"Тарих. Таным. Тағылым."

Өрелі рух һәм өркениет табалдырығы

Written by Aray2005

Тәңірдің алақанынан жерге сынаптай сырғып, сусап түскен таудай уақыт, кесек-кесек дәуірлер мен ғасырлар талай тарихты көміп жатқаны анық. Анасы бөрі, әкесі түз болған түркі баба. Құртқа шешейдің әлдиі айға жетіп, Алтайдан Алатауға, Атырау мен Қаратауға жаңғырып, жартастарға сіңіп кетті. Сол ақиқат үні кісінеген жылқы мен арқыраған өзендердің тілінде бүгінгі күнге аңыз болып жетіп отыр. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы айшықты айтылған «Түркі әлемінің бесігі» атты киелі ұғым ұрпақтың алдында осынау тарихи шындыққа сөнбес үміт шырағын жақты.

«Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжыл­дығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды.
Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды. Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты», деді Елбасы қаламмен маржан мақтаныштарымызды тереңнен аршып алған мақаласында.
Расында, археологиялық қазбалардан табылған жәдігерлер Алтайда пайда болған баба түркілердің байлығы Дон мен Дунайға дейін жеткендігін дәлелдеп отыр. Бұл тұста кеңестік кезеңдегі белгілі археолог, этнограф-тарихшы Алексей Окладников «Көне түркілердің тарихын білмей тұрып, Еуразияның тарихын толық түсіну мүмкін емес», деп сол уақыттың өзінде ақиқатқа адал қарауға үн тастағаны бар. Бабатанымдық әлқиссаға көз салсақ, түркілер туралы орта ғасырдағы көрнекті ғалым Махмұд Қашқаридың «Түркі тілдерінің лұғатында» былай деген: «Ұлы Тәңір (Тенгри) айтады: Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды түркі деп атап, күншығысқа қоныстандырдым. Кейбір тайпаларға ренжісем, түркілерімді қарсы аттандырамын!». Осылайша жаратушы жұмыр жер тұғырының төрін ұсынып, «түркілер көрікті, өңі сүйкімді, жүзі мейірімді, әдепті, үлкендерін құрметтей білетін кішіпейіл, уәдеге берік, мәрт және сол сияқты көптеген жақсы қасиеттерге ие болған ашық-жарқын жандар» деген. Аңыз арнасының тұңғиық тұнығы осылай дейді. Сонымен қатар басқалардан өздерін биік санап, өзгені мойындай бермейтін еуропалықтардың атынан ат үркіп, адам шошитын Цезарь мен Македонскийді емес, ғұн патшасы Аттилаға «Құдайдың қамшысы» деп ат қойып, айдар таққаны да тегін емес. Себебі түркілердің дипломатиялық һәм гуманистік ерекшелігі – олар ағылшын мен голландтық немесе испан конкистадорлары секілді өздері жаулап алған жердегі жергілікті халықтарды жаппай қырып-жойып, геноцид жасаған жоқ. Өйткені түркілер үлкенге ізет, кішіге құрмет жасап, әруаққа тағзым еткен және зұлымдық атаулыны құп көрмейтін Көк Тәңіріге табынып, адамзатты ұлт пен нәсілге бөлмей, барлығына ағайындық көзқараспен қарады. Һәм Елбасы мақаласында айтылғандай, түркілердің ареалы Алтай мен Орталық Азия болды. Азия апанынан шыққан азуы алты қарыс алдаспандай көк бөрінің баһадүр бөрілерін бастаған, сол заманда ирандықтармен соғысқан түркілердің ұлы қолбасшысы Алып Ер Тоңға туралы біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасырда шыққан сол аттас дастанда:
Алып Ер Тоңға келеді,
Жүз мың әскер ереді,
Жүз мың жебе кереді,
Жер қайысқан қол еді.
Тәңір сүйіп жаратқан,
Әлемді өзіне қаратқан,
Қаһарын жауға таратқан,
Көк Тәңірінің ұлы еді, – деп Алып Ер Тоңғаның текті түркі екенін тайға таңба басқандай асқақтата әспеттейді.
Көлемі Гомердің «Одиссейінен» бірнеше есе үлкен, әйгілі Әбілқасым Фирдоусидің «Шахнаме» дастанының басты кейіпкері Афрасиаб та осы Алып Ер Тоңға екені белгілі. Түркілердің соғыс өнеріндегі жауынгерлік жанрын құбылысқа, сиқырға балаған Фирдоуси: «Сиқыршылар парсыларға садақ оғын жаудыратын жел мен қара дауылды шақырды» деп жырлайды. Жүсіп Баласағұн түркі батыры Алып Ер Тоңға жайлы: «Тәжіктер оны Афрасиаб атаған, Елдерге ол көп ізгілік жасаған», деп нақтылайды. Ал «Көк бөрі» дастанында он алты ағайынды бауырдың біреуінің анасы бөрі болғандығы, ол ержетіп, екі әйел алып, тұңғышы аса күшті, ержүрек, қайсар болып өскендіктен халық оған «Түркі» деп Алтайға жаңғыртып азан шақырып, ат қойғаны айтылады.
Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым,
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым, – деп сөз сүлейі Сүйінбай Аронұлы жырлағандай, түркілер бөрі текті, бекзада болмысты, алғашқы өркениет пен өнердің авторына айналады.

Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі

…Ертеде Оқыс, Яқсарт-Жейхун, Сейхун,
Түріктер бұл екеуін дария дейтін.
Киелі сол екі су жағасында,
Табасың қасиетті бабаң бейітін, – деп жырлады қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев. Расында, тарихта Жейхун, Сейхун, яғни Әмудария мен Сырдария бойында бәріміз білетін шошақ бөрікті, Тиграхауда сақтары біздің заманымыздан бұрынғы VIII-II ғасырларда Алтай тауының солтүстігінен бастап, Тянь-Шань тауларын жағалай шығыс Алтай тауының батыс сілемдеріне дейінгі, солтүстікте Балқаш көліне және Шу өзенінің аяғына дейінгі аймақта тұрғандығы айтылады. Тарихтың атасы Геродот «азиялық скифтер» деп атаған Тиграхауда сақтарының өркениет биігіне Есік қорғанынан табылған, саф алтыннан сауыт киген текті баба дәулеті-ақ сөзсіз дәлел. Бұл жөнінде қабырғамызбен кеңесіп, тарихқа бойлап жүрген мамандардың да ойын білген едік.
– «Ұлы даланың Түркі дүниесіндегі орны» тақырыбындағы ой-толғауларға пікір айтар болсақ, әрине, сөз саптауымызды ең алдымен, түрік қағандары Күлтегін (732) мен Білгенің (735) құрметіне қойылған ескерткіштердегі жазулардың мән-мағынасын айшықтаудан бастағанымыз жөн сияқты. Осы Орхон жазуларында «Тәңірі аспан мен жерді, осы екеуінің арасында адам баласын жаратты», деп жазылыпты. Қарап отырсақ, асыл дініміз Исламның Түркі жұртына тез-ақ енуіне алғышарттардың әуелден-ақ болғаны анық көрініп тұр. Тіпті ежелгі Түркі әлемін зерттеуші неміс ғалымы И.Бенцинг түрік ауыз әдебиеті негізінде «bir tanri» шағатай тілінде «bir және bar» (дұрысы bar және bir) терминдерінің ертеректе қалыптасқандығына көптеген мысалдар келтіреді. Әрине, аталған зерттеуде Қарахан дәуірінде бұл үрдістің нақты жолға қойылғандығы жан-жақты баяндалады. Ал Күлтегін атауына байланысты айтар болсақ, француз түркітанушысы Луи Базен Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат-ат Түрік» атты еңбегіндегі түсініктемелерге сүйене отырып, Kӧl Teqin жазбасының негізінде Kӧl (көл) сөзінің жатқандығына тоқталады. Мәселен: (Aral qӧli – Арал көлі) немесе (Bay-kӧl – бай көл) Байкал. Дегенмен түрік ғалымы А.Темір Орхон ескерткіштеріндегі аталып отырған сөзді kӧl-qӧl (көл) деп емес, kȕl – от және ошақ деп қарастыру қажет деп есептейді. Несі бар «отбасы және ошақ қасы, қарашаңырақтың негізі», ал отағасы сол шаңырақтың иесі. Қарап отырсақ, ұсынылып отырған болжам Түркі елін билеген Күлтегіннің өмір сүру салтына да, жалпы Түркі жұртын құрап отырған бүгінгі біздердің де салт-санамызға үйлесіп тұр. Менің түп түркілерді өзімізге таңып отыруым кездейсоқ емес. Себебі тарих ғылымы бүгінгі күн көзқарастарын елеп-екшей отырып, «Қазақстан территориясында біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-І мыңжылдықтардан өмір сүріп келе жатқан тайпалардың тек ХҮ ғасырда және қас-қағым сәтте ұлт болып қалыптасуы күмән тудыратындығы, өйткені Орта Азия мен Хуанхэ аралығын алып жатқан алып территорияда өмір сүрген сақтардың, массагеттердің, әрине, кейінгі үйсіндердің және түркілердің тілдері мен әдет-ғұрыптарының бізге дейін сол қалпында жеткендігі, олай болса тегімізді дұрыс түзу жақын болашақтың еншісінде екендігін нақты зерттеулер арқылы айқындайтындығы анық. Осы бағыттағы оң өзгерістерге тоқталсақ, мәселен, дулатитанушы – ғалым Әділхан Байбатша Мұхаммед Хайдар Дулатидың өзі жазып қалдырған деректері негізінде ұлы ғұламаның ататек кестесін ҮІ-ҮІІ ғасырларда өмір сүрген Бәйдібек (Байдыхан) биден бастаса, Бәйдібектің әкесі Қараш хан (530-604жж.) Батыс Түрік хандығын билеуді әкесі, яғни Батыс Түрік империясының ұлы қағаны Естеместен (576 жылы қайтыс болған) мұралағаны туралы гипотезаны ұсынады. Ғұлама бабамыз өзінің «Тарих-и Рашиди» атты шығармасында дулаттар жергілікті қазақ халқының негізгі тайпасы ретінде шығысы – Турфан мен Алтай, оңтүстігі – Тибет, солтүстігі – Сарыарқа, батысы – Мауренахрға дейінгі аймақты қамтыған мемлекетте өмір сүргендіктері және осы мемлекетке билік жүргізгендіктері тұрғысында жазады. Осы орайда арабтардың Әмударияның шығыс беткейінен бері орналасқан халықтарды түріктер деп атап кеткенін еске ала отырып, ондағы 30-дан аса тайпалардың «он оқ бүтүн» бірлестігінде болғандығын айта аламыз. Дегенмен «он оқ бүтүн» әскери-әкімшілік құрылым болатын. Әр «оқ» бір түмен, яғни он мың әскерді сапқа тұрғыза алатын. Олар батыс және шығыс одақтарына бөлініп, мұндағы әрбір түменді «ұлы басшы» бастап, олардың әрқайсысының өз тулары болды. Шығыс жағы «Шері» басқарған дулат тайпаларынан тұрса, батыс жағы «Ұлы еркін» басқарған нүшбилерден тұрды. Тиісінше дулаттар Суябтың шығыс жағында, нүшбилер батыс жағында орналасты, – дейді М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сейдехан Бақторазов.
Осылайша түркілер қазір өзіміздің табанымыз тиіп тұрған текті топырақта Ұлы Жібек жолын даңғылға айналдырып, иен далада инициаторлық қабілет-қуатын әлемге мойындатады.
– Енді сол кезеңдегі жоғары деңгейдегі саяси қарым-қатынастарға келсек, түркілердің өздерінің жаугершілік жорықтарына кедергі келтірген Иран шахына қарсы күресте Византиямен одақтасқандығын айтуға болады. 567 жылы осы мақсатта Константинопольге түрік елшісі Маниах келеді. Әскери одақ туралы мәміле византиялық елші Земархтың Алатау бөктеріндегі қағанның ордасында жасалынады. Жалпы, византиялық тарихшы Менандрдың айтуы бойынша, 568-576 жылдар аралығында Түрік еліне 7 византиялық елші келген. Елшілер құрамында түріктер, соғдылар, хорезмдіктер де болған. Мәселен, 576 жылғы Валентин бастаған елшілік құрамында әркездері келіп, Константинопольда қалып қалған 106 «түрік» болған. Басым көпшілігінде олар «Жібек жолының» саудасын қыздырып жүрген саудагерлер болатын. Ал «түрік» деп отырғандарымыздың басым көпшілігінде өзіміздің рулас бабаларымыз екендігін жоғарыда айттық. Әрине, қазіргі кезде қолда бар осындай ұғынықты да ұстанымы пайымды деректер ғылыми айналымға тез еніп, осы тұрғыдағы шетелдегі деректер де қолымызға тезірек тиіп, зерттеліп-зерделенсе, тарих ғылымындағы оң өзгерістерге сапалы әсері болары сөзсіз, – деп қорытындылады өз сөзін Сейдехан Уәлиұлы.

Тараз – түркі әлемінің алтын діңгегі

Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ел-жұртынан айырылған жаман екен,
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді…
Осынау Қожабергеннің жыр қынабынан шыққан деген тарихи эпопеялық «Елім-ай» дастанындағы тас бесік, қарт Қаратау не көрмеді десеңізші. Осы Қаратау бөктеріндегі Тәңірқазған мен Бөріқазғаннан ең алғашқы адамдардың еңбек құралдары табылғаны да һәм ол шындықты сұңғыла тарихшылардың мойындауы да бекер емес. Аңыздағы Хауа ананың дәм татқан жемісі алма десек һәм алманың отаны Ұлы дала екенін ескерсек, Бөріқазғаннан табылған ең алғашқы адамдардың еңбек құралдары еріксіз терең ойға жетелейді. Қаратау бөктерінде ғасырлар бойы жеміс беріп тұрған жабайы алмалардың жұрнағы әлі де бар. Хош, сонымен, түркілер үшін бұл өлкенің аспаны тәж, топырағы тақ болғанын растайтын деректерге назар аударсақ. Бұл туралы мамандардың да ойы маңызды.
– Тағылымды тарихы мен өрелі мәдениеті ерте кезеңдерден-ақ талайлардың таңдайын қақтырып, тамсандырған Тараз өлкесінің шежіресі әрқайсысымызды бейжай қалдырмасы белгілі. Қойнауы құт, жері дархан бұл өлкенің өзіндік ерекшелігі мен тарихы туралы талай ғалымдар тер төгіп, жыршылар мен ақындар өз шығармаларына арқау еткен. Қазіргі кезде Қырғыз Алатауы мен Жамбыл облысы, Меркі ауданының территориясында сақталып қалған түркілер мәдениетін әлемге танытып, мақтан тұтуға болады. Қазақстандық ерекше табиғи және мәдени мұра ретінде Меркідегі түркі ғибадатханасы ЮНЕСКО номинациясы тізіміне енген. Ортағасырлық Жетісу түркілері табынып, сыйынатын және әдет-ғұрыптары бойынша салт-жоралғыларын өткізетін орын ретінде шалғынды Аралтөбе, Белсаз, Сандық, Сұлусай, Сулысай, Шөлсай, Қарасай секілді тау қыраттарын таңдаған. Әрбір аңғарға ғибадатханалар салып, түркілер табынып, құрбандық шалуы үшін тас мүсіндерін орнатқан. Бұл өлкеге жүргізілген археологиялық зерттеулерімен қатар, экологиялық тексеру жұмыстары да жүргізілді. Биік таулы аймақтың флорасы мен фаунасы құрамын талдау бұл жерде табиғи сирек кездесетін өлке деп қорытынды жасауға мүмкіндік берді. Жуалы ауданының Теріс өзенінің алабы ежелден Мыңбұлақ аталғандығын білеміз. Мыңбұлақ туралы алғашқы деректі біз Қытай жиһангер-сопысы Сюань-Цзяньнің 630 жылдар шамасында жазған сапарнамасынан келтіреміз. Ол қазіргі Жамбыл облысының батыс шетіндегі Мыңбұлақ өңірінің жанға жайлы екендігін тамсана жазып, оны жаздың ыстық айларында Түркі хандары Түркібасыдан келіп жазғы мекені ететінін баяндайды. Хан ордасы орналасқан Түркібасы мен оның шығыс жағындағы Мыңбұлақ жалғасып жатқан мекендер, арасы 35-40 шақырым ғана. «Бұл жерге Ызбарлы хан (Естемес ханның бесінші ұрпағы) 651 жылы атасының жазғы мекені Мыңбұлаққа арнайы қала салдырып, ордасын тікті», деп көрсетілген. Бұл мәліметтер Л.Гумилевтың «Көне түркілер» атты кітабында, Қазақстан тарихының 1-томында, сол сияқты Жамбыл облысының энциклопедиясында да жа­зыл­ған. Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» ро­ма­нын­да түркілердің хан ордасының осы Мың­бұлақ­қа көшіп келіп, Ақ ордасын ор­на­тып, сыр­най­латып-кернейлетіп, сауық-сай­ран өмір сүретіндігін және елік асырап, саят құрғандығы жайлы жазған. Мәдениет пен өнердің сан алуан түрі тоғыс­қан Орта Азия аймағы – ертеден-ақ Шығыс пен Батыс ел­де­рі­нің назарында болып кел­ген мекен. Орта ғасырлардың өзінде елі­міздің шығысынан қытайлар жаулауды бастаса, батыста Араб империясының көз құртына айналған еді. Себебі шығыс пен батысты байланыстыратын Ұлы Жібек жолы мен табиғи байлықтар, сәулетті қалалар мен мал-жанға жайлы жерлерді иелену кімді де болса қызықтырмай қой­май­ды, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз мем­ле­кет­тік университетінің доценті, педа­го­ги­ка ғылымдарының кандидаты, «Үздік өл­ке­тану­шы» төсбелгісінің иегері Дархан Байдалиев.
Көз жетпес көкжиекпен замандас көне ғасырларда Тәңірғұт, яғни Тәңір құт дарытқан (Город Бога) Тараз қаласы өңірдің ғана емес, жалпы қазақ тарихына, түркілер тағдырына қатысты талай ақиқатты құм астында жасырып жатқаны жасырын емес.
– 751 жылы араб әскері Шу-Талас аң­ға­рын­да жатқан Атлах, Тараз қала­ла­ры­ның ір­ге­сіне ат басын тірейді. VІІ-VІII ға­сыр­лар­да Орталық Азияның тарихында түр­кі тай­па­лары өзара қақтығысын сәт­ті пай­да­лан­ған Таң империясы Түргеш қа­ға­на­ты­ның иелігіндегі аймақтарды басып ала­ды. Араб­тар Орта Азияға жорықтары бары­сын­да қытай­лық­тармен шиелініске тап болады. Нәти­же­сінде 751 жылы қазіргі Талас өзенінің аң­ға­рын­да ірі шайқастардың бірі болған. Қытай әскерінен теперіш көріп отырған түр­геш­тер мен қарлұқтар арабтар жағында бо­лып, жеңіп шығады. Аталмыш соғыс тарих­та «Атлах шайқасы» деген атпен қа­ла­ды. Бұл соғыс жайлы әл-Макдиси өз ең­бе­гін­де: «Бес күнге созылған бұл соғыста Қытай әскерінің 45 мыңы өліп, 20 мыңы тұт­қын­ға түсті», – деп жазады. Қытайдан те­пе­ріш көріп отырған түргеш­тер мен қар­лұқ­тар арабтар жағында болды. Жалпы Атлах, Талас шайқасының тарихи маңызы зор. Себебі осы шайқастан соң Таң империясының Орта Азияға бағыттаған шапқыншылық саясатына нүкте қойды. Қытай империясының Шығыс Түркістандағы әскери бекіністері түгелімен жойылды. Орталық Азияның тарихи, мәдени және саяси картасы өзгеріске ұшырады. Өлкемізде ислам өркениеті жаңа арнада қанат қағып, ғылым мен білімнің дамуына даңғыл жол ашылды, – деп түйіндеді бізге берген пікірін Дархан Дәулетжанұлы.
Қарап тұрсақ, сонау түркілердің байлығы жәдігерге, ізі мұраға, өнегесі аманатқа айналған Жамбыл өңірінде араға ғасырлар салып, қазақ хандығының іргетасы қаланды. Әйгілі Жүсіп Баласағұнның түркі мәдениетінің ұлы да ұлағатты әдеби ескерткіші «Құтты білік» дастанын құт қонып, бақ дарыған осы топырақтағы Баласағұн шаһарында жазғаны да тегін емес.
…Жарқылдаған от пен
Сарқыраған судың ішінде
Ержеткен –
Көк тәңірінің оғландары
Бүкіл түрік жұртының
Арландары мен қабыландары,
Бумын қаған мен
Істемі қаған таққа қонды.
Елімді ел етемін деп,
Жерімді көгертемін деп
Оттай асау,
Оқтай ұшқыр
Атқа қонды.
Ормандар аңға толды.
Өрісі малға толды, – деп тасқа таңбаланған Күлтегін жырында да көк пен жерден кейін жаралған адамның һәм оның түркілік тұрпаты анық суреттеледі.

Нұржан Қадырәлі

ПІКІР