырақтың әкесі, атасы болып, еліне еңбек етер бір ұл, бір қыз өсіріп, жұбайы Жұмакүлмен бірге бүгінде 7 немеренің ата-әжесі болып отырған Асекеңді мерейтойымен құттықтай отырып, әнге деген жоғары талғамымен, байыпты мінезімен тыңдарманы мен жастарды сахнадан түспей тәрбиелей беріңіз дегіміз келеді.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.